• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Тарих 22 Наурыз, 2020

Қыдыр ата: аңыз ба, әлде ақиқат па?

6708 рет
көрсетілді

Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша «21 наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен» деген сенім қалыптасқан. Жаңа жылға, жаңа күнге, жаңа таңға сәлем жасау, жаңа нұрға шомылып, жан мен тәнге қуат алу уақыты – осы наурыз айының 21-нен 22-не қараған түнді халық «Қызыр түні», яғни «ырыс түні» деп атаған. Бұл түні адамдар ұйықтамай, жаратқанға құлшылық жасап, ырыс пен береке, ынтымақ пен бірлік тілейді.

Байырғы қазақ елінің Наурызды қарсы алуындағы ежелгі наным-сенімі бойынша, дәл осы кеште даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті қазақ үшін Наурыз түні «Қызыр түні» аталып, қасиетті са­нал­ған. Ал осы «Қызыр түнінде» ел ара­лай­тын Қыдыр атаның қазақ өміріндегі орны қандай? Бұл қаншалықты дұрыс? Жал­пы, адамдарға дәулет дарытып, бақ қон­дырады дейтін ізгі сеніммен астасып жата­тын аталған әулие бейнесінің қазақ өмі­ріндегі орны қандай? Қыдыр ата аңыз ба, әлде ақиқат па?..

Этнографтардың пікірінше, Қыдыр – ел аралайтын адам бейнесіндегі «әулие», адамдарға қамқоршы, «дәулет» беруші екен. Ескі наным бойынша, әрбір нәрсенің иесі болады-мыс. Мысалы, олар түрлі адам, аң-құс, жәндік бейнесінде ел кезіп жүреді дегендей сенімнен туған «құт», «дәулет», «ырыс» ұғымдары. Сондай наным тудырған кейіпкердің бірі – осы Қыдыр ата – бүкіл халықтың қамқоры, олар­ға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлау­шы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы. Ол Ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атаның жолын күтіп, өздерінің жа­нын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші-сыртын, қора-қопсыны тазартып, ағаш егіп, көшет отырғызып, өсімдікке су құяды. «Жаңа жылда мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деп сеніп, Наурызға дейін үй ішіндегі мүлік, жиһаздардың шаңын сүртіп, жуып, төсек орынды, киім-кешекті сыртқа шығарып қағып-сілкіп, бәрін де тазартып қоятын болған. Бұрындары қазақтардың Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықтан аттап, үйге енгенінде оның іші жап-жарық болып тұрсын деп, төрге қос шырақты жағып қоятыны және бар. Жұрт мұндай үйге Қыдыр ата түнеп немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындай игі сенімнен шықса керек.

Қызыр түні құт қона ма?

 Кітап деректеріне сүйене отырып, Қызыр сөзін қазақшаға аударсақ, «жасыл адам» деген мағына береді екен. Яғни «Хадар» – арабша жасыл деген сөз. Ал «Хад­рауат» – жасыл көкөністер дегеннің бала­масы. Наурыз түні ел кезіп жүретін әулиенің Қыдыр деп аталуы­на бұдан өзге де бірнеше дәйек­те­ме­ бар. Атап айтар болсақ, егер Қыдыр ата бір жерге отырып, кейін ол жерден тұрып кеткенде, әлгі отырған жері жап-жасыл болып қалады делінсе, бір деректерде ол кісі жасыл киім киіп жүруі се­бепті де жасыл адам, яғни Қыдыр деп ата­лып кеткен екен деген болжамдар айтылады. Ал бұған белгілі этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» атты еңбегінің 228-бетінде былай деп түсінік береді: «Байырғы салт-жора бойынша қазақ арасында Ұлыс тойы түн ортасы ауа басталады. Бұл түн – «Қызыр түні» деп аталады. Халықтың наным-сенімінде Қызыр (Қыдыр) қасы-көзін жапқан қарт адам болса керек. Қызыр атаны Бақ жетелеп жүреді екен дейді. Ұлыс тойының таңын көзімен атыруы үшін Қызыр ата түн ортасы ауа дала кезеді. Қызыр түнін ұйықтамай өткеру үшін ауыл жастары алуан түрлі ойын ұйымдастырып, «Қызыр назарын аударып бақытты боламыз», деп небір тосын тамаша-қызықтар көрсетеді...».

Бір зерттеушілердің айтуынша, күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 00:06-да себезгілеп атқан кезде Жаңа жыл туады. Біздің өңірімізде бұл сәт таңғы сағат 00:03-ке тұспа-тұс келеді екен. Сол себепті қазақ халқы Ұлыстың ұлы күні – Наурызды, Жыл басын наурыздың 22-сі күні таңғы сағат 00:03-те қарсы алады. Яғни Жаңа жылды ұйықтамай ақ тілек, ақ ниетпен қарсы алу үшін қызық думан құрып, арнайы салт-дәстүрлерді орындап, жыл басын қарсы алуға ерекше дәм әзірлеп, айрықша дайындалған десе, қос ғалым Г.Селезнев пен А.Селез­не­ва­лар­дың пайымдағанындай, Қызыр ата жиынтық бейне ретінде көрсе­ті­леді. Ол антропоморфтық түрдегі бейне тү­рінде түйе жетектеген аппақ киімдегі әулие болған деп суреттейді. Оның бейнесі жармақ тәріздес: деректі һәм дерексіз. Ал Орталық Азияда Қыдыр ата жер өңдеу, егін­шілікпен тығыз байланыста болған деген деректер де келтіріледі. Яғни егістік алқабын қо­лымен аялап, бар мейірін төксе, сол жылы өнім мол болады деген сенім қа­лып­тасқан. Кейбір деректерде Қызыр жан-жануарлардың да жебеушісі ретінде ғұмыр кешеді деген наным бар. Егер адам ұлыс күні аппақ мысық, болмаса аппақ итті көрсе, ол да Қызыр атадан келген шапа­ғат, нұр деп қабылданған.

 Қыдыр ата мен Қадыр түні бір ұғым ба?

Енді көркем әдебиетке келетін болсақ, халық ертегі, жыр-дастандарында және жалпымұсылмандық ұғымда Қыдыр ата бейнесі деректі де, дерексіз де, яғни ақи­қаттық та, аңыздық та бейнеде келе береді. Деректі кейпінде желмаясын жетек­теген жиһанкез, абыз ақсақал, халыққа дұрыс жол нұсқаушы кемеңгер қария кей­пінде көрінсе, дерексіз кейіпте әулие, жо­ға­ры­дан аян беруші, жақсылықпен жа­рыл­­қаушы болып суреттеледі. Мәселен, «Алпа­мыс батыр» жырындағы Шашты Әзиз­­дің образы да осы Қыдыр атаның фе­­номені деген болжамдар бар. Яғни Қыдыр ата – жақсылықтың нұсқаушысы ре­­тіндегі символикалық бейне. Сондықтан жо­ғары­да ғалымдар тарапынан айтылған пікір­лерден түйеріміз – Қыдыр ұғымының астарында исламға дейінгі мифтік бейнелермен астасып жатқан әлі де құпиясы ашылмаған күрделі образ жасырынып жатыр.

Орайы келгенде айта кетерлік және бір жайт – көпшілік қауым арасында «Қыдыр ата» мен «Қадыр түнін» шатас­­­ты­рып жататындар да жиі кездеседі. Алайда, деректік тұрғыдан зерделегенде, Қыдыр ата мен Қадыр түні екеуі екі бө­лек нәрсе. Қыдыр түні Наурыз айын­да туса, қасиетті Рамазан айының соңғы он тақ түндерінің бірі – Қадыр түні деп ата­лады. Қадыр түні көбінесе қасиетті ай­дың 27-ші түніне сәйкес келеді. Сон­дық­­­тан бұл түнде Қыдыр ата келеді де­ге­­ні­­міз негізсіз пікір екен. Қасиетті Құ­ран Кә­рімдегі: «Негізінде Құранды Қадыр тү­нінде түсірдік. (Мұхаммед с.а.с.) Қадыр түнінің не екенін білесің бе? Қадыр түні мың айдан қайырлы. Пе­ріш­­телер мен Жәбірейіл періште ол кеште Раб­быларының рұқсаты бойынша бар­лық іс үшін (Жер бетіне) түседі. Ол бей­біт­шілік кеші (болған қадыр түні) таң рауан­дағанға дейін жалғасады», деген пікір­лермен астасып жатқан, яғни Ра­ма­зан айының тақ жұлдызында туатын қасиетті түнінде Қыдыр атаның емес, періштелердің түсетіндігі жайындағы аяттар осы ойымызға дәлел бола алады.