• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 25 Наурыз, 2020

Індеттен туған міндет

381 рет
көрсетілді

Бүкіл дүниені дүрліктірген қауіпті індет барлық саланы сарсаңға салды. Соның ішінде білім беру саласы да жұмыстың жаңа форматына көшіп, жаңа кедергілермен күресуді бастады. Бәріміз білетіндей, 16 наурыздан бастап елімізде төтенше жағдай жарияланып барша студенттер қашықтан оқуға көшті. Ахуал қалай, проблема қандай, шешім қайсы? Сараптап көрелік.

Ахуал 1. Өзіміз де үйде жұ­мыс істеп отырғандықтан сту­дент­термен кездесіп, пікірін көз­бе-көз ала алмадық. Сол се­бепті таныс-тамырды ортаға са­лып, колледж студентінің телефон нөмірін таптық. Оңтүстік өңір­дегі кәсіптік-техникалық білім ордасының 4 курсында оқи­­тын ізденуші: «Сабақты колледжіміздің біраздан бері бар плат­формасы арқылы оқып жүр­міз. Оқытушыларымыз жаңа тақы­рып пен тапсырмаларды сонда салады, біз 24 сағаттың ішінде түсін­генімізді өз сөзімізбен Word бағдарламасында жазып, орын­даған үй жұмысымызды порталға жүктейміз. Біз негізі түстен кейін оқимыз. Ал қазір тапсырмаларға таңертеңнен тұратындықтан, қалаған уақытымда орындай аламын. Бірақ телефонмен жазған соң, теріп отыру оңай болмай тұр. Әрине оффлайн оқығанға жетпейді. Өйткені кері байланыс болмайды және қазір онлайн режімде лекция тыңдап жүрген жоқпыз. Болашақта болатын шығар. Бірақ оқытушылар видео-сабақтарын сайтымызға салып қойған», деді.

Проблема 1. Біз жағдайдың жай-жап­сарын баяндауды сұраған сол студент жауабының жар­ты­сын телефонның арғы жағын­дағы автобус пен ондағы жолау­шы­лард­ың дабырлаған даусынан дұрыс­тап айта алмай, үйіне жеткенде толықтырды. Сонда оған үйде оқу үйдегі карантинде болу үшін берілгенін есіне салып, неге көп­шілік орында жайбарақат жүр­генін сұрағанымызда демін ішіне тартқан үнсіздікпен жауап берді.

Еліміздегі барлық колледж қашықтан оқытуға дайын еместігі белгілі. Мұны Білім және ғылым министрлігі де ашық айтты. Десе де мүмкіндігі жеткілікті, электронды құжат айналымы толық қалыптасқан, өз платформасы бар колледжде студенттер ноутбук, компьютермен толық қамтыл­маған. Телефонмен тапсырма орын­дауға мәжбүр.

Шешім 1. Алғашқы проблемадан студенттер арасында карантин мен төтенше жағдай талаптарын сақтау, сондай-ақ жеке адам ретіндегі жауапкершілікті сезінуі үшін жүргізілетін түсін­діру жұмыстарының әлі де кем­шін екенін көруге болады. Проб­леманың үлкен-кішісі болмайды десек, неліктен оқытудың мұндай форматқа көшірілгенін түсінбеген, оқу уақытын көпшілік жерде өткізуге арнаған адам достарының жиналуына да түрткі болуы мүмкін. Бұл білім сапасын төмендетіп қана қоймай, төтенше жағдай талаптарын ашық сақтамаудың салдарынан қауіпті күшейтуге әкеліп соқтырады. Мұндайда қайтпек керек? Елордадағы Жоғары сау­да-экономикалық колледжінде оқы­тушы болып еңбек ететін Әсел Сыздықова: «Қазір расы­мен сын-сағатта тұрмыз. Студент­терді жатақханада ұстап отыра да ал­майсың, өйткені бір ваннаны қол­данады, бір бөлмеде кемі 4-еуі тұрады. Бұл жағдайда керісінше қауіп күштірек. Жан-жаққа кет­кендерді бақылау одан да қиын. Сол себепті өзім сияқты кура­торлықты қоса атқарып жүрген әріптестеріме, әсіресе колледжде істейтін педагогтарға ата-анамен тығыз қарым-қатынас орнатуға кеңес беремін. Өзім нәтижесін көріп келемін. Осы уақытта көп студенттер отбасында, үйде отыр. Сондықтан оларды ата-аналарымен бірге қадағалауды күшейту керек. Өйткені колледж студенттері арасында кәмелетке толмағандары да бар», дейді.

Екіншіден, аудио мен видео жаз­баларды жіберуге және бір мезгілде 100 адамды эфирге қосуға мүмкіндік беретін ІТ өнімдер тұр­ғанда, Word бағдарламасында мазмұндама жазып отырудың қаншалықты қажеті бар? Теле­фонмен-ақ WhatsApp желісі­нен жеткен видеоларды көріп, ондаған аудиоларды тыңдап отырмыз. Педагогқа да көз майын тауысып, студенттің мәтінін оқып отырғаннан гөрі аудио-видео форматтағы жауапты тыңдау әлдеқайда жеңіл. Көлемі үлкендеу болса, Google дискіге сақтап, сілтемесін жолдаған жөн. Иә, тестті құжат толтырғандай орындауға болар, бірақ студенттердің бәрінде бірдей компьютер немесе ноутбук бола бермейтінін ескерген абзал.

Ахуал 2. Астанадағы медици­на­лық университеттің жоғары курсында оқитын көрші (аты-жөнін көрсетпеуді өтінген) қыз­бен әлеуметтік желі арқылы сөйлес­тік. Ол керісінше қиналып жүр. «Себебі күні бойы компьютер, телефонмен жұмыс істеу тез шаршатады. Кейбір оқытушылар ұзақ лекциясының өзінде керісінше күш-қуат береді. Ал құрылғының алдында күні бойы отыру қажытып жібереді. WhatsApp әлеуметтік желісін және Zoom платформасын қолданамыз. Емтиханды Moodle қосымшасы арқылы тапсыратынымызды айтты. Бірақ оның қандай нәрсе екенін әзірге білмеймін. Бұған дейін таңғы сағат 8-ден түске дейін сабақ оқитынбыз. Ал қазір кеш, күн, таң демей, компьютерімізді құшақтап жұмыс істеуге мәжбүрміз. Өйт­кені бітпей қалған тапсырмалар бар, интернет айналып тұрып ала­ды, оқытушылар кейбір жұмы­сы­мызды қайтадан түзеуге жібереді. Басқаларында қалай екенін біл­меймін, біздікі медицина саласы болған соң, жаңа лекцияны өзің оқып, түсініп алу қиын. Түсінбегенімізді топтағы студенттермен бірге талқылайтынбыз», дейді аудан орталығынан хат жолдаған болашақ дәрігер.

Проблема 2. Студенттің сөзі­нен байқалғанындай, ол емтихан тапсыратын қосымшаның қандай екенін білмейді. Бұл ізденушінің ғана емес, ЖОО-дағы алдын ала дайындықтың, студенттермен жүйелі жұмыстың әлі де жетіспей жатқанын көрсетеді.

Шешім 2. Студент үшін емти­ханның маңызы зор. Өйткені оның қорытындысы дипломға түседі. Емтиханның әділ бағалануы да маңызды. Себебі бұл өз кезегінде кейбір жұмыс берушілердің жұ­мысқа алуында немесе түлектің оқуын одан әрі жалғастыру мақ­сатында грантқа таласқанында шешуші рөл ойнайды. Ал емти­ханды қосымшамен тапсыру қан­­шалықты ашық немесе студентке ыңғайлы жағдайда өтеді? Мұндай сұрақ тумауы үшін жалпы қашықтан оқытудың талаптарын сақтаған дұрыс. Мәселен, отандық университеттер біраз жылдан бері колледж түлектерін бакалавр бо­йынша қашықтан оқытады. Кейбір ЖОО-да, мәселен, Назарбаев университетінде магистратураны да қашықтан оқуға болады. Бірақ барлығында студент емтиханды міндетті түрде оқу орнына барып, оқытушының алдында тапсыруы тиіс. Себебі оны үйіндегі немесе жанындағы біреу тапсырып бермесіне кім кепіл? Оқытушы көріп тұрған жоқ қой. Сондықтан емтиханды қазіргі шетелдік ЖОО-дағы секілді кейінге қалдыру қажет. Мысалы, жазғы емтиханмен бірге тапсыруға болады.

Ахуал 3. Ұлттық универси­теттің бірінде 2 курста оқитын Сандуғаш Маралбай жоғарыда аталған проблемалардан ада екенін айтады. ЖОО-ның бұрын­нан жұмыс істейтін платформасы ыңғайлы екен, интернеттен қиындық жоқ және Zoom арқылы оқытушылар сабақты жақсы түсіндіреді. Тек қашықтан оқытуда студенттер бір-бірінен көшіруге шебер болып бара жатқан көрінеді. «Тапсырманы жіберетін студенттер де, оны тексеретін оқытушылар да жөнді жұмыс істеп жүрген жоқ. Тобымызда бірінің орындап жібер­ген тапсырмасын екіншісінің көші­ріп жолдай салғанына реніш­терін білдіргендер көбейді. Қате­сіне дейін көшіріп алып, ұялмай са­лып қоятынын қайтерсіз. Өйт­кені біз қолданатын жүйеде «жауап­тар» деген чат бар, ондағы жұ­мыс­тар мұғалімдерге ғана емес, сту­денттердің бәріне көрініп тұра­ды. Бұған қоса бүгін өткен тақырып­тың тапсырмасын сол күні кешке дейін жіберуіміз керек. Көңілге тоқу түгілі миымыз қорытып үлгере алмай жатыр. Бұрын 1 пән апта­сына 3 рет өткеннің өзінде арасында 1 тәулік ойлануға, оқуға, түсінуге мүмкіндігіміз бар еді», деді С.Маралбай.

Проблема 3. Кейбір студенттер қашықтан оқуды кезіндегі сырттай оқумен бірдей көретін сияқты. Өз шаруаларын бітіре жүріп диплом ала салатындай. Қашықтан оқытуға деген сал­ғырт­тықтың соңы сапасыз білімге алып келуі мүмкін. Бұл талабы мықты, жемісті жұмыс істеп тұр­ған электронды жүйесі бар ұлт­тық уни­верситеттегі жағдай екенін ескерсек, басқасында қалай болмақ?

Шешім 3. Студенттер бір-бі­рі­­­­нен көшіріп алмас үшін оқы­ту­­­­шы­лар жаңа жүйе ойлап таппаса да тап­­сырманы қабылдау­­­­дың ж­а­­­­­ңа­­ша жолын енгізуі ке­рек-ақ. Л.Гу­­­­­ми­лев атын­дағы Еу­р­а­­зия ұлттық уни­­­вер­­си­тетінің аға оқы­ту­­­­шы­­­с­ы Ақ­ма­рал Нияз­­­бекова жа­ңа фор­­­­­матта оқуға көш­­кен

1 ап­таның ішінде студенттердің бір-бірінен көшіретіні анық бай­қалғанын жеткізді. «Бір аптада бірден білінді, көп студенттің бі­лім деңгейінде бұрынғыдан 1 са­ты болсын төмендеу бар. Дәл қа­зір студенттердің үй жұмысын тек­серіп отырмын. Екі ізденушінің тапсырмасындағы мәтіні ғана емес, азат жолдарына дейін бірдей. Мұндай проблеманы тікелей эфирге шығып қана шешуге болады. Сол үшін Zoom арқылы СӨЖ (студенттің өзіндік жұмысы) қабылдауға дайындалып жатырмын. Онда студенттерді көріп, қадағалап, кері байланыс орнатып әрі жауаптарын сол сәтте қабылдап алуға болады», дейді. Оқытушының ойынша, көп нәрсе студенттің санасына байланысты. Оффлайн оқып жүргенде сабаққа салғырт қарағандар қазір де сол қалпынан айнымаған, сәйкесінше үздік ізденушілер қалайда жолын тауып, қиналса да тапсырманы жүйелі орындауға жанын салып жүр. Сол себепті студенттерін бұрыннан білетін, жан-жақты зерттеп алған оқытушы әділ бағалаудан танбайды деп түйеді.

Ушыққан жағдайдан проблема туады. Ал проблема бар жерде оның қандай да бір шешімін де шығаруға болады-ақ. Мәселе оны тек күрделендіріп алмауда, маңыздысы түйткілдің түйінін тарқатуға тырысуда болса керек. «Жау жағадан алғанда, бөрі – етектен» дегендей, төтенше жағдай жарияланғанда індеттен туған міндет те оңай оңайға соқпай тұр...