• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Таным 25 Наурыз, 2020

Оффлайн білім беретін платформалар

332 рет
көрсетілді

Осыған дейін сіздерге интернеттегі пайдалы дереккөздерді, ашық университеттер мен тегін курстарды ұсындық. Бірақ оның барлығына интернет-тариф керек, яғни мұның барлығын онлайн режімде оқуға болады. Сол ақпаратттарды оқыған кезде өзіңізде интернеттің жоқ екені есіңізге түсті ме? Оның да шешімі бар. Бұл – үйдегі оффлайн білім. 

 

Иә, карантин кезінде үйде жатып онлайн ғана емес, оффлайн режімде де білім алуға болады. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жұмыстарымен айналысатын ЮНЕСКО ұйымы әлемдегі ахуалға байланысты проблеманы ескеріп, қашықтан оқудың бірқатар шешімін ұсынды. Соның ішінде бізді елең еткізгені – интернетсіз де білім алуға мүмкіндік беретін платформалар тізбегі болды. Мәселен, Ustad Mobile – смартфон, планшет және компьютер секілді кез келген құрылғымен интернетсіз қосылуға болатын сенімді, ашық көзі бар мобильді оқу бағдарламасы. Бастысы тіркеліп алу керек, содан соң оффлайн болсаңыз да викториналар, мәтіндер, суреттер, аудио және бейнелермен жұмыс істейтін интерактивті оқу мазмұнын әзірлеп алуға мүмкіндік береді.

Калифорния штатының Пало Алто қаласында орналасқан әлеуметтік кәсіп­орынның Cell-Ed оффлайн платформасы дәл қазіргі уақытта үлкен іс атқарып отыр деуге болады. Аталған платформаны қолданушылар интернетке қосылмаса да, түрлі қымбат абоненттік тарифі болмаса да ондағы сабақтарды қалаған уақытында, кез келген жерде тыңдап, түйгенін мәтіндік хабарлама арқылы жазып, сабақ жүргізушімен тілдесе алады. Cell-Ed «Жұмыс күші», «Ересектерге арналған білім», «Денсаулық сақтау», «Халықаралық даму» атты 4 бағытта білім беруді көздейді. Алғашқы бағыты бойынша әр түрлі саладағы қызметкерлер жұмыс істеуге қажетті қарапайым дағдыларын дамытса, «Ересектерге арналған білім» арқылы ағылшын тілін жетілдіре алады. Осы бағыттағы жұмыстың нәтижесі компания сайтында: «Біз қолданушылардың ағылшын тілін 10 пайыздық түсінуімен сабақ бастайтынын көрдік, ал емтиханнан кейін 80 па­йыз немесе одан жоғары деңгейге жетеді. Cell-ED – АҚШ-ғы барлық ағылшын тілін сауаттылыққа үйретудің алтын стандарты», деп көрсетілген. Платформаның білім алушылары «Денсаулық сақтау» бөлі­мі бойынша кәдімгі ағзадағы қанттың мөл­шерін өлшеуді, алғашқы көмек көр­сетуді үйрене алса, соңғы бағыт іздену­шіні жаңа ұрпаққа тең құқықты әлем құруына сенімдік сыйлап, мүмкіндік беруге баулиды.

Ал оффлайн режімде әмбебап білім беруге арналған «Kolibri» қосымшасы қолданушысына 10 түрлі тілде кітапхана қорын, оқу бағдарламаларын, сабақтар мен бағалау сияқты ресми білім беру материалдарын және кітаптар, ойындар, модельдеу сияқты зерттеу материалдарын ұсынады. «Kolibri» қосымшасын интернеті бар жерде жүктеп алсаңыз болғаны, қалған уақытта кез келген жерде оффлайн қолжетімді.

Бейресми деректерге сүйенсек, әлемде 4 млрд-тан аса адам интернетке қол жеткізе алмай отыр. Демек, адамзаттың жартысынан көбі цифрлы революциядан артта қалған. Сондықтан бұл платформалар мен қосымшалар төтенше жағдай жарияланған елдер немесе карантинге жабылған қалалардың халқына, әсіресе интернет сатып алуға мүмкіндігі болмай жұмыссыз, жалақысыз қалған жандарға үлкен көмек болмақ.

 

P.S.: «Қазақ – қашанда Жаратқаннан жақсылық дәмететін, тіпті қауіп-қатердің де қайырын күтетін халық. Бүгінгі ұрпақ жаңа қатер кезінде қорғанумен қатар уақытын үздіксіз білім алуды жемісті жалғастыруға, өзін жетілдіруге арнайтынына сенеміз.