Батыс Қазақстан облысында коронавирус індеті өршіген 1 «А» тобындағы елдерден келген 23 адам арнайы оқшауланып, карантинде жатыр. Сондай-ақ 1 «Б» категориясы бойынша 76 адам үй карантинінде, арнайы емханалар мен медицина қызметкерлерінің бақылауында.
Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев өңір тұрғындарынан төтенше жағдай режімін бұзған дүкен-кафелер туралы ақпаратты 87000109109 нөміріне Whatsapp желісі арқылы жіберуді сұрап, мәлімдеме жасады.
– Төтенше жағдайға байланысты өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы өсіп кетпеуі үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатырмыз. Кәсіпкерлік нысандарымен тығыз қарым-қатынас орнаттық, тауар бағасы бақылауда. Төтенше жағдайдың алғашқы күндері, яғни өткен аптада Орал қаласында картоп бағасы өскені рас. Кейбір азық-түлік Оралға негізінен шетелден келеді. Біз негізінен көтерме саудамен айналысатын кәсіпкерлермен жұмыс істеудеміз. Қазір бәрі қалыпқа келді. Алаңдауға негіз жоқ, – дейді облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Құланбаев.
Батыс Қазақстан облысы мен Ресей Федерациясының арасында Сырым, Тасқала, Шаған, Ақсай, Жәнібек және Орда деп аталатын 6 автокөлік өткізу бекеті бар. Облыстық Мемлекеттік кіріс департаменті экспортты бақылау басқармасының басшысы Ерболат Ғайнешовтың айтуынша, бұл бекеттер штаттық режімде жұмыс істеп тұр. Үкімет қаулысына орай көлік тасқыны негізінен Тасқала мен Сырым шекара бекетінен өтуде. «Шекарада кезекте тұрған көлік жоқ. Төтенше жағдай жариялаған кезде тәулігіне 1300-дей көлік өтіп, аздаған қарбалас болғаны рас. Қазір тәулігіне 800-дей автокөлік өтуде.
Елімізде өте қажетті жеке медициналық қорғаныс құралдарын шекарадан шығармау тапсырылған болатын. Облыс аумағындағы кеден бекеттерінде осындай үш оқиға кездескен. Ресей Федерациясы аумағына медициналық қолғаптарды, басқа да жеке қорғаныш құралдарын көп мөлшерде алып өтпек болған үш автокөлік кері қайтарылған.
Өңірде медициналық бетперде тапшылығы әлі сезілуде. Көптеген дәріханадан бетперде табу мүмкін емес. Алайда М.Арыспаев Орал қаласында 7 кәсіпорын медициналық маска тігуге кіріскенін, тағы бір жергілікті фирма тері антисептигін шығарып жатқанын айтып, тұрғындар сұранысы жуық арада қанағаттандырылатынын айтады.
Батыс Қазақстан облысы