• RUB:
    5.18
  • USD:
    515.25
  • EUR:
    535.91
Басты сайтқа өту
Өнер 26 Наурыз, 2020

Бекіре бейнелі көпірдің сәулетшісі

808 рет
көрсетілді

Айдынды Есілден орын тепкен жаңа көпір қос жағалауды ғана емес, арайлы таңдар мен қызықты кештерді жалғап, сұлулық әуенін әуелетіп жатқандай. Көпірдің дөңестене біткен бүйірі су бетіне көтерілген балықтың жон арқасындай алуан өрнекке толы. Табалдырығына аяқ басса болғаны бейне бір алып балықтың ішіне жұтылып кеткендей сезінесіз. Балықтың күнге шағылысқан күміс қабыршағындай болған көпірдің сыртқы жабындысы 2450 алюминий жапырақшасынан құралған. Қала жұртына сәулеті мен сәні жарасқан осындай тамаша орынды тарту еткен Асхат Сәдуов бүгінде Нұр-Сұлтан қалалық урбанистика орталығының жетекшісі. Жуырда А.Сәдуовпен әңгімелесудің сәті түскен еді, жаңа мен көне шаһардың үйлесімі, кеңестік модернизм, көрікті қаланың келбетін бұзған мәселе жайында айтары аз болмай шықты.

Кейіпкеріміз әңгімені сәулет өнері мен құрылыс саласына қалай келгені­нен бастады. Өзімізді де қызықтырып отыр­ғаны осы сауал еді. Айтуынша, мамандық таңдау деген маңызды істе ұзақ ойланған. Таңдау жасау оңайға түспеген.

– 2002 жылы мен Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық универси­тетінің сәулет факультетіне түстім. Одан бұрын өзімді басқа мамандықтарда сынап көрген едім. Мысалы, Алматыда мұнай саласында оқып, Қарағандыдағы IT-секторында автоматтандырылған жобалау жүйесінде де білім алдым. Оған мүлдем қызықпадым. Осыдан кейін мен сәулет өнеріне ден қоя бастадым, – дейді Асхат.

Бұл кез елорданың енді-енді қанат жайып, құрылыс қарқыны қызып тұрған шақ еді. «Темірді қызған кезде соқ» дегендей, Асхат нағыз сәулет­ші ретінде өзін байқастап, жеке серіктес­тігін құрады. Онда шамамен отызға жуық адам еңбек етіп, мемлекеттік және жекеменшік секторлар үшін әртүр­лі өндірістік ғимараттарды жобалауды қолға алады. Дамудың жаңа кезеңіне аяқ басқан астанамен бірге түлеген ол бірнеше жылғы тәжірибесін ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайын­дық кезінде сәтті ұштастырып, түрлі видео, аудио көрмелер ұйымдас­тырып, шетелдік компаниялармен жұмыс істей бастағанын еске алды.

– ЭКСПО-2017 көрмесінен кейін осы урбанистика орталығына келдім. Оны жаңадан қайта құрдық. Ол кезде қала әкімі Әсет Исекешев болатын. Әкімдікке сәулет пен қала құры­лысының кейбір жаңа бағыттарын тал­қылау үшін алаң құру туралы ұсы­ныс жіберген едік. Осылайша 2016 жылы елорданың бас жоспары бо­йынша жобалау тобының құрамына кірдім. Көп ұзамай қаланың бас жос­парына конкурс жарияланып, бүгінге дейін іске асырып келеміз, – деген ол үлкен қалалардағы қолайсыздық мәселесінің ушығып тұрғанын, бұл ретте астаналық жаяу жүргіншілерге көшеде ыңғайсыздықтың бар екенін айтып өтті. Өйткені ол басқаратын урбанистика орталығының негізгі міндеті де осы – қалада жайлы орта қалыптастыру. «Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары бізде өз бетімізше оқу процесі болды, ешкім бақылаған жоқ. Голливуд фильмдерін көріп өсіп, америкалық спорт түрлерін тамашаладық. Олардың арманы – үй салу, отбасының әр мү­шесіне көлік сатып алу. Мұндай идеология посткеңестік кеңістікке жылдам орнықты, өйткені мұнда оны алмастыратын басқа ештеңе болған жоқ», – деп сөзін сабақтаған А.Сәдуовтің ойымен келіспеске шарамыз болмады. Өйткені көлік қозғалысы мәселесі күн өткен сайын ушығып, тар көшеде иін тірескен көліктен қаланың да, даланың да ауасын бүлініп бара жатқаны рас. Бір ғана әсем қала Алматының экологиялық зардаптардан арыла алмай отырғанын көзіміз көріп жүр.

– Көлік қозғалысын тоқтату қиын-ақ. Тек бізде ғана емес, көлікке тәуел­­ділік барлық жерде кездеседі. Әрин­е бұған қарсы шара жасау керек еке­нін түсінеміз. Дамыған елдердің өз эко­но­микалық мазмұны қалыптас­қан, сондықтан адамға да, көлікке де ыңғай­лылық қарастырылған, – дейді Асхат.

Оның айтуынша, біз қазір өткен ғасырдың алпысыншы жылдарын­дағы батыс қалаларының даму сатысында тұрмыз. Олар үнемі автокөлік ин­фрақұрылымын дамытуға тырыс­ты: көп деңгейлі жол айырықтарын, жол өткелдері мен тұрақтарды салды, бүкіл жаяу жүргіншілер кеңістігін құр­тып жіберді. «Жеке автокөлікке арнал­ған көлік инфрақұрылымын үнемі дамы­тудың теріс тұсы міндетті түрде болады. Сондықтан олар қоғамдық көлікті дамытып, ақылы автотұрақпен орталықтарды жаба бастады. Орталыққа және жайлы қалалық ортаға кіргіңіз келе ме? Ақы төлетеді немесе қоғамдық көлікте серуендейтін жақсы балама ұсынады. Мұндай сценарий болашақта бізге де келеді», – дейді.

Ал елорда архитектурасы туралы пікірін сұрағанымызда, сәулетшінің қаланың ескі, тарихи орталығы туралы қарапайымдылыққа екпін береді, сөйте тұра талғамды минимализм стилін ұнататынын аңғардық.

– Қаланың ескі бөлігі өте жайлы. Ол маңайдан кеткім келмейді. Сол жағалауға баруға тура келеді, бірақ ол алыс және ыңғайсыз, желді. Ғимараттар жақын көрінгенмен, көшелер арасы өте алшақ. Барлық тарихи ғимарат, тіпті кеңестік модернизм мен үшін өте әсерлі. Мәселен, Конгресс-холл ескі келбетімен әдемі болды, оны мойындау керек. Маңайында кілең кеңестік классицизмде жасалған ғимараттар орналасқан. Бұл тарихи ғимараттар белгілі бір кезеңде қалада қандай сая­си және экономикалық процестер болғанын түсіну үшін маңызды, – дейді ол. Иә, әйгілі «Атырау» көпірі Есілдің қос жағалауын қосып, ұзына бойы жатыр. Еркелей аққан Есіл бойын жағалай келіп, аталған жобаның идеясы туралы айтып өтуіміз әбден орынды.

– Бұл көпірдің қажеттілігі айқын болды. Тендерде жеңіске жеткен компания бірнеше рет жобаны мақұл­дау­ға ұсынған болатын. Әртүрлі сәу­лет­шілердің жұмысын сараптап көрді. Ерік­тілердің қатарында мен де өз тұжы­рымдамамды ұсынған едім. Сарап­шылар қауымдастығына ерек­ше ұнады. Мұндағы идея өте қара­пайым – қоғамдық кеңістік құру керек болды. Яғни жай ғана көпір емес, эстетикалық бір ерекше дүние. Осы­лайша өзімді өзгеше тұстан сынап көр­дім, – дейді сәулетші. Ал келісім бойынша Атыраудың географиясымен байланысты қандай да бір топонимдерді пайдалану керек болған. Сондықтан көпірдің бекіре тұқымдас балық бейнесі нақ осы себепті таңдалыпты.

Асхат ынталы жас мамандарға тәжі­рибесімен бөлісуге, білгенін үйрету­ге дайын. Туған ел, өскен жұрты үшін ая­нып қалмақ емес. Ол басқаратын орта­лықтың ендігі міндеті – қаланы барын­ша жайлы, өміршең ету. Ол үшін халықаралық сарапшылармен бірге қазіргі әлемдік тенденцияларды қадағалап, өзгертетін тұстарын жоспарлап отырған көрінеді.

– Қазір Нұр-Сұлтан қаласының бас жоспарын – 2030 жылға дейінгі аумақтық даму құжатын дайындап жатырмыз. Көлікке тәуелділікті азайту, жаяу жүргіншіге мол мүмкіндік жасау – негізгі міндет. Бүгінгі таңда біздің қызмет саламызға қаржы көп бөлінеді. Қала құрылысы мен сәулет саласында не істеу қажеттігін, адамның пайдасына қалай дұрыс бағыттау керекті­гін білеміз. Елімізді, Отанымызды бірге дамытатынымызға сенемін, – дейді А.Сәдуов.