Белгілі жазушы, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Болат БОДАУБАЙДЫҢ шығармашылық әлемі кешегі кеңес заманы мен Тәуелсіздік алған қазіргі кезеңдегі ел тағдырын тұтас қамтитын қос дәуір шежіресі іспетті. Қаламгердің әдеби еңбектері жас буынды ұлттық құндылықтарымызды сүйіп, ұлтқа адал қызмет етуге үндейді. Төмендегі әңгімеде журналист-жазушының өмір-өрнегі мен шығармашылық шыңы қамшының қос өріміндей қатар өріледі.
– Аға, әңгіме, эссе, повесті әдебиеттің жеңіл жанрларына жатқызсақ, романның жүгі бұлардан әлдеқайда салмақты екені сөзсіз. Сіз осы жанрлардың бәріне қалам тартқан белгілі жазушысыз. Осы уақытқа дейін оннан аса кітабыңыз, үш романыңыз жарық көріпті. Оның үстіне өміріңіздің он жеті жылын газет қызметіне арнаған айтулы, ақмылтық журналист екеніңізді де жақсы білеміз. Сіздің баспасөздегі, әдебиеттегі алғашқы қадамыңыз қалай басталып еді?
– Орта мектепті Жамбыл облысының Шу ауданында он алты жасымда бітірдім. Қостанай облысындағы Соколов-Сарыбай кен-байыту комбинатының құрылысына комсомолдық жолдамамен барып, екі жыл еңбек етіп, сол кезде іргесі жаңадан қалана бастаған Рудный қаласын салыстым. Одан соң Алматыға келіп, оқуға түсіп, ҚазМУ-дың бірінші курсында оқып жүргенмін. Дәулетова деген ұстаз апайымыз бар еді. Сол кісі бізге курс жұмысын жазуға тапсырма берді. «Апай, қазақтың әдеби тілін таза сақтау жөнінде жазсам бола ма?» – деп сұрап едім, «болады, жақсы тақырып», – деп құптады. Соның алдында ғана қазақ әдебиетінің классигі Ғабиден Мұстафиннің «Қарағанды» романын, университетте өзімізге сабақ беретін ұстазымыз, профессор Темірғали Нұртазиннің «Мұрат» повесін оқып шыққанмын. Қадірлі жазушыларымыз сол шығармаларында ана тілімізде баламасы бар болса да кей сөздерді, атауларды орысша қолданғандары көңіліме қонбай, соларды қойын дәптеріме түртіп қойғаным бар еді. Белинскийден, Абайдан, басқа да классиктерден дәйексөз келтіріп, олардың әдеби тіл әрқашан таза сақталуға тиіс деген ұстанымын басшылыққа алып, курс жұмысымды тездетіп жазып шықтым.
Апайымызға ол қатты ұнады. «Өте орынды, өзекті мәселе көтеріпсің. Сен осы жазғаныңды газетке ыңғайлап, мақала етіп, бір жерге ұсынсаң қайтеді?», – деп кеңес берді. Апайдың айтқанын істедім де, сол кездегі таралымы көп, жұрттың бәрі қызығып оқитын «Лениншіл жас» газетіне апарып бердім. Менің сол «Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы» деген мақалам шыққан бойда үлкен айқай-шу туғызды. Маған «орыс сөзін бөтен сөз дейді, бұл – ұлтшылдық» деген тұрғыда саяси салмағы ауыр кінә тағылды. Еліміздегі ең басты басылым, СОКП Орталық Комитетінің органы «Коммунист» журналының бетіне дейін сынға ұшырадым. Ол кез Одақта орыс ұлтының да, тілінің де дәуірлеп тұрған кезі еді ғой, бұл сөздерге әрдайым «ұлы» деген анықтауыш қосылып қана айтылатын. Содан желтоқсан айында Алматыда үлкен бір ғылыми конференция өтіп, Балтық жағалауынан келген ғалымдар «Лениншіл жас» газетінің редакторын іздепті. Кездескен бойда: «Бодаубаев қазір қайда?» деп сұрапты. Одан: «университеттің екінші курсында оқып жүр» деген жауап алып, «сонда ол небәрі екінші курс шәкірті ме, біз «Коммунист» журналындағы мақаланы оқып, оны жас ғылым кандидаты немесе докторы болар, мүмкін енді түрмеде отырған шығар деп ойлап едік» деп таңырқасыпты. Одан кейін бір-біріне қарап:
– Біздің аса құрметті, беделді журналымыз, СОКП Орталық Комитетінің басты органы енді студенттермен күресуге шыққан ба? – деп күлкіге қарық болыпты.
– Отыз жетінші жылы талай ардақтымыздың осындай әртүрлі саяси айыптармен түрмеге қамалғанын, жер аударылғанын, атылып кеткенін білеміз ғой.
– Бұл енді 37-ші емес, 59-шы жыл ғой. Қанша айтқанмен, Сталин өлгеннен кейінгі жылымық кезең.
– Сіздің сол мақалаңыз туралы ҚазМУ-де журналистердің талай буынына сабақ берген ұстаз, профессор Әбілфайыз Ыдырысов ағамыздың Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетіне бір бет болып шыққан естелік-эссесі менде бар, аға. Көшіртіп алғанмын. Міне, қолымда.
Редактор Әбсаттар Бөлдекбаев командировкада жүргендіктен, газеттің сіздің мақала шыққан күнгі санына қол қойған жауапты хатшы Әбілфайыз ағамыз «Кіші ЦК-ның», яғни республика комсомолының орталық комитеті бюросына шұғыл шақыртылып, жазбаша сөгіс алады. Оған қатты шүйліккен бірінші хатшы Николай Дыхнов: «енді Әуезовтің, Мұқановтың, не Мүсіреповтің біріне тездетіп жауап жаздыртып, мына мақаланың уытын қайтару керек, олай етпесеңіз газеттегі жұмыспен біржола қоштасасыз» дейді. Мұхаң жол жүргелі отырғанын, Ғабең шұғыл жұмыс үстінде екенін айтып, бас тартқан соң Сәбеңе барғанын, жағдайды түсінген Сәбеңнің: «Менің де шұғыл жұмысым аз емес, бірақ «Лениншіл жас» үшін, Бодаубаев екеуіңнің, ол өзі жаза білетін бала екен, болашақтарыңа қиянат болмауы үшін Сәбит ағаларың тағы бір терін артық төгеді де. Газетке, саған тиіспеймін, бірақ Болат баланы біраз шықпыртуға тура келеді» деп, «Бұл қай жатырқау?» атты көлемді мақаласын қалай жазып бергенін баяндай келіп: «Сәбең «шықпыртқан» Болат Бодаубаев, сол заңғар жазушының «қамшысы» шипа болып, кейін белгілі қаламгерге айналды. Ол қазір республикамызға танымал публицист-жазушы!» деп аяқтапты әңгімесін.
– Иә, Әбілфайыз ағамыздың ол эссесі «Біртуарлар болмысы» атты кітабына да кірді. Сонда айтылғанындай, Сәбеңнің қамшысының да шипасы тиді ме екен, оқудан шығарылмай, түрмеге де түспей, аман қалдым. «Лениншіл жастың» басшылары, қызметкерлері өздерін сынға ұшыратып, біраз әуреге түсірген мені сыртқа теппей, қайта іштеріне тарта түсті. Екінші курстың басында, оқу жылы жаңа басталған кезде редакцияға барғанымда газеттің Оқушы, студент-жастар бөлімінің меңгерушісі Сейдахмет Бердіқұлов ағамыз: «Сені іздетейін деп отыр едім, жақсы келдің», деп маған күтпеген ұсыныс айтты. «Мәскеуде шығатын кейбір орталық газеттерде қазір «штаттан тыс бөлім» деген бар. Біз де сол үлгімен «Лениншіл жаста» штаттан тыс бөлім құрмақпыз. Сол бөлімге басшылық жасап, жұмысын жүргізуді саған тапсыруды ұйғарып отырмыз» деді. Ұсыныс ұнағанмен, «қолымнан келмей жүрсе, қайтемін?» деген күдігімді жасырған жоқпын. «Ең бастысы өзіңнің ынтаң. Шын ниетіңмен кіріссең, қолыңнан келеді деп ойлаймыз. Біз де сыртта қалмаспыз, көмектесеміз», – деп жігерлендірді.
Штаттан тыс бөлімнің құрамына өзіммен бірге оқитын Мәткерім Әкімжановты, бір курс жоғары оқитын, Рудныйда бір бөлмеде жатып, жұмыс істеген, оқуға менен бір жыл бұрын түскен Нұрмахан Оразбековті ұсындым. Алғашқы материалымыз «Стипендия алған күн» деген атпен шықты. Сол күнгі дүңгіршектерге түскен «Лениншіл жас» тез арада сатылып кетті. Мәткерім екеуміз қол қойып жазған «Пәтер көрген жерің бар ма?» атты келесі мақалада студент жастар өміріндегі шешімін таппаған елеулі, түйткілді проблемаларды сөз еткенбіз. Бұл мақала комсомолдың орталық комитетінің бюросында Алматыдағы барлық жоғары оқу орындары проректорларының, партия, кәсіподақ, комсомол комитеті басшыларының қатысуымен қаралып, студенттердің материалдық, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға бағытталған, көп тармақтан тұратын елеулі шешім қабылданды. (Бұл, ұмытпасам, республика комсомолының басшылығына Өзбекәлі Жәнібеков ағамыздың келген кезі еді). Сөйтіп бір жыл ішінде студент-жастар өмірінің өзекті мәселелерін көтеретін бірқатар материал жарияладық.
– Университетте оқыған жылдар адам өмірінің қайталанбайтын қызық шағы ғой. Кімдермен бірге оқыдыңыз?
– Өкінішке қарай, қимайтындай дос болған Рымғали Нұрғалиев, Мәткерім Әкімжанов, Қоғабай Сәрсекеев, Есенбай Дүйсенбаев, Әлдихан Қалдыбаев, Қарауылбек Қазиев сияқты азаматтар өмірден өтіп кетті. Мені Қарағанды облысындағы меншікті тілші қызметінен «Лениншіл жастың» бөлім меңгерушісі етіп шақырып алғанда Мәткерім өзі тұратын екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесін маған босатып беріп, өзі әйелімен, кішкене қызымен, балдызымен төртеуі жылдан аса бір бөлмеде қысылып-қымтырылып тұрған еді. Оның маған «үй алғанша бізбен бірге тұра бер» дегеніне қарамастан, өзіме қашан үй тиетіні белгісіз болғандықтан, кейінірек пәтерге шығып кеткен едім. Мұндай жайлар ұмытыла ма?
– Сіздің жастық шағыңыз бен одан кейінгі өміріңізде «Көктем ауылы» деген қауымдастық па, қоғамдастық дейміз бе, соның орны бөлек екенін айтыпсыз бірде...
– Арқаны кеңге салып әңгімелесетін, біраз уақыт көрмей қалсақ сағынысатын достарымыз болды. Алматыдағы журналистер мен жазушылар біздерді «Көктем ауылы» атандырған еді. Оның қалыптасу, құрылу тарихы былай. 1971 жылы Алматыдағы бұрынғы Ленин, қазіргі «Достық» даңғылының бойындағы таза кірпіштен өрілген сәулетті үйдің құрылысы бітті. Үйдің нөмірі – 107. Астыңғы бірінші қабаты – неше түрлі бұйымдар сатылатын «Көктем» дүкені. Әлгі «Көктем» деген сөз түнде от болып жанып, жарқырап, алыстан көрініп тұрар еді. Сол үйден партия қызметкерлерімен бірге «жолымыз болып», қаламгерлер Қалдарбек Найманбаевқа, Шәрібек Есмұрзаевқа, әйгілі фототілші Нұрғожа Жұбановқа, маған (ол кезде «Лениншіл жас» газеті редакторының орынбасарымын) пәтер тиді. Сол кезде менің отбасымда қуаныш болды. Мәскеуден Плеханов атындағы институттың аспирантурасын бітіріп, диссертация қорғап келіп, ҚазПИ-де сабақ беріп жүрген жұбайым Хабиба ұлдан кейінгі екінші қызымызды дүниеге әкелді. Сәбиіміздің қырқынан шығаратын тойына жоғарыда аталған азаматтарды жұбайларымен қоса шақырдық. Тойды басынан аяғына дейін басқарып, қызықты өткізген Шәрібек той соңына таман «енді осындай тамаша отырыстарымызды бұдан әрі де жалғастырайық» деді. Бәріміз қуана келістік. Осы дәстүр әрі қарай жалғасып, «Көктем ауылы» деген ат осыдан шықты. Сәл кейінірек біздің осы қауымға Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері Әбдеш Қалмырзаев жұбайы Үрзадамен, «Қазақстан» баспасының директоры Ерік Сыздықов жұбайы Роситамен қосылған еді. Жалпы, бұл қауым – өз мүшелерін рухани жағынан өсірумен, тәрбиелеумен, жанды байытумен айналысатын қауым еді.
– «Лениншіл жас» газетінен кейінгі еңбек жолыңыз «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде жалғасқан жоқ па?
– Сапекең, Сапар Байжанов маған: «Cені өзіме орынбасар етіп шақырсам деп жүр едім, бірақ қазір ол орын бос емес. Келешекте ондай мүмкіндік тууы мүмкін. Ал әзірге редакциялық алқаның мүшесі, әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі болып келе тұрсаң. Осыған қалай қарайсың? – деген ұсыныс айтты.
– Сенен несін жасырайын, – деп сөзін жалғады, – оны өзің де білесің деп ойлаймын, «СҚ» («ЕҚ») әртүрлі себептермен осы уақытқа дейін өзінің биік мәртебесіне, қоғамдағы орнына орай өз мүмкіндігін әлі толық ашып көрсете алмай келе жатқан газет қой. Кейде оның тұтас сандарында көз тоқтататын, тұшынып оқитын нәрселер болмай қалады. Дағдылы шеңберден шығып кете алмай келеді. Әдебиет, өнер, мәдениет мәселелерін де тақ-тұқ, сирек жазады. Осы қалыпты өзгертсек. Жаңа серпін, жаңа леп әкелсек газетке. Егер мен ұсынған қызметке келер болсаң екі әдеби қызметкеріңді өзің таңдап, өзің шешесің. Бөлімнің дайындаған дүниелерінің санына, көлеміне шек қойылмайды. Тақырып аясын кеңейту, тартымды, тұрақты жаңа айдарлар ашу, оларды қалағандай етіп, жүйелі түрде жүргізіп отыру – толық еркіңде. Осыны тезірек ойланып, бірер күнде жауабын берсең, – деді.
Мен келістім. Сапекең сөзінде тұрды. Мен де аянып қалмадым. Екі жарым жыл ішінде «Социалистік Қазақстан» газетінде әдебиет пен өнерге байланысты толып жатқан жаңа айдарлар аштық. Әдеби байқаулар өткіздік. Талай адамдардың: «СҚ» партиялық газеттен әдеби газетке айналып кеткен бе өзі?» – деген сияқты уәждерін естіп жүрдік. Осы күні классикаға айналған М.Мақатаевтың «Чили, шуағым менің», Ж.Молдағалиевтің «Қыран дала», «Сел», Т.Бердияровтың «Ескі паровоз», Ф.Оңғарсынованың «Сақ болыңдар, адамдар», М.Айтхожинаның ақын Сараға арналған «Ешкіөлместегі ескерткіш» сияқты поэмалары «Социалистік Қазақстанда» еш қысқартылмастан тұтастай жарияланды.
1976 жылы мамыр айының басында өнер адамдары туралы 1975 жылғы жарияланған газеттегі очерктеріме жыл қорытындысы бойынша Қазақстан Журналистер одағының бірінші сыйлығы берілгенін, ал өзімді Орталық партия комитетінің насихат және үгіт бөліміне жауапты қызметке шақырып жатқанын естіген Сапекең қолымды қысып, құттықтап тұрып, шын жүрегінен шыққан жылы сөздерін айтқан еді.
– Екі жарым жылдай жұмысты бірге істедік. Арамызда ешқашан ренжісетін жағдай болған жоқ. Журналистер одағының сыйлығы да, Орталық комитетке жұмысқа шақырылуың да – газетімізге сіңірген жақсы еңбегіңнің нәтижесі. Басқа жерге шақырса «барма» дер ем, жібермеуге тырысар едім. Бірақ Орталық комитеттің жөні бөлек. Жолың болсын, еңбегің әманда жана берсін. Енді өзіңе және бір тілек: орныңа жұмысты өзің сияқты беріліп істейтін адам тауып, ұсынып кет, – деп тағы бір салмақты міндет жүктеді. Мен бірер күн ойланып, өзімен де келісіп, менен кейін «Лениншіл жастың» Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі болған, соңғы уақытта облыстық газеттің жауапты хатшысы қызметін атқарып жүрген Ақселеу Сейдімбековті өз орныма ұсындым.
Кейінгі жылдары бір кездескенде Сапекең:
– Сен маған газетке екі адам алдырдың: Сауытбек Абдрахмановты және Ақселеу Сейдімбековті. Екеуі де нағыз ойлаған жерден шықты, – деп шын ризалық сезімін білдірген еді.
– Мәткерім Әкімжановтың «Егемен Қазақстанда» сіз хақында, сіздің романыңыз туралы жазған «Ашаршылық анатомиясы» атты эссесін оқыған едім. Сонда ол былай депті: «Менің курстастарымның ішінде жас кезінен бастап-ақ жұрттан озып, биіктерге көтерілген, өмір бойы жауапты үлкен қызметтер атқарып, абыройға бөленген досымыз – Болат Бодаубай еді... Айтылуға тиісті ақиқат – Болат сол үлкен қызметтерге жету үшін ешуақытта жанын жалдап жаныққан емес. Өзіне тапсырылған іске барынша жауапкершілікпен қарады. Әділет жолынан таймады. Ұлты үшін, елі үшін аянбай еңбек етті».
Енді өз өміріңіздегі осы айтылған кезеңдер туралы қосымша мағлұмат бере кетсеңіз.
– Иә, Мәткерім менің Орталық партия комитетінен кейінгі атқарған барлық қызметтеріме шолу жасап, қысқаша болса да сипаттама беріпті. Мемлекеттік баспа комитетінде кітап шығару және тарату саласын басқарғанда, «Жалын» баспасында директор болғанда талай таланттардың жолын аштым, қазір олар (аттарын атамай-ақ қояйын) – елімізге белгілі ақын-жазушылар. Сөйтіп жүрген кезімде мені ойламаған жерден бір күні «жоғары жақ» шақырып, Республикалық кітап саудасы бірлестігі – «Казкнигаға» басқарушы болып баруым қажеттігін айтты.
– Қазақ кітаптарының таралымы мандымай қойды. Осы мәселені түбегейлі шешуіміз керек, – деген міндет қойды олар менің алдыма.
Ол мекемені соған дейін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінен барған Самсонов деген басқарған еді. Жаңа қызметке келген бойда маған бірден оғаш көрінгені – көрші республикалардың кітап саудасы ұйымдары «Өзбеккітап», «Қырғызкітап» болып аталады екен де, біз «Казкнига» деп аталады екенбіз. «Неге бұлай?» деп сұрағанымда, бір кездері Мәскеудегі ресми орындарда солай бекітіліп кеткен деген жауап естідім. «Қазақкітап» деген атауды қайта бекіттіру үшін жарты жылдай уақыт кетті.
Қазақ кітаптарының таралымы неге аз деген мәселені түптеп зерттедім. Себептерін анықтадым. Баспалардан келесі жылы шығатын кітаптардың таралымы күзде бекітілетін. Облыстық кітап саудасы ұйымдарының басшылары Алматыға шақырылады. «Қазкітапта» әр баспаның келесі жылға арналған тақырыптық жоспары бірінен кейін бірі қаралып, оларға енген әр кітап бойынша облыстардың ұсыныстары жиналады. Олар қазақша кітаптарға тапсырысты мейлінше аз береді екен. Республиканың біраз облыстарындағы кітап саудасы ұйымдарының басшылығына қазақша бір ауыз сөз білмейтін адамдар, өзге ұлт өкілдері қойылыпты, ондай ұжымдардың кейбірінде қазақша оқи алатын бір адам да болмай шықты. Ондаған жыл бойына Қазақстаннан тыс жерлерге бірде-бір қазақ кітабы жіберілмей келіпті. Осының бәрін түгел өзгертіп, жаңаша ұйымдастыруға тура келді. Бұл істе маған көп жыл бойы кітап саудасы саласында қызмет атқарып келе жатқан өз ісінің нағыз білгір маманы, сол кездегі орынбасарым Шолпан Рахметоллақызы Сарымсақова жақсы көмектесті. Қазақтар көп тұратын көрші республикаларға, Ресейдің көрші облыстарына, Қытайға, Моңғолияға біздің кітап саудасы ұйымы мен Жазушылар одағы бірлесіп жасақтаған арнайы бригадалар жібердік. Сондай сапардың қайсыбіріне қасымызға Фариза Оңғарсынова, Көпен Әмірбеков сынды қаламгерлерді, сол кезде көпшілікке енді таныла бастаған жас әнші Бекболат Тілеухановты қосып алып, Жазушылар одағының бірінші хатшысы Қалдарбек Найманбаев екеуміз де барып қайттық. Осы сияқты көптеген жұмыстың нәтижесінде қазақша кітаптардың таралымы күрт көтерілді, поэзия жинақтары орташа есеппен он бес мың данаға, прозалық шығармалар қырық-алпыс мың данаға дейін жетті. Қазақ тіліндегі балаларға арналған шығармалар жүз мыңға дейінгі таралыммен басылып жүрді. Республикамыз сол жылдары кітап тарату көрсеткіштері жөнінен Өзбекстан мен Белоруссияны басып озып, Ресей мен Украинадан кейінгі үшінші орынға шығып, тұрақтағанын айта кетудің артықтығы жоқ.
– Аға, сіз жиырмасыншы ғасырдың алпысыншы жылдарында қазақ әдебиетіне келіп қосылған қуатты толқынның, қайратты лектің өкілісіз. Сіздің жазған шығармаларыңыз жұртшылыққа жақсы таныс. Жалпы өз шығармашылығыңызға, жазушылық еңбегіңізге ризасыз ба?
– Өткен өмір жолыма көз тастасам, барлық шығармамды жауапты қызметтер атқара жүріп жазыппын. Олар оқушылар тарапынан да, баспасөз бетінде де жоғары, жақсы баға алғанына шүкіршілік етемін. Көпшіліктің көңілінен шығатын шынайы көркем туындыларда замана шындығы айқын көрінеді. Мен де өмір бойы сол деңгейге ұмтылумен келемін. Осы уақытқа дейінгі жазғандарымның ішінен үш романымды бөле-жара айтқым келеді. Оның алғашқысы – «Ескі дәптер шерткен сыр», оған өткен ғасырдың жиырмасыншы, отызыншы жылдарында елімізде болып өткен оқиғалар, Қазан төңкерісі, қазақ даласындағы өзгеріс нышандары, кедейлерге, әйелдерге есе-теңдік тиюі, жер-жерде мектептер ашылуы, шиеленіскен күрес үстінде Жамал, Шегебай, Алдаберген, Кәрім сияқты асыл боздақтардың қыршынынан қиылып, мерт болғаны, әуел баста халықты бақытқа жеткіземіз деген ұранды бетке ұстап келген кеңес үкіметі кешікпей-ақ қалың елді ашаршылыққа ұшыратып қырып тынғаны өзек болды. Екіншісі – атақты композитор Еркеғали Рахмадиев туралы «Тұлға» атты роман. Оған отызыншы жылдардағы ашаршылықтан кейінгі халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, өнеріміз, әдебиетіміз қалай дамығаны, Ахмет Жұбанов, Шәкен Айманов, Мұқан Төлебаев, Қанабек Байсейітов, Құрманбек Жандарбеков, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов сияқты өнер саңлақтарының өмірі өзек болды. Үшіншісі – ұлт мұраты жолында аянбай күресумен келе жатқан, осы күнгі абыз тұлға, ел ағасы Мырзатай Жолдасбеков туралы «Таңғаламын өмірдің ғажабына» атты қос томдық роман. Бұл соңғы екі шығарма қызметті біржола қойып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін жазылды.
Мен үшін қазір замандастарымның: «Еркеғалидың композитор екенін білуші едік, сонымен бірге оның нағыз қоғам қайраткері болғанын сіздің кітабыңыздан оқып білдік», деген немесе соңғы қос томдық романым жөнінде: «ғажап кітап, қызық оқылады, халқымыздың бастан кешкен тағдыршешті оқиғалары, Тәуелсіздік алғанға дейінгі, сол тәуелсіздіктің өзінің қалай келгені, содан кейінгі өміріміз де қалтқысыз, қапысыз баяндалады, бұл шығарма – қазақ әдебиетінің кезекті табысы», деген сияқты сөздерін естуден артық марапат, бақыт жоқ.
Әңгімелескен
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»