Батыс Қазақстан облысында көңіл көтеру орындары мен минимаркет иелері Қазақстан Республикасының төтенше жағдай режимін бұзғаны үшін жауапқа тартылды.
Қазақстан Республикасының аумағында төтенше жағдай енгізілуіне байланысты уәкілетті органдар өкілдерінен құралған комиссия Орал қаласында ойын-сауық ғимараттары мен дүкендерін төтенше жағдай талаптарының сақталуын тексерді.
- Әлемді жайлаған індетке байланысты елімізде төтенше жағдай енгізіліп, салынған тыйымдарға қарамастан, кей азаматтар өз қызметкерлеріне де, басқа халыққа да вирус жұқтыру қаупін төндіріп, жұмысын жалғастырып жатқаны анықталды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаева.
Мәселен тек 24-25 наурыз күндері Орал қаласының мамандандырылған әкімшілік соты Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдайды бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы 12 істі қараған.
Сөйтіп, сот шешімімен 2 әйел, 6 ер адам 3 күннен 10 күнге дейін әкімшілік қамауға алынған. Ал қалған 4 тұлға отбасы жағдайы байланысты қамаудан босатылып, 10 айлық есептік көрсеткіші мөлшерінде айыппұл салынды.
Батыс Қазақстан облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 21 наурыздағы № 2 бұйрығына сәйкес ауданы 2000 шаршы метрден кем емес сауда нысандарының жұмысы таңертеңгі сағат 9.00.-ден кешкі 21.00.-ге дейін ғана болуы тиіс. Бұл жөнінде өңірдегі барлық интернет-ресурстарда және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған.
Батыс Қазақстан