• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 31 Наурыз, 2020

Қажығұмарды қайтеміз?

1937 рет
көрсетілді

Жарықтық, 2011 жылы 15 ақ­пан­да атақты Шәуешек қала­сында дүниеден озды. Оның қас­терлі есімін қағазы арзан, түсі бөтен, жазуы төте мына кітап әредікте бір есіме салып қояды. Әр-әр тұсына қолмен ұзын-қысқа, жарым-жарты парақшалар қосылған. Мұны істеген адам парақшаларды жанын жапырақтап отырып жапсырғандай әсерде қалдырады. Бірақ төте жазуды танымағандықтан басқа кітаптар орнын сан рет ауыстырса да, оның сөредегі орны еш өзгерген емес. Тек кей-кейде адасқан қаздай қаңқылдап, мазаңды алатын секілді көрінеді. Көзің түскенде авторының орнына, кітабына амандасқандай алағызасың.

Иә, бұл кітапты жазған адамды жақсы білем, алыс-жақын сіз де білмедім дей алмайсыз. Ешқандай оқулықта жоқ болса да, есімін құлағы шалмаған қазақ кемде-кем. Оның рухы қандай күшті адам екені қырық жылға жуық түрмедегі өмір­мен және біраз бөлігі сонда жазылған «Қылмыс» атты алты том романмен өлшенеді. Ол неге ұзақ уақыт түрмеде жатты, не үшін өмірінің соңына дейін үйқамақта болды, одан соншалықты қауіптенетіндей не бар? Қытай тарабы оны тарихи отанына жіберуге неге қорықты, сонша қауіпті адам болса неліктен сол абақтыда-ақ көзін жойып жібермеді?

Осы сұрақтар жеті жасында шекара асып, бар саналы ғұмы­рын жат жерде тамұқта өткізген қазақ жазу­шы­сы Қажы­ғұмар Шабданұлын жұм­бақ тұлғаға айналдыра түседі. Бұл сұрақ­тың бірсыпыра жауабы әлгі алты том кітапта жіпке тізгендей етіп жазыл­ғанын біз не оқымадық, не аса мән бере қоймаған секілдіміз. Алты томға алты ауыз сөз жаз­баған әдебиет сыншылары да қолымызға нақты ештеңе ұстата қоймады. Бар назар оның есімін саяси бәсекеге салуға ұласып кетті де, жазушының жеке басына қатысты жұмбақ сыр шешіл­меген күйі қалды.

Құла­ғымыздың шетімен есті­гені­міз, «Қажығұмар Кеңес өкі­метіне астыртын қызмет еткен». Осы желеу оны бақылаудан шығар­мауға себеп болған сияқ­ты. Өзі де алған бетінен қайт­пайтын қиын адам еді десе­ді. Ол аздай кімді де болса қай­қаң­датып жібе­ретін тілінің шақ­пасы тағы бар. «Қылмыс» романын оқысаңыз, оның ащы тілі кімдерді қалай қайқаң­датқанын біле қоясыз. Кешегі күні аждаһа елінде ұрпақтар рухы үшін майдан салған екі адам болса, соның бірі осы Қажығұмар деуге толық негіз барына көзіңіз жеткен секілденеді.

Жарықтық түрмеде жатып та еш­кімге есесін жібермесе керек. «Біреу­лермен әжік-күжік бола қалса, қол-аяғын бірдей жұмсайтын» деген сөз де өтірік емес шығар. Қырық жыл түрмеде отырса, темірдей жұдырық­тың иесі болмағанда қайтеді. Осы­ның бәрінен көз алдыңа келе­тіні былай да белгілі, ол қара­ғайдай қайсар, қарағаштай тарамыс, тасжарғандай төзімді адам. Алайда мына парақша­лар дәр­менсіз далпылдаған жаралы құс­тың қанаты секілді, кітап бетін ашқан сайын қолыңмен түзеп отыр­масаң, бүктеліп қала береді.

Міне, осы кітапта өткен күн­дер­дің көптеген сауалының жауабы бар. Біз­дің халықта бірін-бірі қорлаушылық қан­шалықты дәрежеде болды? Осын­дай кең далада олар неге аштыққа ұшы­рады? Ит-құсқа неге басқадан бұрын жем болды? Басына күн туғанда туған топырағына табан тіремей, елі мен жерін неге тастай көшті? Барған жерін­де екі есе тоналатынын біле тұра, беті­нен неге қайтпады? Туған жерінде төз­беген қорлыққа жат жерде жүріп қалай төзді? Сырттай сипаттап айтып келеміз, ал оны ішіне кіріп жазған кім бар? 

«Үйде тұр» деген жоғарыдағы кітап­ты жазушының көзі тірісін­де шекара­дан әрі-бері өтіп жүр­ген немере қызы әкеліп беріп еді. Түрмеде ұзақ жыл отырғаннан кейін үйқамаққа шыға­рыл­ған қайсар қа­ламгердің елге жол­даған сәлемі ретінде қабыл алдық. Өр­негі әдемі төте жазудан ма­құ­рым бол­сақ та, ағамыздың ала­қаны­­нан та­бы сің­ген кітап қой деп қас­те­р­леп ұс­тап келеміз. Әйт­песе атақты «Қыл­­мыс» романы кейін Қазақстанда ки­­рилл қарпі­мен басылып шығып, бі­разы­мыз шұрқырасып оқыдық та. Бір томы­ның өзі қазаққа әйгілі «Өл­­ген­дер қайтып кел­мейдінің» кө­ле­міндей болып келетін алты том!..

Бірден басын ашып айтайық, бірін­ші томы бас көтермей оқитын алапат дүние. Әр тарауын оқысаң, да­­уыл соғып өт­кен­дей әсерде қаласың. Аласа­пы­ранға толы қазан төңкерісінің алды-артындағы қазақ өмірі мен тұрмысы туралы мұндай то­лық­қанды туынды жоқ іспетті. Еш­қандай сая­сатқа маймөңкелеп қызмет етпеген, бір тұсын дұрыс жазса, бір тұсын қисайтып қоймаған, көлеңкесінен қорқып жасырып-жауып қалуға жол бермеген шығарма. Елекпен екшегендей бір жол артық сөйлем көрмейсіз, ішіндегі оқиғасының қою, эпизодтарының тығыз жа­зыл­ғанына таңданбасқа шараңыз жоқ.

Бұл сөзімді біраз тер төгіп дәлел­деуіме тура келеді. Өйткені әдеби ортада «Қылмыс» романы туралы пікір әр­ке­лкі. Біздің әдебиет жайындағы білі­­гі­міз тым кәсібиленіп кеткенге ұқсай­ды. Рухы жоқ мінсіз мүсін се­кіл­ді шығармалар оқырманнан да алы­с­­тап бара жатыр. Осындайда аңыз секіл­­ді оқылатын баяғы кітаптарды сағынасың.

Мына роман тұп-тура сол, тап-таза өмірдің суреті. Әдетте «өмірден қалай көшіріп алғанын емес, көркемдік жа­ғын қара» десіп жатады. Ойдан құра­саң әдебиет, өмірдегідей етіп жаз­саң әдебиет емес. Яғни аңызы жоқ әде­биет, шері жоқ үздік туынды алға шық­­ты. Баяғыдай көзіңе жас келмейді, көңі­­лің босамайды, бірақ мін де таға алмайсың!

Жасанды интеллект пен жанды дүние күреске түскен заманда біздің бұл ойымыз жабайылау да көрінуі мүмкін. Интеллектілік дүниелердің ішкі ой ағымымен алысуы, адамзат қоғамын депрессиялық жағдайға жеткіз­гені түбі бір айтылатын да шы­ғар. Ал оның жанында біз сөз етіп отыр­ған шығарма тағдыр­дың төл, өмірдің өз тынысындай елжі­ре­теді, қайғыртады, қуантады, өкінтеді.

Осыған байланысты бір нәр­сені айта кеткім келеді. Тақы­ры­бына қарап бұл романды қап-қара қайғы тұн­ған қарадүрсін туынды деуге мүлдем келмейді. Қандай қайғылы жағдайды бастан кешіріп отырса да, күлкі жүрген жерде рух өлмейді, табан­ға тапталып қалмайды. Бұл жа­ғынан «Қылмыстың» бірінші томы Бердібек Соқпақбаевтың жоғарыда айтылған «Өлгендер қайтып келмейді» романы секілді жылатып оты­рып күлдіреді. Тәртібі темірдей қо­ғам­­ға мыс­қылмен қарау, яғни шығар­­ма бойын­дағы протестік сипат оның бас­ты лейтмотиві десек қателеспеспіз.

Қазақ әдебиетінде протестік шы­ғар­­ма саусақпен санарлықтай ғана бол­са, соның ең өтімдісі де, толық­қан­­дысы да осы «Қылмыс» рома­ны екеніне дау жоқ. Қо­ғамды жіліктеп тал­­дай­тын мұн­дай шығарма әлем әде­бие­тінде де сирек кездеседі. Бұл алты томға толайым берілген баға, ал бізді қызықтырғаны әрі өзімізге жақыны осы алты томның бірінші томы болып отыр. Оның себебін төменіректе ай­тар­мыз, әзірге тек алғашқы томы­нан алған әсерімізді жеткізуге асығыспыз.

Роман: «Темір қақпақ пен шәугім­дей шойын құлып шарқ-шұрқ ете түсті. Қап-қараңғы те­рең ұрада жатқан мен елеңдеп басым­ды көтеріп алдым. Жүре­гім де әлдене бір шойын-темірге соғылып, шақылдап кеткендей болды. Тұла бойымды түршіктірген қатер мен күдіктің мұздай суық желі сумаң қақты», деп басталады. Жазу­шының өмір тарихымен таныс адам­дар оның өзінің басындағы жағдай­ды жазып отырғанын бірден сезеді. Оқы­лым­ды кітап болуы үшін одан асқан интри­га­ның керегі де жоқ шығар, бәлкім...

Оның шығармашылық мүм­кіндігі зор болғанын кітап бетін ашқаннан-ақ бірден байқадым. «Сөзі қандай кесек, ірі», деп ойладым. «Шәугімдей шо­йын құлып» эпостың тілімен сөйлей­тін адам қолданатын метафора. «Жүрегім де шойын темірге соғы­лып, шақылдап кеткендей» деген сөй­лем­нің де эмоциялық әсері күшті. Роман­да әдебиеттің гротескілік, сарказм­дық, памфлеттік сипаттары молынан көрініс береді.

« – Жаздың ба? – деп арс ете түсті.

– Нені айтасыз, тергеушім?! – деп сыпайы ғана қарсы сұрау қойдым.

– Нені?!. Қылмысыңды деймін!.. Ойлан, толық жаз деп тапсырмап па едім саған!..

– Алдыңғы күнгімен он алты рет жаздым ғой, жасырып қалған ештеңем жоқ.

– Көзіңе саусағымды тығып тұрып тауып беремін мен саған!».

Тергеушінің талабымен өз басынан қылмыс іздеген тұтқынның бейдауа халін осылай шамырқанта суреттейді. Зынданда жатып, өзінің осы жатысына лайықты қылмысты өткен өмірінен өзі іздеп табуы керек. Тергеуші күн сайын келіп: «Қандай қылмысың бар екен, не таптың?» деп дігірлеп кетеді. Жасаған қылмысын тапса, айтса, жазса басына жеңілдік берілмек. Сол үшін болған-болмаған қыл­мыстың бәрін мұрнынан тізіп беруге өзі де мүдделі.

Тұтқынның басындағы осы хал сол кездегі қытай қоға­мын­дағы «Тарих тапсыру» науқа­ны­мен шебер ұштасады. «Тарих тапсыру» нау­қанының жайы былай. Кеңсеге жиналып алып, өздері жасаған қылмысты өздері айтады. Өз өмірінен кім көп қылмыс тауып айтса, сол адал болып есептеледі. Романнан үзінді оқиық:

«Жолдастар, осы пікір­лері­ңізден менің ойыма бір сұрау келіп отыр. «Тарих тапсыру» деген не? Алдымен осыны анықтап алайықшы! «Тарих» деген не? «Тапсыру» деген не?».

Жазушы саяси науқанның сипатын осылай тәптіштей түседі. Кейіпкерлер ғана емес, оқырман да дискуссияға тартылады. Бір жағы сайқымазақ, бір жағы саяси өткір ойын секілді оқылады. Осының бәрін өзі түрмеде отыр­ған адам жазып отыр. Ол да өзі­нің басынан өткен қылмысты оқи­ғаларды тергеушіге өзі жазып беруге тиіс.

«Қылмыстарымды толық жазып беру үшін, маған қағаз-қалам беріңіз», дейді пұшайман тұтқын. «Мына зындан тас қараңғы екен, мұнда отырып қылмыстарымды қалай жазам, маған кішкене жарық беріңіз» деп жалынады тергеушіге. Қолына қағаз берсе, кішкене жарық түсірсе, жазып беретін қылмысы бастан асады. «Қылмыстарыңды жасыр­­май жазсаң, жағдайың жеңіл­дейді», дейді тергеуші. «Бұл қыл­мыс­­тарым­ның бәрін жазған соң өлме­генде нем қалады?» дейді тұтқын. Сөйтеді де әкесі Жап­пар­дың екі інісімен бірге қарғадай күндерінде қамқоршыларынан айырылып, жетім қалуының өзін қылмыс деп бастап, одан әрі былайша тізбелей жөнеледі:

«Ақшұнақ аяздың шақылдап тұрған бір кешінде Мейіз ананың аяғы тайып кетіп, құдыққа күмп беріпті. Ет пісірім уақытқа дейін қайт­­пағанын еске алған адамдар жүгі­ріп келіп, құдықта үн-түнсіз жат­қан Мейіз ананы көреді. Құдықтан әрең шы­ғарысып, көтеріп үйіне әкелгенде ол шалажансар екен. Үш баласы үш жағынан жабысып шуласа да үні шықпай үзіліпті. Әділетті «тергеушім», ақ-нақақ­ты адамзатта сіз ғана айырар деп сенемін. Осы үлкен шешем­нің өз құрсағынан шыққан балаларын зар қақсатып, ләм демей рақымсыз ызғарлы күйінде кетуін қарашы, не деген тасбауыр еді! Кішкенелерін есіркемей, тым болмаса маңдайынан ақтық рет бір сипамай, бір жібімей тас болып қатып, панасыз, иен құмға тастап кетуін қарашы!.. Неткен рақымсыз қылмыс!».

Романды осы рухта алып шықса, алты томның бірдей кімге де болса ұғы­нықты һәм қыз­ғылықты оқы­ларын­да сөз жоқ еді. Алайда жазушы роман­ның кейін­гі томдарында сюжет желі­сін саналы түрде қоғамдағы күрделі саяси құбылыстарға қарай бұра­ды. Сол саясаттың аясында адам, ұлт, халық тағдырының қалай тәлкекке түске­нін тарата талқылап әкетеді. Адам істе­ген қысастықтан асып, Құдайдың ісін тү­сін­гісі келіп, басын тауға да, тас­қа да соқ­қан пенде­лердің қолдан жаса­ған тра­ги­ко­медиясын сахнаға шыға­рады. Со­ның бәрі «Рахат кешіп өмір сүр­ген­дер­ді тү­сі­нуге болады, ал азап ше­гіп өмір сү­­ре­тін­дерді Құдай не үшін жа­рат­­ты?» деген сұраққа келіп тіреле береді.  

Жалпы, роман жанрының ерекше­лігі, онда романтикалық сарын ғана емес, памфлеттік сипат та болуында болса керек. Романның шыққан тегін дра­ма­­дағы трагикомедиямен байла­ныс­тыруға әдебиет тарихында мысал жет­кілікті. Соның ішінен қарап отыр­саңыз, кейбір атақты романдарды бір­ден қабылдау қиынға түсіп жатады. Себебі өзіңе бейтаныс өмірдің сурет­тері бірде таңсық болып көрінсе, бірде тосын көріністерімен тосылтып тастайды.

Жоғарыда айтқанымыздай бірінші том өте жатық оқылған­мен, кейінгі томдарды бойға сіңіріп оқу үшін біраз күш керек.

Романның тереңіне бойлай алмай, бетін қалқып оқығандардың екіұшты пікір айтып жүргені содан да болуы мүмкін. Уақытында оқылмау, уақытында бағаланбау дегеннің бір кесірі осында жатыр. Осындайда маған бұл алты том кітаптың бар дәурені сол шекараның арғы бетінде өтіп кеткендей әсер береді де тұрады. Аңыз қайда туса, сонда қала ма дейсің. Себебі орта басқа, тұрмыс бөлек, тіршілік те ұқсамайды. Бізде зынданға тасталды десе ертегі сияқты, ал итжеккенге айдалды десе ет-терімізбен сезін­гендей боламыз. Содан ба, түр­меде отырып темекі қорабына роман жазған адамның жанкешті әре­кетін көз алдымызға толық елестете алмаған тәріздіміз. Құлақ­пен естісек те, жүрекпен сезі­не алмайтын бір хикмет болып көрін­ген сияқты.

Ал егер ол қазақ болмай, не не­міс, не француз, не америкалық біреу болса қайтер еді? Адам мүмкін­дігінің шегінен тыс әре­кеттер лезде сенса­цияға айналып, дақпырты әлемді шарлап кетпеуші ме еді? Оның үстіне өркениет әлемінің адам құқы­ғын тап­таған жүйеге қарсы жазыл­ған шығар­маларды жоғары бағалайтыны қайда?

Батыс елдері түрме тақыры­бын­­дағы шығармаларға да көп мән береді. Александр Дюманың «Граф Монте-Кристо» романындағы Иф қама­лы­нан бастап, Стивен Кингтің «Шоушенк­тен қашу» повесіне дейін қанша­ма шығар­маларды атауға болады. Алайда Шоушенк пен Шәуе­шектің арасы екі басқа десеңіз де, өмірінің тең жар­тысын қамауда өткізген, сонда жатып протестік сипатта роман жазып, аяқ­таған адам назардан неге тыс қалды? 

 (Жалғасы бар)

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК