• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 31 Наурыз, 2020

Ою-өрнекті орнымен пайдаланған жөн

877 рет
көрсетілді

Бұрынғы кеңестік республикалардың бірқатарында тәуелсіздік жылдарында ұлттық ою-өрнек гротеск сипатына ие болғаны байқалады. Ұлттық тұтастықты іздеу жолында бейнелеу қолданбалы сәулет өнерінде, мемлекеттік нышан белгілерде, өнеркәсіптік дизайнда этно нақыштарды бей-берекет пайдалану белең алды. Егер ежелгі дәуірлерде ою-өрнек киелілік, ғарыштық және философиялық мән-маңызға ие болса, қазір жаппай және кейде тіпті парықсыз пайдаланудың салдарынан татымсыз, талғамсыз көрінетін кезі де аз емес.

Таяуда Алматыда Кіндік Азия сурет­­шілерінің ұжымдық көрмесі өтті. Осы­лайша Aspan Gallery ORNAMENTUM галереясы Орталық Азия­ның осы заманғы суретшілері – ташкент­тік Диляра Каи­пова, бішкектік Марат Райымқұлов, отандастарымыз Ба­қыт Бүбіқанова, Елена мен Виктор Во­робьевтардың туындыларын тоғыстырды.

Қарап отырсақ, бүгінгі таңда жалған этностық декоративтік стиль тулар мен елтаңбаларда, орындықтар мен қоқыс салатын жәшіктерде де кездесетін болды.

Оның себептері түсінікті де: КСРО ыдырағаннан кейін респуб­ликалар бұ­рынғы көзді жауыр қылған кеңестік атри­бутикадан арылып, тәуелсіздікті танытатын жаңа нышан белгісіне қысқа мерзімде көшуге тиіс болды. Бірақ, оның көп жағдайда тек сыртқы бейнесі ғана өзгергенімен, шын мәнісінде ішкі маз­мұны сол қалпында қалатын. Өзіңді бұ­рынғы биліктен ажыратып, бөліп алу үшін заттарды жаңа ұлттық түске бояп, өз ою-өрнегіңді қоссаң жеткілікті секілді кө­рінген...

Ал Алматыда тоғысқан төрт қылқалам шебері осы мәселеге бай­ланысты көз­қарастарын ор­таға салды. Ою-өрнек мәдениет­терді жақындастыратын тәсіл ғана емес, сонымен бірге меди­тациялық әдіс екенін түсіндіруге ұмтылды. Бұл ретте олардың шы­ғармашылығындағы ою-өрнекті тек пластикалық форма ғана деп емес, барынша кең мағынасында оны өнер арқылы сыртқы ұқсас­тықпен ғана шектелмейтін, ғалам­ның шынайы табиғатын өнер ар­қылы жалғастыруға деген тал­пы­ныс деп те түсіну қажет.

Олардың шығармашылығында иерархия жоқ, бұл жерде бейнелеу және қолданбалы өнер, дәстүрлер мен инновациялар, асқақ өнер мен бұқаралық мәдениеттің бәрі ұштасып жатыр. Ендеше, көрмеге кел­ген танымал көршілеріміз ту­ра­лы қысқаша баяндайық.

 «Ою-өрнек – ұлттың төл өнерінің аса маңызды бөлігі»

Өзбекстандық қылқалам ше­бері Диляра Каипова өзбек­тің дәстүрлі икат ою-өрнек мотив­терін заманауи танымал мә­де­ниеттің бейнелері мен нышандарын – Микки Маус, Капитан Америка, Крик белгілерімен ара­­ластыра отырып, жаңаша тү­сіндіреді. Танымал поп өнердің бейнелері абр маталар мен ха­латтарға ауысып, солармен «ас­тасу арқылы» жаһанданудың нышанына айналып, олардың ұлттық құндылықтар мен ұлттық бірегейлікке қалай әсер еткенін паш етеді.

Каипованың матадағы еңбек­тері алғаш рет 2016 жылы Таш­кентте көрсе­тіліп, содан бері Қыр­­ғызстан, Грузия, Ресей және БАӘ елдерінде болып қайт­ты. Суретшінің шығармашылығы туралы BBC корпорациясы репортаж түсіріп шығарған.

«Ою-өрнек – ұлттың төл өне­рінің аса маңызды бөлігі, әр­қайсысының өзін­дік семантикасы мен мақсаты бар, олар кез келген халықтың тарихы мен өзіндік ерекшелігін бойында сақтайды. Мен ескі мен жаңаның, «өзіміздікі» мен «өзгенің» шие­ленісіне назар аударту үшін ха­лықтық өнердің осынау кемел әрі та­маша әлеміне кіріп, оған «бө­тенді» енгіземін, икат­­тың бояу­лары мен ою-өрнек­терінің бұлдыр поэтикалық әле­мін бөгде мәдениеттің қатаң мини­ма­листік белгілерімен айқастыруға тал­пыныстар жасаймын», дейді Диляра.

 

«Бәрі туралы» шексіз өрнек құрас­тыруға болады

Бішкектік Марат Райымкулов – «705» шығармашылық тобының негізін қалаушылардың бірі. Ол өзінің заманауи театрландырылған қойылымдарымен Алматыға бұ­рын да келді. Райымкулов графи­калық туындылар мен ойдан шы­ғарылған немесе күнделікті өмір­ден алынған қиял-ғажайып бей­нелер мен оқиғалар өзіндік ерекше ою-өрнекке айналатын мо­нументалды көркем суреттер салады.

Райымкуловтың туындылары Қыр­ғызстанда, Норвегияда, Швейцарияда, БАӘ, АҚШ, Ита­лияда, оның ішінде 2011 жылғы Венеция биеннале шарасында Орталық Азияның павильонына қойылған.

«Бастапқыда өзім жұмыс істейтін графика мен ою-өрнектің өзара қалай әрекеттесетіні түсі­ніксіздеу болды. Ою-өрнек біздің түйсігімізде, түпсанамызда симметрия мен ассиметрия заңдарына толы этностық оюлы элемент ретінде қабылданады. Әйтсе де, егер ою-өрнекті табиғаттың, со­циумның немесе басқа да әлде­ненің элементтерін қамтитын өрнек ретінде қарастыратын бол­сақ, дәл осы тұста өзім жұмыс істейтін суреттермен арада параллельдер тартуға болады. Мен балалық шағымнан бастап Ғалам­ның эволюциясы, жер бетінде тіршіліктің түзілуі, адамдар ара­сындағы мәңгілік достық пен кү­рес туралы таң­ғаларлық теориялар жинақталған түрлі суреттерге толы энциклопедияларға қызығатынмын. Осылардың бар­лығынан ешкімді ұмыт қалдыр­май «бәрі туралы» шексіз өр­нек құрастыруға болады. Бұл қызы­ғушылығым түрлі сипатта суреттерде көрініс табады деп ойлаймын. Бұл минералдар, елестер, адамдар, озбырлар, бациллалар мен кометалар туралы түр­ліше  энциклопедиялар», дейді Марат.

 

«Арт маманы емес мен үшін мұндай көрмеге қатысу аса қызықты»

Ақтөбелік қылқалам ше­бері Бақыт Бүбіқанова жаңа көр­кем­суреттер сериясында тор сы­­­зық­­ты дәптердің бетін сурет са­­латын полотно ретінде қарас­тырады. Бейнебір мектеп қа­быр­ғасына қайта оралғандай, «дәп­тер беттеріндегі» тор сызық­тар­дың аясында түрлі  ою-өрнек­терді салады. Көбіміз сол дәптер беттеріне суретті құр түйсікпен сызатынбыз. Осынау ойланбастан салынған оюлар мен өрнектер біз­дің көрнекті кодымыз бен пси­хи­камыздың бейнесіне және өз дә­уіріміздің ескерткішіне айнал­мақ. 

Бақыт қазақстандық жаңа бу­ын қыл­қалам шеберлерінің ай­тулы өкілде­рінің бірі. Оңтүс­тік Корея, Әзербайжан, Франция, Ұлы­британия, АҚШ, Ресейде өз көрмелерін өткізген. Оның туындылары 2019 жылғы Венеция биеннале шарасында Қазақстанның дебюттік павильонына қою үшін іріктеліп, соңғы сәтте өтпей қала­ды.

«Арт маманы емес мен үшін Aspan Gallery ORNAMENTUM көрмесіне қатысу аса қызғылықты. Мен басқа сурет­шілердің туын­дыларын, көрмелерді және бізге тиесілі дүниелердің ортақ кеңіс­тікте қалай көрініс табатынын ұнатамын. Менің қолымнан шық­қан туындылар өзгелерден «көшіріп алынғандықтан» маған тиесілі еместігімен де қызықты. Яғни, мен алдымен материалдар жинадым, сурет салдым, өз қо­лымды қойдым, бірақ бұл туындылар іс жүзінде менің санамнан шықпаған ақпаратты жеткізеді»,  дейді Бақыт.

 

«Кез келген билік дәстүрлі ою-өрнек­тің қасиетіне арқа сүйейді»

Елена мен Виктор Воробьевтар – Венеция биеннале шарасының (2017) негізгі экспозициясында өз туындыларын көрермен назарына ұсынған тұңғыш ортаазиялық суретшілер.

Олар 2015 жылы Алматыдағы Қас­теев атындағы өнер музейінде өткен өзде­рінің «Ұйқыдағы су­ретші» атты ретро­спективалық көрмесінде «Ою-өрнекші – Орна­ментализатор» атты қазақ­тың ою-өрнектері формасында ла­биринт түріндегі монументалдық инсталляциясын орнатқан-ды. Осы көрме арқылы жаңа жоба­лардың сериясымен бастаған тақырыптарына қайта оралды.

Олар айналадағының бәрінен ою-өрнектің ізін табады және біз көбінесе байқай бермейтін қарапайым заттарға жеңіл әзіл-қалжыңмен назар аудартады.

«Халықтық мәдениеттің құ­­рамдас бөлігі ретінде ою-өр­некке магиялық си­пат беріледі. Ха­лықты өзгеше әсерге бө­леу, сиқырлаудың түрлі амалдарына ба­ратын кез келген билік дәстүрлі ою-өрнектің осынау қасиетіне арқа сүйейді. Осы функцияға ие болу арқылы ою-өрнек саяси ықпал жүргізу құралына ай­на­лады. Ғаламдық «өрнек» жасау үшін, магиялық қолөнершілікті қолдану объектісі, «негізі» ретінде танылатын ха­лық­ты жаппай «ою-өрнекке айналдыру» құбылысы жүріп жатыр», дейді Елена.

 

АЛМАТЫ