Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирус індетінің таралуы салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, бірқатар маңызды шешімін жариялады.
Өз кезегінде Қазақстан Президенті елдегі қабылданып отырған қатаң шаралардың уақтылы әрі орынды екенін, елде вирустың жаппай таралуына жол берілмейтінін атап көрсетті. Сондай-ақ ол халықтың әлеуметтік жағдайының төмендеуін болдырмаудың маңыздылығына тоқталып, азаматтар мен бизнеске арналған нақты көмектің қосымша тетіктерін ұсынды.
Осыған дейін Дағдарысқа қарсы алғашқы шаралар топтамасына сәйкес жалпы көлемі 4,4 триллион теңгені немесе 10 миллиард долларды құрайтын қаражат бөлінгенін айта кету керек.
Сөйтіп Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес осы жылдың 1 сәуірінен бастап дағдарысқа қарсы бірқатар жаңа шаралар іске қосылады. Осыған дейін табысынан айырылған азаматтарға ең төменгі жалақы мөлшерінде (42500 тг) қолдау көрсетіле бастаған еді. Енді бұл көмекті алатындар санаты кеңейтіліп, өзін өзі жұмыспен қамтығандар мен ресми тіркелмей жұмыс істейтіндер де осындай көмек алатын болады. Мұндай қолдау үш миллионға жуық азаматты қамтымақ.
Сондай-ақ әлеуметтік қолдау шаралары шеңберінде жалпы саны 800 мыңнан астам мұқтаж жанға, соның ішінде 1,2,3-топтағы мүгедектер мен жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға тегін азық-түлік таратылады. Өз кезегінде азаматтарға тегін медициналық көмек көрсету жалғасатын болады, себебі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтардың көмек алу құқығы 1 шілдеге дейін ұзартылды.
Карантин жағдайында халықты жұмыспен қамту мәселесі күн тәртібіндегі кезек күттірмес мәселе болып отыр. Осыған орай Мемлекет басшысы республикалық маңызы бар қалалардың жанындағы елді мекендердегі жастарды Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде жұмысқа орналастыруды тапсырды. Оларға негізгі жалақыға қоса 85 мың теңге көлемінде бір реттік көтерме ақы төленеді.
Жалпы, Мемлекет басшысы шағын және орта бизнесті қолдау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаев өз мәлімдемесінде бизнес өкілдерінің осыған дейін енгізген ұсыныстарына рет-ретімен жауап беріп, экономикалық ахуалдың әртүрлі даму бағыттарына сай мемлекеттің өз жоспары бар екенін білдірді.
Бұл ретте, Президент Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттың үнемді және орынды жұмсалуы қажеттігіне жете назар аударды. Аса ірі көлемдегі ақшалай қаражаттың мақсатты және тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету міндеті Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетіне жүктелді. Өңірлік тексеру комиссиялары мен қоғамдық кеңестерді де осы жұмысқа тартудың маңызды екенін, бірақ төтенше жағдайдың ерекше шарттарын ескеру қажеттігін атап өтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру азаматтардың мемлекет пен билікке деген сенім дәрежесіне тікелей байланысты. Бұл тек проблемалар және оларды шешу бойынша қабылданған шаралар туралы қоғамды барынша ақпараттандыру арқылы іске аспақ. Осыған орай Президенттің өзекті мәселелерді шешу жолында мемлекеттің ашықтығы мен қоғаммен сұхбатқа әзірлігін көрсете білгенін атап өткен жөн.
Сөйтіп, Президент қандай күрделі кезең болсын, мемлекет тарапынан мұқтаж азаматтарға әрдайым көмек жасалатынын, уақытша қиындықты бірлесіп еңсеруге болатынына сенім білдірді. Осындай сын сағатта халықтың ауызбіршілік танытып, мемлекетке қолдау көрсетуі маңызды болмақ.
Мәдина БЕКТЕНОВА,
Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының жетекші ғылыми қызметкері