Бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков және қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева төтенше жағдайға байланысты онлайн білім беру жүйесінде атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде жан-жақты баяндады.
Шымкент оқушылары үшін төртінші тоқсан ерекше форматта өтеді. Өйткені елдегі қалыптасқан жағдайға байланысты балалар қашықтан оқыту жүйесіне көшіп отыр.
– Миллионды қала оқушылары білім беру жүйесінің екі бағыты бойынша қамтылмақ. Оның бірі - интернет платформа. Екіншісі - теларналар арқылы, бұл - ең тиімді әрі оңай тәсіл, - деп атап өтті Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Алмасбек Мамытбеков баспасөз брифингінде.
Қалалық Білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, Шымкенттегі 147 мектептің 25-і - жеке меншік.
– Білім басқармасы 222 мыңнан астам оқушының материалдық жағдайын саралап, оларды бірнеше топқа бөлді. 30364 бала аз қамтамыз етілген отбасыдан шыққан. Оның 17 мың 616 компьютер қажеттілігі туындаған. Бұл мәселені шешу мақсатында қала мектептеріндегі 10 192 компютер оқушыларға таратылып берілді. Ал қалған 7424 балаға қажетті компьютер сатып алу үшін республикалық бюджеттен 2250,0 миллион теңге бөлінді. Ол қаржыға 9000 компьютер сатып алуға мемлекеттік сатып алу жұмыстары ұйымдастырылуда. Бұл жуық арада шешіледі, - деді басқарма басшысы.
Қашықтан оқыту жүйесі Қазақстан үшін таңсық емес. Алайда мектеп оқушылары жалпы бұндай жаппай қашықтан оқыту жүйесін бірінші рет қолданып отыр. Сондықтан қиындық болуы заңдылық. Сала мамандарының хабарлауынша, 17 мыңнан астам ұстаз тас түйін дайын отыр. Олар алдын ала әлеуметтік желілер мен мемлекеттік бағдарламаларды каникул кезінде қарады. Жаңа оқу тоқсанына қатысты жоспарларын түзіп қойған. Әр пән мұғалімі соңғы тоқсанда оқытылуы қажет сабақтардың арнайы кестесін жасаған. Бұл үйде отырған бара үшін тиімді. Өйткені уақытын босқа өткізбей сабақ оқиды.
Ата-анаға қиындық болмас үшін қалалық Білім басқармасы арнайы балалардың тізімін жасап, үйінде компьютері жоқ көмекке мұқтаж балаларға мектептегі компютерлерді жеткізіп, интернет желісін жалғатып беріпті. Мұқтаж отбасыларға оның ақысын да төлеп берген. Ол қаржы мектепке тартылған интернетке кететін шығын есебінен жабылған.
- Ұстаздардың сабағын жазып үлгермеген бала телеарналар арқылы да сабақ оқуына мүмкіндігі бар. Республикалық «Хабар» және «Ел Арна» телеарналарында күнделікті сабақтар жүреді. Қазір 30 мыңнан астам дәріс әзірленген. Ол сабақтар жергілікті «Айғақ», «Оңтүстік» және «Отырар» телеарналарынан берілетін болады. Жалпы бұл жүйе орта білім мекемелерінде алғаш рет қолданылып отыр. Сондықтан ұстаздар үшін артылған жауапкершілік үлкен. Дегенмен біз бар күшімізді саламыз, - деді Білім басқармасының басшысы.
ШЫМКЕНТ