Жұма күні «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирі арқылы онлайн-брифинг өткізген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев төтенше жағдайға байланысты діни шараларға уақытша тыйым салынғанын айтты.
«Коронавирус жұқтырғандар статистикасы үнемі жаңаруда. Індет еліміздің түгелге жуық өңіріне таралды. Сондықтан бірқатар өңірде карантин талаптары күшейтілді. Мұның барлығы азаматтар үшін моральдық, эмоционалдық тұрғыда оңай емес екенін түсінеміз. Сол үшін, қазір ең бастысы – сабыр сақтау және мойымау. Бұл шешімдердің барлығы – ұлттық қауіпсіздік үшін қажет шаралар. Басты мақсат – елдің, халықтың қауіпсіздігі. Сондықтан айтылған талаптарды қатаң сақтау керек. Қоғам амандығының басты шарты – осы», деді Д.Абаев.
Өткен аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әскери міндетті азаматтарды арнаулы жиындарға шақыру туралы қаулысы шықты. Д.Абаев мемлекет басшылыққа алатын қағидаттарды атап өтті. «Біріншіден, қажет болған жағдайда ғана шақыру. Мемлекет күші жеткілікті жерлерге әскери міндетті адамдарды шақырмайды. Екіншіден, өз еркімен баратын адамдарға басымдық беріледі», деген ол қабылдау кезінде жасы, отбасылық және денсаулық жағдайы сияқты барлық факторлар ескерілетінін, жұмыс істеушілердің жалақысы сақталатынын, сондай-ақ жұмыссыз азаматтарға төлемдер болатынын да жеткізді.
Бұған қоса оларға қызметте тәулік бойы болу қажет емес, жұмыс күні аяқталғаннан кейін үйіне қайтады және олардың барлығы медициналық бақылаудан өтеді, қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етіледі. Осыны түсіндірген министр: «Бүгіннің өзінде бірқатар азамат Отанға қызмет етуге дайын екендігін білдірді. Осы тұста, сол азаматтарымызға алғыс айтамын. Елдің қорғаны мен мақтанышы – өздеріңіз. Сонымен бірге қазір көптеген азаматты ел қорғаны деуге толық негіз бар. Олар – вируспен күресіп жатқан дәрігерлер, мұқтаж жандарға көмек беріп жүрген волонтерлер, күніне жүздеген маска тігіп жатқан тігіншілер, карантин режімінің сақталуын бақылап жүрген полиция қызметкерлері, антисептик шығарып жатқан зауыт жұмысшылары, жедел жәрдем жүргізушілері. Міне, Президенттің «Біз біргеміз!» деген ұранының мәні мен мағынасы да осында.
Әр адам өз ісін адал атқарып, ортақ проблеманы шешуге атсалысады. Осылайша Отанға қызмет етеді. Әскери міндетті азаматтарды шақыру дегеніміз – мемлекет проблемаларды азаматтар арқылы шешейін деп жатыр деген сөз емес. Бұл – адамдарды өздерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге барынша кеңінен тарту жөніндегі конституциялық шара», деді.
Діни шараларға уақытша тыйым салынады
Д.Абаев төтенше жағдайға байланысты діни шараларға да уақытша тыйым салынғанын хабарлады. «Сәуір айында біздер үшін маңызды діни мейрамдар келе жатыр. Олар – Ораза, православтық және католиктік Пасха, яһудилік Песах және тағы да басқалар. Сөзсіз оның барлығы азамат үшін үлкен маңызы бар. Біз азаматтарымыздың діни сеніміне зор құрметпен қараймыз. Алайда коронавирус індеті барлық адамның денсаулығына, өміріне қауіп төндіруде. Сол үшін көп ел эпидемияға қарсы бұрын-соңды болмаған шектеулер енгізуде. Вирус таралмауы үшін адамдар жиналатын барлық шараға, оның ішінде діни шараға да уақытша тыйым салынды. Себебі бұл діни шаралар кезінде адамдар ғибадат орындарына барып, туыстарымен, жақындарымен жиналады. Бірге мазар басына барады. Одан да басқа әртүрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар болады. Сол үшін қазіргідей күрделі уақытта ең басты мәселе – адамдардың денсаулығы мен амандығы. Ешқандай дін адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіргенді мақұлдамайды», деген министр барлық діни және этномәдени ұйымдарының басшылары мен азаматтарын түсіністік танытуға шақырып, осы мейрамдар кезінде карантин режімінің сақталуын сұрады. Сондай-ақ мерекелік рәсімдерді онлайн өткізуді ұсынды.
Жұма күні Премьер-Министрдің төрағалығымен Мемлекеттік комиссияның отырысы өтіп, бірқатар мәселе қаралды. Соның ішінде Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру да бар. Осыны айтқан министр: «Бөлінген 1 трлн қаржының шамамен 970 млрд теңгесі аймақтарға бөлінді. Бағдарлама әлеуметтік, көліктік инфрақұрылымды, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту және елді мекендерді жақсарту арқылы жұмыс орындарын құруға бағытталған. Сонымен қатар жаңа нысандардың құрылысы қарастырылған. Бұл – 147 әлеуметтік нысан, 56 тұрғын үй мен жатақхана, 75 сумен жабдықтау нысаны, 33 газбен жабдықтау нысаны, 42 электрмен жабдықтау нысаны және т.б. Сондай-ақ 2,5 мыңнан астам әлеуметтік нысан 73 мың жұмыс орнын ашу арқылы қайта құрылады. Бұл – мектептер, ауруханалар, спорт кешендері, мәдениет үйлері. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың 979 нысаны жаңғыртылады. Бұл – сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және су бұру жүйелері сияқтылар. Мұнда шамамен 40 мың жаңа жұмыс орны құрылады», деген Д.Абаев жалпы 7 мыңнан астам жоба іске қосылып, 240 мыңға жуық жұмыс орны ашылатынын атап өтті.
Тәртіпке бағынған құл болмайды
Төтенше жағдай ережелерін сақтамаған тұрғындардың әлі де табылып жатқанын жеткізген ведомство басшысы әсіресе жалған ақпарат таратушылардың қатары көп екенін айтты. «Қазір коронавирусқа қатысты фейк жаңалықтар өте көбейіп кетті. Азаматтар өздері де байқамай ескі видеоларды, басқа елдерде болған оқиғаларды бізде болған деп ойлап, таратуда. Әртүрлі жалған аудиожазбалар тарап жатыр. Оған кейбір адамдар сенуде. Мұның барлығы қоғамда үрей туғызады. Сондықтан тағы да қайталап айтамыз, тек ресми ақпарат көздерін қараңыздар. Сол жердегі мәліметке ғана сеніңіздер. Қазір барлық полиция департаменттерінде осындай жалған ақпараттарды және оны жариялаған адамдарды анықтайтын арнайы жұмыс топтары бар», деді ол. Бүгінде елімізде осындай дерек бойынша 41 іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатқанын жеткізген Д.Абаев барлық кінәлі адамдар заңға сәйкес жазаланатынын айтты.
Кеше кешкі мәліметке сүйенсек, еліміз бойынша коронавирус жұқтырған 569 жағдай анықталды. Оның көбі Нұр-Сұлтан (219 адам) мен Алматы (115 адам) қалаларында тіркелген. Ал Шымкент қаласында ауру жұқтырғандардың саны – 13 адам. Облыстарға келер болсақ: Ақмола облысы – 23, Ақтөбе облысы – 10, Алматы облысы – 10, Атырау облысы – 23, Шығыс Қазақстан облысы – 5, Жамбыл облысы – 28, Батыс Қазақстан облысы – 2, Қарағанды облысы – 31, Қостанай облысы – 1, Қызылорда облысы – 31, Маңғыстау облысы – 3, Павлодар облысы – 1, Солтүстік Қазақстан облысы – 25, Түркістан облысы – 29 адам. Қазірге дейін 36 науқас жазылып шықты. Ал қайтыс болғандардың саны алты адамға жетіп отыр.
Коронавирустан қайтыс болған алтыншы адам Шымкент қаласында тіркелді. Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, 1964 жылғы науқас Түркістан облысының тұрғыны. Ол халықаралық жүк көлігінің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Соңғы апта ішінде Ресейден Алматыға 1988 жылғы ұлымен бірге келе жатқан жолда дене қызуы көтеріліп, ауырған. 3 сәуірде Шымкент қаласы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген науқастан коронавирус анықталып, жағдайы өте ауыр болған. Ол қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан 5 сәуір күні сағат 03:50-де қайтыс болды. Ал қазіргі уақытта ұлы Алматы қаласында стационарлық карантинге оқшауланды.
Айта кетейік, Түркістан облысының әкімдігі облыстағы карантин 17 сәуірге дейін созылатынын жариялады. Ал Жамбыл облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысымен Қордай ауданының аумағында 6 сәуірден бастап ерекше талаптары бар шаруашылық және (немесе) өзге де қызметтерге, тұрғындар тіршілігіне карантин режімін енгізу туралы шешім қабылданды.
Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»