• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 06 Сәуір, 2020

Оралда алматылық блогер 10 тәулікке қамалды

252 рет
көрсетілді

Алматылық блогер достарымен бірге карантин ережесін бұзып, оралдық мейрамханалардың бірінде демалғаны үшін полиция тұтқындағанын жазған едік. Орал қаласының әкімшілік соты бүгін блогер мен достарына шешім шығарды.

Оқиға 4 сәуір күні кеште әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбадан басталған еді. Орал қаласына Ресей Федерациясынан 31 наурыз күні келген алматылық блогер өзінің достарымен мейрамханада қонақ болып отырғанын бейнеге түсіріп, «Карантинге қарамастан оралдықтар лайықты қарсылады» деген бейнеролик таратқан болатын.

«Бұл оқиға Абай полиция бөлімінің қылмысты тіркеу кітабына жазылып, полиция карантин режімін бұзған төрт адамды анықтады. Бейнероликтің авторы – 1992 жылы туған алматылық азамат. Төтенше жағдай режімін бұзған төрт азаматтың ісі сотқа жолданып, Орал қалалық әкімшілік соты оларды он тәулікке абақтыға қамау туралы шешім шығарды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Бұдан бөлек, күшейтілген карантин режімін бұзғаны үшін мейрамхана қожайынына байланысты іс те қазір сотқа жолданған.

Орал қалалық полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, соңғы үш айда тіркелген қылмыс саны былтырғымен салыстырғанда анағұрлым азайған. Мысалы қарақшылық тонау қылмысы 72-ден 45-ке, бұзақылық 58-ден 50-ге дейін кеміген. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар, ұрлық 50%-ға азайған.

Сондай-ақ төтенше жағдай енгізілгелі Орал қаласы аумағында қылмыстың барлық түрі кемігені байқалады. Тек қана интернет арқылы жасалатын алаяқтық көбейген екен. Полиция азаматтарды абай болуға шақырады.

 

Батыс Қазақстан