АҚШ президенті Дональд Трамп Оңтүстік Суданға қарсы санкция мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Мемлекет басшысы санкция енгізу мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа кедергі келтірушілерге қарсы әрекет дейді. Ол бұл шешімін Конгреске жолдады.
Санкциялар 2014 жылы сәуірде Барак Обаманың кезінде салынған еді. Мұндай әрекетке Оңтүстік Судандағы азаматтық соғыс себеп болды. АҚШ Суданды елдегі қақтығыста адамдарға зорлық-зомбылық көрсетіліп, әскер қатарына кішкентай балалар тартылды, бейбіт халыққа қастандық жасалып, гуманитарлық операцияларға кедергі келтірді деп айыптайды. Трамп Конгреске: «Оңтүстік Суданда келеңсіздіктер әлі жалғасып жатыр, сондықтан санкция мерзімін ұзарту қажеттілігі туындап отыр. Оңтүстік Судандағы және оның айналасындағы бүгінгі жағдай АҚШ-тың да ұлттық қауіпсіздігі мен сыртқы саясатына кесірін тигізуі мүмкін. Сондықтан 2014 жылы 3 сәуірде енгізілген қатерге қарсы төтенше режім 2020 жылы да жалғасуы керек», деді.
Дональд Трамптың бұл мәлімдемесінің шындық екеніне халықаралық ұйымдардың да ескертулері дәлел. Елдегі жағдайға БҰҰ-да алаңдаулы. Мыңдаған адамның өліміне себеп болған оңтүстіксудандық қарулы қақтығыс «Суданның ұлт азаттығы үшін күрес» қозғалысының бөлінуінен басталды. Қозғалыстың таралуына одақ мүшелерінің республика президенті Салва Киирге қарсылар мен оны жақтаушылар болып екіге бөлінуі себеп болды. Бұл этносаралық қақтығысқа әкелді. Өйткені қарулы оппозиция көшбасшысы Риек Машар Тенидің тобына нуэр халқы тартылып, мемлекеттік әскерге мемлекет басшысы шыққан динка этностық тобының өкілдері шақыртылды.
Трамп елде адам құқықтары қорғалмаған жағдайда бұл санкцияға шек болмайтынын айтты. Олай деуге үлкен негіз бар. Өйткені соғысушы тараптар адамдардың ашығуын соғыс жүргізу тәсілі ретінде қолдануда. Ақпаратқа сай, бүгінде 6,5 млн халық азық-түлік тапшылығын сезінуде. Ал бұл Оңтүстік Судан халқының жартысынан көп. Онымен қоса халық үнемі босқын болуға мәжбүр, өйткені елдегі тәртіп бұзушылар адамдарға күш қолданып, басшылықтың билік пен елдегі табиғи ресурстарға таласуы салдарынан жазасыз қалып жатыр.
2018 жылы 5 жылға созылған соғысқа нүкте қойылып, президент Салва мен оның бақталасы Машар бейбіт келісімге қол қойғанда Дональд Трамп Оңтүстік Суданды қолдауға бірнеше миллион АҚШ долларын бөлген болатын. Ол бұл ақшаның экономиканы көтеруге, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмсалуы керегін айтқан-ды. Алайда елде жағдай түзеле қоймады. Бұған дейін АҚШ үлкен инвестициялық жобалардан тұратын «Африка өркендеуі» саясатын ұсынған еді. Дегенмен, Судан тарапының жауапсыздығы оларды бұл бағдарламадан құр қол қалдыруы мүмкін. Оңтүстік Суданның қазіргі тығырықтан шығар жолы АҚШ инвестициясы десек болады. Ал елдегі жаңалықтардан билікке таласқан екі тараптың әзірге мәмілеге келе қоймайтыны көрінді.