Елдегі төтенше жағдай кезінде көктемгі егіс науқанын шектемегеніміз жөн. Себебі экономикамыздың өрлеуіне ауыл шаруашылығының тигізер пайдасы көл-көсір.
Осыған орай бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражат шаруаларға «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы беріледі. Оның үстемеақысы 5 пайыздан аспайды. Бұл кәсіпкерлерге үлкен көмек. Одан да бөлек маңызды бағдарламалар іске асырылып жатыр. Мәселен, дизель отыны бағасының төмендеуі шаруашылықтардың қаржы үнемдеуіне сеп. Оны жеткізетін операторлардың жұмысы толығымен ашық болатынын ескерсек шаруашылықтардың алаңдауына негіз жоқ деп ойлаймын.
Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығына үлкен қолдау көрсетті. Төтенше жағдай кезінде атқарылып жатқан шаралар экономикамыздың күні ертең көтерілуіне ықпал етеді. Мәселен көктемгі егіс науқанын ерекше бақылауға алуы болашақта азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызы зор іс.
Шындығында күшейтілген карантин көптеген кәсіпкердің қолын байлап отыр. Сондықтан мемлекеттің қолдауы заңдылық. Алайда бизнес өкілдері Үкіметтен берілген көмекті тиімді пайдаланып, күндіз-түні тынбай еңбектенуі шарт. Берілген қаржыны оңтайлы пайдаланса ғана іс алға баспақ.
Қазір фермерлер уақытпен санаспай көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Егер біз де қала тұрғындарындай үйде отыратын болсақ, жағдайымыз тіптен күрделеніп кетпек. Сол себепті ауылшаруашылық қызметкерлері төтенше жағдайға қарамай міндеттерін атқаруда.
Жигули ДАЙРАБАЕВ,
Қазақстан фермерлері одағының төрағасы