Алматы облысында «Біз біргеміз» акциясы бастау алғалы аймақтағы мыңдаған мұқтаж жанға тегін көмек көрсетілді. Ізгі іске алғашқы болып қолдау білдіргендер қатарында өңір кәсіпкерлерінің үлкен шоғыры тұр. Қазір де олар аз қамтылған отбасыларды азық-түлік тауарларымен тегін қамтамасыз етуде.
Мысалға, бүгін Қарасай ауданының кәсіпкерлері Жанна Жазықпаева, Әзім Абдуллаев, Жанат Молдағұлов және Асқар Оспанов аудандағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетті.
- Біз көптеген отбасыны азық-түлікпен, тұрмыстық тауарларымен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. Қарасай ауданының кәсіпкерлері осындай қиын уақытта біз үшін қолдау көрсетіп, үн қатқаны қуантады. Қазіргі уақытта 92 отбасына көмек көрсетілді. Алдағы уақытта мұқтаж отбасылардың тізімін құруды жалғастырамыз, - дейді Қарасай аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Орынбай Жанәділ.
Сондай-ақ жақында «BilimInvest» білім беру инвесторларының ұлттық ассоциациясының жетекшісі Күләнда Батырбекова Талғар ауданының мұқтаж тұрығндарына материалдық көмек көрсетті. Отбасыларға азық-түлік себеті таратылды. Кәсіпкер өз қаражатына қажетті дәрі-дәрмек және медициналық бұйымдар сатып алып беруде.
Ал Алакөл ауданында кәсіпкер Досан Каримов ауданның аз қамтылған отбасыларын ұнмен қамтамасыз етуге бел буған. Ол бүгінге дейін тұрғындардың мұқтаждығын өтеу үшін 3 млн теңге қаржы шығарып, ұн сатып алды.