Төтенше жағдай кезінде нарықтың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Осы ретте Мемлекет басшысы экспорттық бағыттағы компанияларды қолдауға тапсырма берді. Олар дағдарыстан кейінгі кезеңде біздің локомотивіміз болады.
Қазақстан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ЕАЭО елдері сияқты маңызды азық-түлік тауарларының экспортына тыйым салды. Алайда қалған тауарлар бойынша экспортқа бөгет жоқ.
Әлемдік сауда өзгерген және дәстүрлі жабдықтау тізбегі бұзылған тұста біздің өндірушілерге жаңа нарықтарға қол жеткізу мүмкіндігі туды. Сонымен бірге Сауда және интеграция министрлігі де кәсіпкерлерге барынша көмек көрсетуде. Яғни, қолданыстағы бағыттар бойынша логистикалық (шекаралық шектеулерді ескере отырып) көмек көрсету, сондай-ақ жаңа нарықтарды игеру көзделген. Біздің экспорттық тауарлардың өзіндік құнын төмендету үшін дайын өнімді тасымалдау шығындарының 50%-ына дейін өтеледі.
Орта компанияларды қолдау мақсатында экспорттық акселерация бағдарламасы іске қосылды. Бұл кәсіпкерлерге экспорттық мәселелерде консультация ғана емес, әлсіз және күшті жақтарды терең талдау, сараптамалық бағалау және экспортқа шыққанға дейін толық сүйемелдеуді тегін негізде алуға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, экспорттаушыларды қолдау саясаты тоқтаған жоқ.
Азамат АСҚАРҰЛЫ,
Сауда және интеграция министрінің орынбасары