«ANTIKOR.LIVE» жобасы аясындағы онлайн брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бірінші орынбасары Талғар Серікбаев пен қалалық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Акенов төтенше жағдай кезінде жергілікті кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау шараларына тоқталды.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге, оларды бизнесті жүргізу кезіндегі әкімшілік кедергілерден қорғауға бағытталған «Protecting Business and Investments» (Бизнес пен инвесторларды қорғау) жобасы жүзеге асырылып отырғандығын жеткізді.
«Бүгінде Департаментпен жалпы сомасы 60 млрд. теңгеге жуық 30 жобаны сүйемелдеу жүзеге асырылуда. Біз әрбір жобаны тереңінен қарастырудамыз және бизнеске заңсыз әкімшілік қысым жасалған жағдайда, біздің тарапымыздан тиісті шаралар қабылдануда»,- деді Талғар Серікбаев.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеуге алудың басты шарты мемлекетіміздің аумағында адал және парасатты бизнесті жүргізу болып табылады.
Сонымен қатар, ол кәсіпкерлер тарапынан туындаған мәселелер «Атамекен» ҰКП-ның қалалық филиалымен тығыз қарым-қатынаста шешіліп жатқандығын хабарлады.
Өз кезегінде, кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Қайрат Акенов төтенше жағдайда кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау бойынша қабылданып жатқан шараларға, атап айтқанда шағын және орта бизнес саласында салық салу бойынша егжей-тегжейлі түсінік берді.
«Әкімшілік тосқауылдар немесе карантин кезеңінде бизнесті жүргізуге байланысты басқа да мәселелер туындаған кезде «Атамекен» ҰКП-ға хабарласуларыңызды сұраймыз», – деді Қайрат Акенов.
Сондай-ақ, қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі азаматтар мен кәсіпкерлер сыбайлас жемқорлық фактілеріне тап болса, 1424 Call-орталығына хабарлау қажеттігін жеткізді.
Шымкент