Дүниені дүрліктірген індет адамзатқа өмірдің, әсіресе денсаулықтың қадірін, сонымен бір мезгілде адам өмірін, денсаулығын сақтайтын медицина ғылымы мен саласын дамытудың аса маңыздылығын ұқтырған секілді. Осыған орай, біз еліміздегі медицина ғылымының дамуына кедергі болып отырған түйткілдерді саралауды жөн көрдік.
Ғылым мен мемлекеттік мүдде
Кез келген адам үлкен іске кіріспес бұрын арнайы жоспар құрады. Мұның маңызы сол – жоспар нақты мақсаттардан тұрады. Бұл жеке индивидке ғана емес, мемлекеттік мүддеге де қажет. Оны әрбір елдің белгілі бір жылдарға арналған стратегиялық жоспарларынан көреміз. Медицина ғылымын дамыту мемлекеттік мүддеге айналады десек, онда осы межеге жетудің анық мақсат-міндеттері белгіленген мемлекеттік стратегия керек-ақ.
Ұлыбританиядағы Кембридж университетінің мамандары коронавирусты 90 минутта анықтайтын Samba II тестін ойлап тапты. Тағы да осы Англияның The Guardian газеті британдық ғалымдардың COVID-19-дың таралуын және қазіргі вирустық ахуалды анықтайтын екі түрлі тест әзірлегенін жазды. Англия үкіметі қазір Оксфорд университетінің ғалымдары тексерістен өткізіп жатқан тестердің 3,5 млн данасын сатып алатынын жариялады. Міне, бүгін бүкіл адамзат қауіпті індетпен әрі одан туған дағдарыспен күресіп жатқанда Ұлыбританияның зерттеушілері осындай нәтиже көрсетіп отыр.
Бұл ненің белгісі? Әлбетте Кембридж университетінің негізі 8 ғасыр бұрын, ал Оксфорд университетінің тіпті одан әріректе құрылғанын есімізден шығарған жоқпыз. Десе де мұнда үкіметтің ғалымдар еңбегін өндіріске енгізуге бағытталған лайықты стратегиясы бар екенін және оның нәтижелі жұмыс істеп тұрғанын байқауға болады. Бұған көз жеткізу үшін көп қиналмадық. Аталған елде Медицина ғылымдарының академиясы (The Academy of Medical Sciences) жұмыс істейді. Осы академияның ресми сайтында 2017-2021 жылдарға арналған медицина ғылымын дамытудың стратегиялық жоспары тұр. Сол стратегияда: «Біріккен корольдіктің және жаһанның денсаулығы ең үздік зерттеу арқылы дамиды», делінген. Академия әлеуметтік желілерде ғалымдардың еңбегімен, сауатты ой-пікірімен белсенді бөлісіп отыр. Ең аяғы, біз қоғамды майталман мамандармен тікелей байланыстырып, зерттеушілердің тұшымды сараптамасымен қамтамасыз ете алмай, ресми хабарлар мен шолақ жаңалықтармен ғана шектеліп жүрміз. Бәрінен бұрын мемлекеттік мүддеге негізделген нақты стратегиялық жоспар жүзеге асса, академия да, ондағы сақа сарапшылар да сөзсіз медицина ғылымына еңбек етеді.
Тиісті төлемақы алмайды
Медицина саласында 7 жыл оқып, мамандық алған жастардың көбісі бизнеске кетуді немесе шетелге көшуді қолай көреді. Медицина ғылымдарының кандидаты, PhD Дәуренбек Мырзашұлы медицина ғылымының дамуына кедергі келтіріп тұрған үрдісті жою үшін саладағы зерттеушілер мен ғалымдарды моральдық және материалдық жағынан ынталандырып, әлеуметтік беделін арттырып, экономикалық тұрғыда тиімді кәсіби ортаны ұсыну қажет деп санайды.
«Егер осындай іс-шаралар мемлекет тарапынан қолдау тапса, ғылыми медицина кадрларының шетелге кетуі азаяды. Әсіресе жас мамандардың табысы жоғары басқа салаға кету мәжбүрлігін тоқтатады. Мысалы, медицина саласындағы ғылыми қызметкердің табысы бала-шағасын асыраудан, үйінің ай сайынғы коммуналдық қызмет ақысы мен күнделікті жолақысынан артылмайды. Сондықтан шетелдік тағылымдамаға кеткенде әрбір отбасы мүшесіне тиісті жәрдемақы бөлінсе, шетелдік ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға және конгрестерге бару шығындары өтелсе, ғылыми қызметкер де, білікті маман да тапшы болмас еді», дейді.
Кардиолог дәрігердің сөзінің жаны бар, себебі осы мақаланы жазу барысында 10 шақты ғалыммен сөйлестік, тағы осыншама (шетелдік, отандық) ғалымның аталған тақырыпта жазған баяндамалары мен ой-пікірлерін оқыдық. Сонда Қазақстанда медицина ғалымдары ғылыми дәрежесі үшін тиісті төлемақы алмайтынын білдік. Бұл жағдайды дәрігер-кардиолог Д.Мырзашұлы: «Ғылыми орталықтарда дәрiгер қызметін атқара жүрiп, ғылыми жобалармен айналыссаңыз ғана ғылыми дәрежеңiзге қосымша ақы төленедi. Жеке клиникаларда категория және ғылыми дәреже үшiн қосымша ақша төлемейдi. Бар айырмашылық, ғылыми дәрежеңiзге қарай қызметiңiз қымбатырақ тұрса, жалақыны көбiрек алуыңыз мүмкiн», деп түсіндірді. Негізі жекеменшік қана емес, қарапайым емханалар мен ауруханаларда жұмыс істейтін мамандар да ғылыми дәрежесі үшін ақша алмайды. Өйткені теориялық емес, практикалық бағытта жұмыс істеп жүр. Тіпті елордадағы ұлттық ғылыми орталықтардың дәрігерлері де басшылықтың ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақының төленбеу себебін түсіндіре алмайтынын жеткізді. Міне, мұның өзі медицина ғылымын дамытуға үлкен тұсау болып тұрғандай. Бір қызығы, осы жайт, дәрігерлердің айтуынша, барлық жерде біркелкі емес. Айталық, бір ауруханада төлейді, екіншісінде мекемелердің мәртебесі бірдей бола тұра төленбейді.
Бөлек грант бөлінуі керек
Жауаптылар ғылыми дәрежеге төленетін төлемақы жөнінде Білім және ғылым министрлігіне сілтейді, ал жалпы медицина саласының мамандарын даярлауға Денсаулық сақтау министрлігі міндетті. Бірізділік жоқтығының зияны осындайда көрінеді.
«Денсаулық сақтау министрлігінен ғалымдарға бөлінетін гранттың бар-жоғын білмеймін. Бірақ жас ғалымдардың ғылыми жобаларына арналған грантты Білім және ғылым министрлігі тағайындайды. Онда техникалық салаға көбірек көңіл бөлінеді. Осы орайда медицина саласына бөлек тиісті министрліктен грант қарастырылуы қажет. Себебі медицинаның өзі қаншама салаға жіктеледі. Ауқымы өте кең, сол себепті Білім және ғылым министрлігінен жалпы ғылыми жобаларға қарастырылған грант медицина ғылымын жартылай қамтуға да жетпейді. Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі жанында медицина ғалымдарынан құралған ықпалды ұйым болуы керек. Өз саласын жетік білетін мамандар медицинаның қай бағыты дамымай, қандай тақырыптың зерттелмей жатқанын айта алады», дейді омыртқаны түзетудің тың техникасын тапқан ғалым, вертебролог Нұрбек Нәдірұлы.
Дәрігер-ғалымның осы әңгімесінен кейін өнер немесе гуманитарлық ғылымда жүрген зерттеушілер де министрліктен грант бөлуін сұрайтын болар. Бірақ біз бір нәрсені түсінуіміз керек, медицинада ғылым жасау да, ғылыми дәрежеге қол жеткізу де басқа салаға қарағанда қиындау. Өйткені қарапайым дәрігерлік дипломның өзі өзге сала мамандықтарындай 4 жылда емес, 7 жылда ғана беріледі. Осыдан соң ғана ғылым жолына түсуге болады. Оның үстіне жоғарыда жазғанымыздай, дәрігерлердің бәрі дерлік емханалар мен зертханаларда жұмыс істеп нәпақасын табады. Ал мұндай мекемелерде еңбек ететін зерттеуші-ғалымдар ғылыми дәрежесі үшін төлемақы алмайды. Ғылымды таңдауға қандай да бір ынталандыру болмаса, жалақысы мардымсыз жұмысына екінші бір жүктемені қосып алуды қаламайды. Ғылыми дәреже табысын көтеруге жарамаса, оны қайтеді? Міне, сондықтан жанкешті дәрігерлер ғана жылдар мен жалақысын сарп етіп, ғылымға келеді. Айталық, Н.Нәдірұлы медицина ғылымдарының кандидаты (Ресей) атағын алу үшін 14 жыл оқыған. Сол атағына 2 мың теңгеден аса (жалақысының 5 пайызы) үстемеақы алады.
Өндіріске енгізуге тосқауыл
Сарапшының жас ғалымдардың жобаларын қолдауды айрықша атап өткенінен «Жастардың әлеуетін елдің қажетіне толық пайдалана алмай жүрміз» деген емеурінін байқауға болады. Бұл пайымды медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Мамырбекұлының «Шетелден туған жерге қызмет қылайық, Отанымызды көркейтейік деп келгенде алты ай, тіпті жылдап жұмыссыз жүрген кезіміз болды» дегені дәлелдей түседі.
– Бізде шетел көрген жастарды шеттету бар. Олардың бойындағы барын, білгенін алып қалуға тырысқаннан гөрі жанына жолатпауды жөн көреді. Әрине ірі қалаларда мүмкіндік те көбірек шығар, алайда мен өз қаламды көркейткім келді. Туған жеріме туымды тіксем дедім. Ғылымды жасап жүрген жастар көп, бірақ қолдары қысқа, мүмкіндік аясы тар. Денсаулық сақтау министрлігінің 2017 жылы жасақтаған кадрлық резервіне ендім. Сол бойынша Шымкентке жолдамамен бардым. Ал мені, яғни министрліктің кадрлық резервіндегі маманды тіпті әңгімелесуге де өткізбей, қабылдамай қойды. Жастарға деген көзқарас өзгерсе, дәл қазіргі жағдайға да басқаша қарайтын едік, – дейді нейрохирург-ғалым Ғ.Мамырбекұлы.
Нейрохирургияда көптеген зерттеу жүргізген ғалым-дәрігер біраз жыл бұрын «Орталық жүйке жүйесінің туа болатын даму ақауларын жетілдіру» атты ғылыми жобасы бойынша грант жеңіп алды. 3 жылға жуық осы тақырыбымен шұғылданды. Сарапшылар комиссиясы еңбегін жоғары бағалады. Денсаулық сақтау министрлігі 3 жылдан соң осы жұмысына негізделген «Омыртқа мен жұлынның даму ақаулары» жол картасын шығарды.
– Қайталаудың не керегі бар еді? Менің жұмысымда сол жол картасында көрсетілген мақсат-міндеттерге дейін тайға таңба басқандай жазылып тұр ғой. Мені еңбегімнің қайталанғаны да емес, жол картасын дайындауға сала мамандарын шақырмағаны қынжылтты. Шақырса, оның қаншама жыл бұрын зерттеліп, қорғалып қойған диссертация, мәселе екенін айтар едік. Тағы 3 жыл зерттеуге уақыт пен қаншама қаржы жоғалтқанша, мұрағаттардағы патенттерді өндіріске енгізуді, бізде әлі жасалмаған операцияларды немесе зерттелмеген тақырыптарды ұсынар едік, – дейді 15-ке тарта, соның ішінде халықаралық Thomson Reuters базасына енген 4 патенті бар нейрохирург-профессор.
Университетте болашақ дәрігерлерге дәріс беретін Ғ.Мамырбекұлы бір сөзінде 7 жыл оқыған мамандардың ішінде тіпті тезис жазып көрмегендері кездесетінін айтты. Сол сәтте Ұлттық медицина университетінің 6-курсында оқитын көрші қыздың емханада еңбек етіп емес, тырнақ бояп тамағын тауып жүргені көз алдымызға келді. Оның ғылымға бет бұруы түгілі, білім алуға уақыты тапшы. Ал жас ғалымның іргетасы ЖОО қабырғасында қаланбаушы ма еді...
P.S.: Үлкен мақсатқа жету соған барар жолдағы кедергілерді жоюдан басталады. Бұл үшін проблемаларды айқындап алу керек. Ал нақты проблеманы онымен бетпе-бет келген, сол саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген кәсіби маман ғана айта алады. Біз оларды қаншалықты тыңдап жүрміз?