Тұма кеңістікті тұмшалаған эпидемиядан құлазыған көңілді сейілту үшін бүкіл әлемнің сахна саңлақтары онлайн-концерттер өткізуде. Психолог-мамандар мұндай жобалардың пайдалы жақтарын ескертіп, челлендждер ұйымдастыруға, музыкалық шығармаларды тыңдап, тамашалауға, өзін өзі дамытумен айналысуға кеңес беруде. Өзге қазақстандық әртістерімен қатар, «Астана Опера» театрының ұжымы да классикалық өнерді сүйетін көпшілікке онлайн-концерт ұсынды.
Игі бастаманың мақсаты – әлеуметтік желілер арқылы отандық опера өнері жауһарларымен таныстыру, адамзатты алаңдатқан жағымсыз жайттан бір сәт те болсын көңілдерін аулап, өнердің кәусар бұлағымен сусындату. Қазақстандық әртістер Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп ұйымдастырылған шығармашылық эстафетаны бір-біріне жолдап, «Бірге еңсереміз», «Біз біргеміз» жобалары аясында карантиндегі уақытты тиімді өткізуге кеңес беруде.
– Өнер атаулы тек адам үшін қызмет етеді. Ата-бабаларымыздан қалған асыл қазынамыз арқылы біз жақсы мен жаманды, ізгілік пен зұлымдықты, қуаныш пен қайғыны өнермен өрнектеудің небір асыл үлгілерін сақтап келдік. Музыка – жалған нәрсеге шыдай алмайтын ең мәнерлі тілдердің бірі, ол – мәңгі. Биыл 175 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқан ұлы Абайдың аккордтары мен философиялық ой-толғамдары бір мәрте шырқалғаннан-ақ халықтың жүрегіне ұялайтын композицияны дүниеге әкелді. «Көзімнің қарасы» әні адам жанының тереңіне бойлап, тыңдаған сайын өмірді жаңаша түйсінуге, әсерлі әлемге жетелейді. Әлеуметтік желідегі парақшамда отандастарымды қолдауға бағытталған бейнеролик жариялаймын. Еліміз бен тұтастай әлем үшін осынау қиын-қыстау кезеңде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Қорының лауреаттары мен Қор жанындағы Мәдениет жөніндегі кеңес мүшелері қазақ классикасының жауһарларын орындайды. Тек бұл жолы қойылым опера сахнасында емес, карантин режімінде үйден ұсынылады. Себебі өнерде – шекара жоқ. Біз бірлескенде ғана бәрін жеңеміз, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры опера труппасының меңгерушісі Азамат Жылтыркөзов.
Баритон әнші П.И.Чайковскийдің «Дон Жуанның серенадасын» шырқап, эстафетаны опера цехындағы өз әріптестеріне жолдады, өзі болса мұны ҚазҰӨУ студенттері Әлихан және Омархан Омарғазиндерден қабылдаған болатын. «Құрмет» орденінің иегері, театрдың жетекші солисі Айзада Қапонова тыңдарман назарына И.Штраустың «Жарқанат» опереттасынан Адельдің шумақтарын ұсынды. Опера әншісінен челленджді белгілі әртістер – Талғат Мұсабаев, Расул Жармағамбетов, Айгүл Қосанова қабылдамақ. Майра Мұхамедқызы, Жұпар Ғабдуллина, Дина Хамзина және де басқа әртістер өз оқырмандарымен белсенді қарым-қатынас жасауда.
Опера дивасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы «Қазақтелекомның» «YouTube» арнасынан тікелей эфир арқылы Live форматындағы жеке концертін берді.
Концерт бағдарламасында қазақтың халық әндері, Абай Құнанбайұлының туындылары, танымал италиандық және классикалық орыс романстары бар.
Еске сала кететін жайт, Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесіп, Live форматында «Карантиндегі жұлдыз» жаңа жобасын іске қосқан болатын.