Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттардың ұсынысы бойынша бірқатар заң жобасына түзетулер енгізіліп, мақұлданды.
Елбасы әрдайым халқымен бірге
Парламент Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулин сөз басында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Egemen Qazaqastan газетінде жарияланған коронавирус індеті мен әлемдік экономикалық дағдарысқа байланысты «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласына пікірін айтты.
– Баршаңызға белгілі, бүгін республикалық ақпарат құралдарында Тұңғыш Президентіміздің арнайы Үндеуі жарияланды. Бұл Үндеу – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың әрқашанда өз халқымен бірге екенін көрсетіп, халқымыздың ынтымағын одан әрі нығайтуға серпін береді. Себебі Елбасымыздың көреген саясатының арқасында тәуелсіздік жылдары бірлігіміз артып, елімізде ірі саяси, экономикалық, әлеуметтік реформалар жасалып, Қазақстанымыз барлық салада зор табысқа жетті. Сонымен бірге болашаққа арналған Ұлттық қорымыз да бар. Бұл қазіргі күрделі кезеңде халқымызды, әрбір азаматты жан-жақты қолдауға мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Елбасымыз айтқандай, «бірлік бар жерде алынбайтын асу жоқ». Біз бірлікті, келісімді, тұрақтылықты сақтап, осы уақытша қиындықтан аман-есен шығамыз, – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында дамудың негізгі кезеңдерінен өткенін еске сала отырып, Елбасының күш-жігерінің арқасында болашаққа қажетті қор жинақталғанына тоқталды. Олар – Ұлттық қор, дамыған экономика, инфрақұрылым және әлеуметтік реформалар.
– Қазір біз жауапкершілікті арттырып, еліміздің игілігі үшін, әсіресе мұқтаж жандарға қолдау көрсету үшін барлық мүмкіндікті пайдалану өте маңызды. «Халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз», деп Елбасы айтқандай, қазақстандықтар қазіргі күрделі жағдайды да жеңе алатынына ешқандай күмән жоқ. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмауы маңызды. Біз, Парламент депутаттары отандастарымызды қазіргі қауіп-қатерден қорғау үшін, ең алдымен, әлеуметтік маңызы бар заң жобаларына күш-жігерімізді жұмсаймыз, – деді Спикер.
Кешенді тұрғын үй саясатын қалыптастыруға ықпал етеді
Жалпы отырыстың күн тәртібіндегі негізгі мәселе – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Заң жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауындағы тұрғын үй бағдарламалары операторларының санын қысқарту туралы тапсырмасына сәйкес әзірленген.
Бұл құжаттың жай-жапсарымен Мәжіліс депутаты Сапар Ахметов таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасы «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ және «Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры» АҚ сияқты тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторларын Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы етіп біріктіруге, сондай-ақ олардың бірін-бірі қайталайтын функцияларын жоюға және жалпы әкімшілік шығыстарын қысқартуға бағытталған.
Сонымен қатар бірыңғай оператордың жаңғыртылған қызметтері ұсынылып отыр. Заң жобасында тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының келесі жұмыстарды атқаруы қарастырылады: мемлекеттік бағдарламалар аясында құрылысты жүзеге асырып жатқан заңды тұлғаларға несие беру, жергілікті атқарушы органдарда әрі әкімдіктерде баспана кезегінде тіркелген азаматтарға сатып алу құқығымен жалдамалы пәтерді ұсынуды регламентациялау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен іске асыру.
Құжатта тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының ипотекалық тұрғын үй қарыздарына кепілдік беру, көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтауға кепілдіктер беру бойынша да нормалар көзделген. Заң жобасында Қазақстан Республикасының 3 кодексі мен 4 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу ұсынылады.
– Тұрғын-үй саясаты – әрқашанда күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Осы жолда Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленіп, мақұлданған бүгінгі заң жобасы аталған саладағы сұрақтарды уақыт талабына сәйкес одан әрі тиімді шешуге ықпал етеді деп білеміз. Себебі енді Қазақстанда тұрғын үй саясатын жүзеге асыратын бірыңғай оператор құрылады. Ол халқымызға, соның ішінде, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтар арасында қолжетімді баспана мәселесін шешуге кең жол ашады, – деді Нұрлан Нығматулин.
Заң жобасы тұрғын үй бағдарламаларының жұмыс істеп тұрған операторлары біріктіру арқылы жалпы әкімшілік шығындар 42%-ға азаяды. Осы ретте Мәжіліс Төрағасы негізгі басымдықтар мұғалімдерге, дәрігерлерге, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлеріне, сондай-ақ табыс деңгейі орташа және орташадан төмен мемлекеттік қызметшілерді қамтитынын атап өтті.
Бірқатар құжат екінші оқылымда мақұлданды
Мұның алғақшысы «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» заң жобасы болды. Заң жобасының мақсаты – азаматтардың бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізуіне қатысты конституциялық құқықтарын іске асыру.
Заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу үнсіз келісім бойынша келісілді деп есептеледі.
Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу көзделеді. Оны жергілікті мәслихат айқындайды. Мамандандырылған орындар ұйымдастыру ыңғайлылығын, көлік қолжетімділігін, жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа адамдардың қауіпсіздігін, олардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы да көзделген.
Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – бес жұмыс күніне дейін, ал демонстрация, шеру нысанындағы жиналыстарды өткізу келісімін алу туралы өтінішті беру мерзімі он жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар құжаттарды тиісінше үш және жеті жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Мамандандырылған орындардың бар-жоғы, бос немесе бос еместігі туралы ақпараттың ашық әрі объективті болуы мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне өз интернет-ресурсында бейбіт жиналыстарды өткізуге арналған орындардың тізімін жүктейтін түзету енгізілді. Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға іс-шараларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ құқықтық олқылықтарға жол бермеу, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.
Бұған қоса жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» ілеспе Заң жобасы да екінші оқылымда мақұлданды. Бұл құжаттар жөнінде Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қанат Мусин баяндады.
Екінші оқылымда депутаттардан қолдау тапқан құжаттың бірі – «Ардагерлер туралы» заң жобасы. Бұл туралы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраев кеңінен айтып берді.
– Бірінші оқылымда талқылау барысында айтылғандай «Ардагерлер туралы» заң жобасы ардагерлер санаттарын жүйелендіруге және оларды әлеуметтік қолдау шараларымен реттеуге бағытталған. Сонымен қатар құжатта басқа мемлекеттердің аумағында ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлерді дербес санатқа жатқызу көзделеді. Заң жобасын пысықтау барысында депутаттар бірқатар түзету енгізді. Біріншіден, жергілікті өкілді органдардың, ұйым басшыларының әлеуметтік қолдау мен жеңілдіктердің қосымша шараларын белгілейтін, сондай-ақ ардагерлер мен осы Заңның күші қолданылатын адамдарға материалдық және басқа да көмек түрлерін көрсету құқықтары нақтыланды, – деді Бейбіт Мамраев.
Сонымен қатар алқалы жиында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың арсеналдары, базалары мен қоймалары жанындағы тыйым салынған аймақтар мен тыйым салынған аудандар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.
Қаралып отырған заң жобасының тұжырымдамасы биыл 26 наурызда бірінші оқылымда қолдау тапты. Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Ерман бұл құжат Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың оқ-дәрілері арсеналдарының, базалары мен қоймаларының қауіпсіз жұмыс істеуін, сондай-ақ оқ-дәрілерді сақтау кезінде төтенше жағдайдың туындауы мүмкін болған жағдайда халықты, азаматтық және басқа да инфрақұрылымды қорғауды қамтамасыз ету бойынша заңнаманы жетілдіруді көздейтінін айтты.