• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Қазақстан 09 Сәуір, 2020

БЖЗҚ: Салымшылардың шоттарына түскен инвестициялық кіріс 192,45 млрд теңгеден асты

251 рет
көрсетілді

COVID-19-дың таралуы және ОПЕК пен Ресей арасындағы мұнай саудасының соғысы тауарлық және қаржылық нарықтарына әсерін тигізіп жатыр. Салдарынан әлемдік қор биржаларының индекстері соңғы 30 жылдағы ең үлкен құлдырауды көрсетті, бірақ Қазақстандағы ең ірі институционалды инвесторлардың бірі – БЖЗҚ портфолиосында  соңғы екі аптада өсім байқалды.

Ұлттық банктің статистикасына сәйкес, БЖЗҚ зейнетақы активтері жыл басынан бері 4%-ға өсіп,  наурыз айында 11,3 трлн теңгеден асты. «Портфолио валютасының әртараптандырылуына, инвестициялар географиясы мен қаржы құралдарының ауқымының кеңеюіне байланысты халықтың жинақталған зейнетақы қаражатындағы таза инвестициялық кірістің үлесі тұрақты өсуде»  дейді  Ұлттық банктің өкілдері.

«Шетел валютасында көрсетілген қаржы құралдарының үлесі 32,5% құрайды, олар негізінен АҚШ долларымен көрсетілген (29,5%). Таза инвестициялық кіріс 2020 жылдың басынан бастап 332,34 млрд теңгеден асты (2019 жылдың дәл осындай кезеңіне 66,8 млрд теңге)» деді Ұлттық банк  өкілдері кеше журналистермен өткен онлайн жиында.

Наурыз айының бірінші жартысында салымшылардың шоттарына аударылған инвестициялық кіріс 192,45 миллиард теңгеден асты (2019 жылдың дәл осы кезеңінде бұл көрсеткіш 54,74 миллиард теңгені құрады). Сонымен қатар барлық акциялар теріс кірісті көрсетті.

«Қаржы құралдарының жекелеген сыныптары номиналды валютадағы теріс кірісті көрсетті. Активтерді басқарудың тиімділігі ұзақ уақыт аралығында бағаланатындығын атап өткен жөн. Жекелеген қысқа мерзімді кезеңде немесе активтердің жекелеген класы үшін алынған кірістілік басқару тиімділігінің көрсеткіші болып табылмайды» деп атап өтті Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

Ұзақ мерзімді перспективада (бес жылдан бастап) акциялар облигацияларға қарағанда жоғары табысты көрсетеді. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші талдаушысы Рамазан Досов БЖЗҚ активтеріндегі айтарлықтай үлес борыштық бағалы қағаздарға тиесілі – 85,9% (негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар) инвестициялық стратегияға сәйкес мұндай басқару өтімді қаржылық құралдардың жоғары деңгейін қолдауға бағытталғанын айтты.

Қазіргі уақытта Ұлттық банк үш әлемдік компаниямен жұмыс жүргізуде. Жалпы алғанда, олар 1,6 трлн доллардан астам қаржыны басқарады. Дамыған елдердің акцияларын инвестициялауға HSBC Global Asset Management (UK) Limited сыртқы менеджері тартылды. Құрылым зейнетақы активтерін MSCI World Index әлемдік индексінің бағалы қағаздарына инвестициялайды, олардың негізгі бөлігі (63%) АҚШ компанияларының акцияларына тиесілі. «Инвестициялық деңгейдегі корпоративті облигацияларға инвестициялар үшін реттеуші екі сыртқы менеджерлерді – негізгі Global Investors (Europe) Limited және PGIM тіркелген кірістерді тартады, олар 2019 жылдың қараша айынан бастап кезең-кезеңімен жалпы сомасы 400 миллион АҚШ долларын (әр компания 200 миллион доллар) құрады. Мұнда қаржы  Bank of America Corporation, Goldman Sachs Group Inc., Apple Inc., FedEx Corporation, Caterpillar Inc, The Walt Disney Company сияқты компаниялардың 5 мыңнан астам бағалы қағазының шығарылымын қамтитын корпоративтік облигациялар индексіне инвестицияланады.

«2019 жылдың қараша айынан бастап 200 миллион доллар көлеміндегі қаражат кезең-кезеңімен аударылды. Индексте Apple Inc, Microsoft Corp, Facebook Inc, Nestle SA, Visa Inc, Amazon.com Inc және басқалары сияқты танымал компаниялар бар» деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі.

«Ұлттық банк инвестициялық келісімдерді үйлестіру және қол қою бойынша жұмыс жүргізіп жатқан тағы алты шетелдік басқарушы компанияны (бес акция ғаламдық акциялардың мандаты бойынша және бір компания корпоративтік облигациялар мандаты бойынша) таңдап алды. Барлық таңдалған компаниялардың айтарлықтай инвестициялық тәжірибесі, қажетті инфрақұрылымы мен тәжірибесі бар» деп сендіреді Қазақстан Ұлттық банкінің өкілдері.

Халықаралық құрылымдар келісімшарттарға қол қойылғаннан және активтерді басқаруға бергеннен кейін хабарланады.

 «Активтерді беру дегеніміз ақшаны нақты аудару дегенді білдірмейді, бірақ бұл компанияларға активтерді басқару өкілеттіктерін беру. Осылайша, БЖЗҚ-ның сыртқы сенімгерлік басқаруға берілген зейнетақы активтері Ұлттық банктің кастодиан-банктегі шоттарында қалады» деп атап өтті реттеушінің өкілдері.

«Зейнеткерлікке инвестициялау стратегиясы өзгере ме?» деген мәселе жыл басынан бері сарапшылар арасында жиі талқылана бастады. Себебі пандемия жағдайында зейнет жасына жақындап қалған азаматтар өзін жұмыссыздықтан сақтандыру мәселесін жиі қоя бастады. Сарапшылар алдағы уақытта сақтандыру сегменті осы бағытта дамитынын, жұмыссыз қалған азаматтардың ай сайынғы жарнасын сақтандыру компаниялары     БЖЗҚ жарналарын сақтандыру төлейтінін айта бастады. Әрине, бұл осы бағытта компаниялар жұмыс істеп, клиенттерді тартса ғана орындалады.  

Ұлттық банк биыл зейнетақы активтері портфелін әртараптандыру бойынша жұмыстарды жалғастырады деп сендіреді. Ал сарапшылар болса, жақын арада түбегейлі өзгерістердің бола қоймайтынын айтып отыр. Ол үшін заңға өзгерістер керек.

«Орталық банктер консервативті инвестициялық стратегияларды пайдаланады, бұл өз кезегінде төмен кірістерге әкеледі. Мысалы, 2019 жылы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің нақты кірістілігі 1,17% құрады. Салымшылардың шоттарына таратылған зейнетақы активтерінің кірістілігі 5,4% инфляциямен 6,57% көтерілді» дейді Қаржыгерлер қауымдастығының жетекші талдаушысы Рамазан Досов.

Демек, қанша сынасақ та, БЖЗҚ пандемия жағдайында да кіріспен жұмыс істейтінін дәлелдеді.

«Енді Ұлттық банк осы күнге дейінгі консервативті көзқарастан арылып, қаржы нарығының қазіргі жағдайына бейімделсе болды» дейді сарапшылар.

 

АЛМАТЫ