Батыс Қазақстан облысында коронавирус дертіне шалдыққан тағы екі адам анықталып, сырқаттың саны 4-ке жетті.
Өңірдегі эпидемиологиялық ахуал туралы жедел брифинг өткізген Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев 9 сәуір күні коронавируспен ауырған тағы 2 адам тіркелгенін хабарлады.
- Ол екі адам – Өзбекстан азаматтары, біреуі – 34, біреуі – 37 жаста, халықаралық жүк тасымалымен айналысатын жүк көлігінің жүргізушілері. Мәскеу қаласынан шығып, 8 сәуір күні Самара облысы арқылы Қазақстанның Сырым шекара бекетіне келген. Сол жерде сауалнама толтыру кезінде жүргізушінің біреуінен ауру белгісі байқалған. Яғни дене қызуы 38 градусқа көтерілген. Сол жерде «Жедел жәрдем» шақырылып, екі адам Кумыска елдімекеніндегі провизорлық ауруханаға жеткізілді. Сол жерде олардың мұрыны мен жұтқыншағынан сынама алынып, лабороториялық тексерістен кейін екеуінен де коронавирус анықталды, - деді Мұхамғали Арыспаев.
Мұхамғали Қайыржанұлының айтуынша, Қазақстанның Ресей Федерациясымен арадағы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункттер, ондағы эпидемиолог дәрігерлер күшейтілген сақтық режімімен қызмет етуде. «Сырқат жандардың шекарада анықталып, ел ішіне кірмеуі, бірден оқшаулануы мамандардың қырағылығының арқасы» деді облыстың бас санитар дәрігері.
Батыс Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, наурыздың 29-ы күні сырқаты анықталған науқастың бірінің жағдайы тәуір, жақын арада үйіне шығарылмақ. «Біз екі мәрте тексеру анализін өткіздік, екеуінде де жақсы нәтиже көрсетті. Біз ол науқасты үйіне шығарамыз, әзірге үйінен емделіп, оқшаулануын жалғастырады» деді Болатбек Амангелдіұлы.
Дәл бүгін Батыс Қазақстан облысының провизорлық стационарларында 97 адам жатыр, ал 3608 адам өз үйінде оқшаулану жағдайында отыр. Олардың бәріне біздің дәрігерлер күн сайын хабарласып, жағдайын біліп отыр.
Батыс Қазақстан