Жуырда шахматшылардың әлемдік рейтингі қайта жаңартылғаны белгілі. Бір кереметі, қазақтың екі шахматшы қызы – Динара Сәдуақасова мен Жансая Әбдімәлік дүние жүзінің ең үздік ойыншылары санатында. Бұл жағдай барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантып отыр.
Қазақстанның шахматшы қыздары арасында ең үздік нәтиже 23 жастағы Динара Сәдуақасоваға тиесілі. Қоржынында 2500 ұпайы бар аруымыз ФИДЕ рейтингінде 12-орынды олжалауда. Кезінде 14, 17, 18 және 20 жастағылар арасында әлем чемпионы атанған ол былтыр жазда жерлестеріміздің арасынан алғашқы болып әйелдердің Азия біріншілігінде топ жарды. Динараның басқа да толып жатқан атақтары тағы бар.
20 жастағы Жансая Әбдімәліктің де жүріп өткен жолы барша қазақстандық жанкүйерлердің көз алдында. Балауса шағынан-ақ дара талантымен оқшауланған ол көптеген биік белестерді бағындырды. Түрлі жас ерекшеліктері бойынша өткен әлемдік және құрлықтық додаларда бас жүлдені олжалаған қандасымыз 2015 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен 20 жасқа дейінгі шахматшылардың әлем біріншілігінде қола медальды иеленіп, төрткүл дүние жұртшылығын тамсандырған болатын. Ол кезде Жансая әлі 15 жасқа да толмаған еді. Кейіннен де үлкен табыстарға қол жеткізген қазақ қызы бұл күндері әлемдік рейтингте 2778 ұпаймен 16-орынға табан тіреді. Сонымен қатар Әбдімәліктің 20 жасқа дейінгі шахматшылар арасында әлемдік рейтингте көш бастап тұрғанын да айта кету абзал.
Міне, екі шахматшымыздың бүгінгі таңдағы табысы барша қазақстандықтарды тамсандырып отыр. Алдағы уақытта осы сұлуларымыз әлемдік тәж үшін таласып жатса, еш таңданбаймыз. Сонымен қатар 16 жасар Бибісара Асаубаеваның да алар асулары алда деген ойдамыз. Қазіргі кезде ол үздіктер тізімінде 100-орынды иеленуде.
Әйелдердің әлемдік рейтингіне көз жүгіртсек, бүгінгі таңда Хоу Инфаньға тең келер ешкім жоқ. 26 жастағы қытай қызы әйелдер арасында төрт рет (2010, 2011, 2013, 2016) әлем чемпионы атанса, командалық сайыста үш мәрте (2007, 2009, 2011) бас жүлдені олжалады.
Екінші орында – Хампи Конеру. 32 жастағы Үндістан өкілінің мықтылар санатында жүргеніне талай жылдың жүзі болды. Ал үшінші орынды ресейлік Александра Горячкина иеленуде. 21 жастағы Орынбор өңірінің тумасы былтыр үміткерлер турнирінде топ жарып, Цзюй Вэньцзюньмен әлем чемпионы атағы үшін таласу құқығына ие болған еді. Бірақ бұл тартыс қытайлық шахматшының пайдасына шешілді.
Сондай-ақ «ТОП-10» ойыншының қатарына Цзюй Вэньцзюнь (Қытай), Катерина Лагно (Ресей), Мария мен Анна Музычук (Украина), Нана Дзагнидзе (Грузия), Доновалли Нариао (Үндістан) және Тань Чжунъи (Қытай) сынды мықтылар енді.
Бүгінгі таңда «ТОП-50» шахматшының санатында Қытайдың – 10, Ресейдің – 9, Грузияның – 5, Украинаның – 4, АҚШ-тың – 3, Үндістан, Қазақстан, Франция, Польша, Испанияның – 2, Иран, Германия, Швеция, Болгария, Түркия, Әзербайжан, Румыния, Моңғолия және Беларусьтың бір-бірден өкілі бар.
Ерлердің әлемдік рейтингінде Ресей шахматшыларының қарқыны өте күшті. Қазіргі кезде көршілес мемлекеттің 14 өкілі «ТОП-50» ойыншының санатына еркін еніп отыр. Сондай-ақ АҚШ пен Қытайдың – 6, Үндістанның – 3, Әзербайжан, Мажарстан, Польша, Испания, Англияның – 2, Норвегия, Франция, Армения, Нидерланд, Болгария, Иран, Чехия, Вьетнам, Украина, Мысыр және Грузияның бір-бір өрені үздіктер тізімінде бар.
Сол үздіктер арасында 29 жастағы норвегиялық Магнус Карлсенге тең келер ешкім жоқ. Ол бұл күндері ФИДЕ рейтингінде жеке-дара көш бастап тұр. 2013 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған Скандинавияның саңлағы сол кезден бері алтын тәжді ешкімге берген емес.
Екінші орында – Фабиано Каруана. Италияда дүниеге келіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған 27 жастағы жігіт 2018 жылы үміткерлер турнирінде топ жарып, әлем чемпионы атағы үшін таласу құқығына ие болған еді. Алайда шешуші сында ол Магнус Карлсенге есе жіберді.
Үшінші орынға 27 жастағы қытайлық Дин Лижень жайғасса, Ян Непомнящий (Ресей), Максим Вашье-Лаграв (Франция), Александр Грищук (Ресей), Левон Аронян (Армения), Уэсли Со (АҚШ), Теймур Раджабов (Әзербайжан) және Аниш Гири (Нидерланд) сынды саңлақтар озық ондықтың қатарында.
Қазақстанның шахматшылары арасында ең үздік көрсеткіш Ринат Жұмабаевқа тиесілі. 30 жастағы шымкенттік спортшы әлемдік рейтингте 90-орынды қанағат тұтып отыр. Өкінішке қарай, «ойлылар ойынын» серік еткен өзге ойыншыларымыздың қарқыны әзірге бәсең.