Өткен жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 2020–2022 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар аясында жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру үшін конкурс жариялаған еді. Бұл байқау – 40 жасқа толмаған жас ғалымдардың ғылыми-зерттеулерін ынталандыруды көздейді.
Аталмыш конкурсқа өзгелермен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті химия және химиялық технология факультеті органикалық заттар, табиғи қосылыстар және полимерлер химиясы мен технологиясы кафедрасының жас ғалымдары да өздерінің ғылыми жобаларын жіберген. Жақында конкурс нәтижесі шығып, кафедранның төрт бірдей жас ғалымы –химия ғылымының кандидаттары Ғалия Ирмухаметова, Гүлфайруз Қайралапова, PhD Зарина Кеңесова мен PhD Гүлназ Сейтімова гранттарға ие болды.
Ғалия Серікбайқызының ғылыми жұмысы «Гидрофильді полимерлер негізінде жаңа вагиналдық дәрілік заттар алудың технологиясын әзірлеу»деп аталады. Бұл ізденіс – жоғары тиімді вагинальды дәрілік түрлер ретінде пайдалану үшін гидрофильді биосыйысымды полимерлер негізінде жаңа полимерлік материалдарды алу технологиясын әзірлеуді мақсат тұтады.
Гүлфайруз Жұмабайқызының ғылыми жұмысы «Металдармен және беттік белсенді заттармен ластанған суды тазарту үшін экологиялық жағынан маңызды органо-минералды сорбциялық материалдарды жасау» ізденістеріне бағытталған. Жұмыстың мақсаты – ауыр металдар иондарының сорбенттері және беттік-белсенді заттар ретінде пайдалану үшін отандық полимерлер мен сазды минералдардың негізінде жаңа композициялық материалдарды әзірлеу.
Зарина Әнуарқызы «Табиғи өсімдік шикізатынан басқарылатын құнды компонентті экстракциялау әдістерін әзірлеу» бағытында ғылыми ізденістерге барып отыр. Жоба микротолқынды сәулелену көмегімен табиғи Өсімдік шикізатынан құнды компоненттерді экстракциялаудың жаңа перспективалық әдісін әзірлеуге және концентрация мен температураның айқын градиенттік өрістерін құруға, сондай-ақ ұсынылған тәсілді іске асыратын жаңа үлгідегі экстракторларды құруға бағытталған.
Гүлназ Әбсаттарқызының ғылыми жұмысы Қазақстандағы кейбір өсімдік түрлерінен алынған табиғи қосылыстарды химиялық зерттеу, бөлу, алу, тазарту және олардың биологиялық белсенділігін анықтау мақсатында жүргізілген. «Қазақстанның кейбір өсімдіктер түрлерінен алынған табиғи қосылыстарды химиялық зерттеу және олардың белсенділігі» деп аталады.
АЛМАТЫ