Бір қарағанда биологиялық зертхана, сараптама орталықтарының ғимараттары өте сұсты көрінеді. Бар құпиясын ішіне бүгіп, жұмысын жер-жаһанға жариялай бермейтін осынау жұмбақ ғимараттардың ауласының өзінде «ауру-вирустар» қаптап жүрген сияқты. Жақындап кетсең, ауру жұқтырып алатындай үрейлене қарайсың.
Әлемді әлекке салған әйгілі індет те рас болса, осындай тас қабырғалардың ішінен тараған деген әңгіме бар ғой. Содан ба, микроскоппен микроб баққан, әрбір ісін сабырмен, ыждағаттылықпен жасайтын қызметкерлерінің өздері де тым сұсты. Әлде аппақ киініп, аузы-басын тұмшалап алғаннан кейін солай көріне ме? Әйтеуір, осынау биік қорғандардың ар жағында небір сұмдықтар болып жатқан сияқты.
Иә, біздегі биотехнологиялық орталық туралы да ел ішінде түрлі әңгімелер бар екені белгілі. Интернеттен мың бір бәлені көрген қарапайым адамдардың өзі кейде дәрігерлерді састырып тастайтыны бар ғой. Көп білгеннен кейін көп нәрсеге күдікпен қарайды. Осындай мекемелерге жұрттың көзқарасы біртүрлі екенін Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұловтың өзі де жасырмайды. «Тіпті біздің орталықта америкалық әскерилер немесе ғалымдар жұмыс істейді екен, олардың мақсаты не, немен айналысады екен деген сияқты әңгімелерді мен де естігенмін. Шетелдіктер жасап жатқан дүние ел тұрғындары үшін зиян емес пе?» деп те сұрайды бізден. Бірден айтайын, бізде ешқандай америкалық әскерилер немесе ғалымдар жоқ. Ондай жоспар да, жоба да жоқ, біздің елдің адамдары бейбіт мақсатта ғана жұмыс істеп жатыр», дейді бұл жөнінде Е.Раманқұлов.
Шынын айту керек, жұртты үйіне қуып тығып, өзі емін-еркін ел аралап жүрген коронавирус екі өкпемізді қысып, тынысымыз тарыла бастаған кезде ғана біз Ұлттық биотехнология орталығы мен Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының жұмысымен бірсыпыра танысып алдық. Бұрын бар-жоғы білінбейтін бұл орталықтар біраздан бері қауіпті індетке қарсы күресте жан аямай еңбек етіп келеді екен. Жақында ғана ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы екі орталықтың ұжымдарын COVID-19 коронавирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтады.
Диагностикалық тест жүйесі дегеніміз не? Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Е.Раманқұловтың айтуына қарағанда, COVID-19 коронавирус ауруын жедел анықтауға мүмкіндік беретін сенімді жоғары сезімтал тест-жүйесін әзірлеуге бес күн уақыт кеткен. «Бұл тест дәріханада сатылмайды. Жеке адамның өзі пайдалана алмайды. Ол үшін арнайы құралдар, дайындалған мамандар керек. Сондай-ақ дәрігерлердің өздері жұқтырып алмау үшін де сақ болу қажет. Сондықтан бұл тест-жүйе арнайы зертханаларда ғана жасалады. Ең алғаш індетті жұқтырды деген 250 науқас осы тест жүйесі бойынша тексерілді. Кейінірек қайтадан тексердік. Ешқандай қателік болмады. Біздің тест сынама кезінде 5-тен 10 млн-ға дейінгі вирусты көреді. Бұл өте жоғарғы сезімталдық. Қазақстандық тест-жүйенің тиімділігі мен жоғары сезімталдығы Ресей және Қытай диагностикумдарымен салыстырғанда расталды. Яғни, бұл тест шетелдік аналогтарынан қалыспайды. Тіпті кейбірінен артық десек те болады», дейді бұл жөнінде Е.Раманқұлов.
Жалпы, бұл тест жүйені жасау тым қымбатқа түспепті. Жұмыстың алғашқы бөлігін орталық өз қаржыларына атқарса, кейін Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетіп, жұмыстың екінші бөлігін қаржыландырды. Кейде науқастар COVID-19 коронавирусымен емес, осыған ұқсас дертке шалдығуы мүмкін. Немесе алғашқы кезде адам баласының бойында осы індет белгілері байқалмауы да мүмкін. Бұл тест осыны жеңіл ажыратады. Яғни, вирус мөлшері өте аз болса да, тез анықтайды.
2005 жылы қазығын қаққан Ұлттық биотехнология орталығында бүгінде 300 қызметкер жұмыс істейді. 14 зертханасы және Степногор, Алматы қалаларында филиалдары бар. Ұжымдағы ғалымдардың орташа жасы 35-ті құрайды. Орталықтағы 2 академик, 14 PhD, 14 ғылым докторы, 34 ғылым кандидаты тәжірибелерімен бөлісіп, жаңа дүниені өндіріске енгізуде жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүр. Міне, енді бұл орталық Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе отырып COVID-19 коронавирусына қарсы вакцина жасау ісіне кірісіп кетті.
Осы тұста «Дәрі жасау қаншалықты қажет, шетелден сатып ала салмаймыз ба?» деген сұрақтың туындағаны да рас. Оның астарында қазақстандық ғалымдар сапалы дәрі жасай ала ма деген күдіктің де тұрғанын жасыра алмаймыз. Қазір COVID-19 коронавирусы сияқты инфекциялық аурумен күресудің екі-ақ жолы бар. Бірінші – диагностика, екіншісі – профилактика. Яғни, анықтау және сақтану. Бұл індетті ауыздықтайтын нақты вакцина жоқ. Егер вакцина болса жұқтырған жандардың барлығына беріп, сауықтырып алу қиынға түспес еді. Негізі коронавирустың да түр-түрі бар. 2002 жылы осы індеттің SARS-CoV деген түрі тараған кезде оны жұқтырған науқастардың әрбір оныншысы о дүниелік болды. Одан 2015 жылы MERS-CoV деген түрі шығып, оны жұқтырған әрбір үшінші адам қайтыс болады. Бірақ бұл екі түрі де аса жұқпалы болмады, карантин жарияланғаннан кейін көп ұзамай жойылып кетті. Ал енді бұл жолғы түрі эпидемияның шеңберінен шығып, пандемияға алып келді. Сондықтан бұл жерде ойлануға уақыт жоқ. Вирустың тез таралуы, оның ауа райына төзімділігі ойлануға уақыт бермей отыр. Сосын әлем жаңа дәрі жасауға жабыла кірісіп, қайсысы алдымен жасаса, басқалары таласып-тармасып сатып алуға тас-түйін дайын отырғаны бесенеден белгілі. Мұндай жағдайда Қазақстанға кезек жақын жылдарда тимейді. Әлем ғалымдары жаңа дәріні ойлап табуы мүмкін. Бірақ ол елдер алдымен өздерінің науқастарын емдеу үшін, өз қоймаларын толтырып алуға кіріседі. Яғни, жаңа дәрі саудаға шығып, біздің елге жеткенше ұзақ уақыт өтеді. Сондықтан дәрі жасауға өзіміз кірісуіміз керек.
Әдетте әлемдік тәжірибеде дәрі жасау кемінде бес жылға созылады. Сосын ол дәрісін тағы бес жыл бойы тәжірибеден өткізуі тиіс. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне қарағанда қазір коронавирусқа қарсы 60-тан астам вакцина ұсынылған. Соның ішінде бір-екі аптаның ішінде дүниеге келгендері де бар екен. Жалпы алғанда, жаңа дәрі жасап шығу үлкен қаржыны талап етеді.
Қалай айтсақ та, қазақстандық ғалымдар да жаңа дәрі ойлап табу жолында өз бақтарын сынап көрмек. Бұған олар бір-бір жарым жыл кетеді деп жоспарлап отыр. Біздің ғалымдар коронавирусты анықтайтын тест-жүйені жасап жатқан кезде де «Мұның не қажеті бар, коронавирус өтеді де шығады, бұл жасалынған дүниенің барлығы бекерге қалады ғой» деген де әңгімелер айтылып, қаншама түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Бірақ бұл індет олар ойлағандай жеңіл-желпі желіп өте шыға салмады. Қазақстанның бұл саладағы ғылыми-техникалық тәжірибесі жеткілікті. Отандық медицина ғылымы жаңа белеске, қазақстандық дәрі жасаушылар жаңа дәуірге аяқ басты. Елдің бойындағы үрейін сейілтіп, жүрегінде үміт отын жаға білген ғалымдарымызға сәттілік тілейміз.