• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 13 Сәуір, 2020

Қорытындылайтын кезеңге аяқ бастық

679 рет
көрсетілді

2017 жылы Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Кезең-кезеңмен көшірудің іс-шаралар жоспары 2025 жылға дейін әзірленіп, орфографиялық, әдістемелік, терминологиялық, техникалық және ақпараттық сүйемелдеу жөніндегі 4 жұмыс тобы құрылған болатын. Осы уақытқа дейін жалпы латын графикасына негізделген әліпби жобалары авторлардың тікелей қатысуымен ғалымдар тарапынан талқыланып, сараланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев латын графикасына негізделген жаңа қазақ тілі әліпбиін жетілдіруге қатысты тапсырып, «Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де ол­қылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліп­биді жетілдіруі керек», деген болатын. Содан бері жарты жылға жуық уақыт өтті. Не істелді?

Еске сала кетсек, биыл 20 ақпанда Ұлттық комиссия жанынан құрылған Орфография­лық, Әдістемелік, Терминологиялық және Техни­калық сүйемелдеу жөніндегі жұмыс топтарының қатысуымен «Латыннегізді қазақ әліпбиі: ұсыныстар, талқы және нәтиже» атты кеңейтілген кеңес өткізілген болатын. Жұмыс топтарының бірлескен кеңесінде ғалымдар іріктеуден өткен әліпби жобаларын талқылап, нәтижесінде үш жобадан әрқайсысының қажетті тұстарын ала отырып, бір нұсқаны мақұлдаған еді. Алайда кейбір дыбыстардың таңбалануына қатысты әлі де талқылау қажет деп шешілген-ді.

– Тіл – қазақтың жаны. Дербес ұлт екені­нің белгісі. Мемлекеттігіміздің символы. Сондықтан да Елбасы «Рухани жаңғыру» аясында тілімізді жаңа деңгейге көтеру міндетін қойды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қазақ тілінің қолданыс ауқымын кеңейту мәселесіне ерекше маңыз берді. Жіліктеп айтсам, осы уақыт ішінде құрамында 70-тен астам ғалым бар Ұлттық комиссия жанындағы 4 жұмыс тобы әліпбиді жетіл­діруге арналған 5 отырыс өткізіп, Мем­лекет басшысы айтқан олқылықтарға жан-жақты ғылыми талқылау жасады, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті төрағасының орынбасары Әділбек Қаба. Оның айтуынша, осы бес ай көлемінде Мәдениет және спорт министрлігі бұған дейін атқарылған жұмыстарды түгелдей қайта пысықтап, қорытындылаған.

Реформаның тетігін әу баста іске қосқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оны демо­кратиялық даңғыл жолға салып жібергенін, өз әліпбиінің мәселесін халық болып шешуге атсалысқанын, сондай-ақ Шайсұлтан Шаях­метов атындағы «Тіл қазына» ғылы­ми практикалық орталығының үш жылда ересен жұмыс атқарғанын айтқан Орфо­гра­фия­лық жұмыс тобының мүшесі, Филоло­гия ғылымдарының кандидаты Анар Фазыл­жан­ның пікірі де жоғарыдағы пайыммен үндес.

– Шын мәнінде жазу – қоғамдық құбылыс. Осы себепті жазба коммуникация, жазба мәтіндер қоғамның өз ішіндегі және қоғам мен саяси құрылым арасындағы да қарым-қатынасты орнататын көпір. Сондықтан әліпби мәселесі неге ұзақ талқыланып кетті десек, осы үш жақтың – қоғам, ғылым, саясаттың араласуы әсерінен созылған үдеріс­ті көріп тұрмыз. Бұған дұрыс, не бұрыс деп кесіп баға беру мүмкін емес, себебі осы үшеуіне де дұрыс, оңтайлы жазу құралы – тиімді әліпби қажет. Жан-жақты сараптама мен талдаулар жүргізілді, ең бастысы, Қазақстан Үкіметі жанынан құрылған жазу реформасы жөніндегі ұлттық коммис­сияның Орфографиялық жұмыс тобындағы (Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, «Тіл-қазына» ұлттық ғы­лыми-практикалық орталығы, Л.Н.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті, т.б. ірі ғылыми орталықта еңбек ететін) отан­дық ғалымдарымыздың әзірлеп ұсынған әліп­би жобасы бар. Оны біз шартты түрде «Жетіл­дірілген умлаут жоба» деп атап отырмыз. Көпшіліктің кең қолдауына ие болған атал­ған жобаны саяси тұрғыдан қолдап, шешім шыға­руды дұрыс деп санаймыз, – дейді ғалым.

Иә, аталған әліпбиді ғалымдар тілтаным­дық теориялық білімдерге сүйеніп қана әзір­леген жоқ. Сонымен бірге Білім және ғылым министрлігі арқылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, Астана қаласының бірнеше мектебінің жоғары сынып оқушылары арасында, өзге де зияткерлік орындарда, яғни мұғалім, студент, мамандар арасында сынама, талдау, сауалнама жұмыстарын жүргізу арқылы практикалық негізде де тексеруден өткізді. Оған қоса IT мамандардың пікі­рі тыңдалып, əріптердің Unicode стандар­тына сай болуы, компьютерде танылу, оқы­лу жəне конверторлауға икемділігіне назар аударылды. Техникалық сүйемелдеу жұ­мыс тобы мүшелері диакритикалық таңба­ның қай түрі алынса да, Unicode стандарты­на сәйкестенеді, заманауи техниканың мүм­кін­дігі зор, қандай таңба болса, да компьютерге икемдеу мәселесі жеңіл шешіледі, сон­дық­тан ең алдымен тілге икемді әліпби жаса­лу керек деген ұстанымды алға тартты. Сонымен, жетілдірілген нұсқаның теория­лық негіздерімен қатар, практикалық және техникалық базалары да ескеріліп отыр. Анар Фазылжанның сөзінен түсінгеніміз, әліп­би Президент жарлығымен бекітілген күнде әліпбидің емле ережесі, яғни жаңа әліп­бимен жазудың нормативтік базасы да бірге бекітілуі тиіс. А.Байтұрсынұлы атын­дағы Тіл білімі инс­титуты ғалымдары әзір­леп, Орфографиялық жұмыс тобының бір­неше мәрте сараптамасынан өткізіліп дайын­далған емлені де әліпби сияқты құзыр­лы ұйымның шешімімен бекіту – жаңа әліп­би­дің қолданысқа тез енуін қамтамасыз ете­тін, оның қоғамдық беделін нығайтатын, жазу рефор­масының нәтижесін көруге тез жеткі­зетін маңызды қадам. Бұл өз кезегінде сауат­ты жазуды бірден қалып­тастырып кетуге мүмкіндік бермек.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты, алдағы аптада ғалымдар әліпбидегі жекелеген дыбыстарға қатысты онлайн талқылау өткізуді жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде Жұмыс тобының отырысы шақырылып, әліпбидің жетілдірілген нұсқасын ғалымдар бірауыздан мақұлданған соң, Үкімет жанындағы латын әліпбиін жетілдіру жөніндегі Ұлттық комиссияның қарауына ұсынбақ.