Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетіне шалдыққандар саны 9-ға жетті. Бұған дейін анықталған екі адам – Мәскеуде вахталық жұмыста болып, елге қайтқан батысқазандықтар болса, бүгін тұңғыш рет вирусты Орал қаласында жұқтырған науқас тіркелді.
- 49 жастағы науқас провизорлық стационарда медициналық қызметкер болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеке боксқа орналастырылды. Бекітілген хаттамаға сәйкес ем қабылдап жатыр, - деді Батыс Қазақстан облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаев.
Арнаулы қаулыға сәйкес COVID-19 жұқтыру қаупі жоғары медициналық қызметкерлер тұрақты тексеріліп тұрады. Аталған қызметкер де 9 сәуір күні болған тексерісте сау болған. Алайда 12 сәуір күні өткізілген диагностикалық зерттеу нәтижесі оның бойынан COVID-19 диагнозын анықтаған.
- Біз науқаспен жақын қарым-қатынаста болған 7 адамды анықтап, зертханалық зерттеу жүргіздік. 6 адамнан вирус табылмады, жетіншісінің зерттеу нәтижесін күтіп отырмыз. Олардың бәрі де бірге қызмет ететін әріптестер. «Ұлттық сараптама орталығы» филиалының мамандарымен науқастың пәтеріне, кіреберісі мен үйдің іргелес аумағына қорытынды дезинфекция жүргізілді. Науқас пәтерде жалғыз тұрған. Қазір үйдің подъезі карантинге жабылды. Барлық тұрғындарды жасалып жатқан шараларға түсіністікпен қарап, карантин режимін қатаң сақтауды сұраймыз, - дейді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Болатбек Қаюповтың айтуынша, коронавирус дертіне шалдыққан науқастармен жақын жұмыс істейтін дәрігерлер жеке қорғаныш киімдерімен толық жабдықталған. Яғни оралдық дәрігердің вирус жұқтырып алуы өзінің сақтық шараларын толық сақтамауынан болуы мүмкін.
Айта кетейік, 29 сәуірден бері Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетін жұқтырған 9 адам тіркелді. 1 адам вирусты Атырау облысынан, 7 адам Ресей Федерациясы аумағынан жұқтырып келгені анықталған. Науқастың бірі жазылып, жақында үйіне шықты. Қалған 8 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қажетті ем-домын алып жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, олардың барлығының да жағдайы қанағаттанарлық.
Батыс Қазақстан