• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Алматы облысында карантин жарияланды

503 рет
көрсетілді

15 сәуірден бастап Алматы облысының аумағына карантин енгізу туралы тиісті қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес енді облыс аумағына өзге елдерден оралған Алматы облысының тұрғындарынан басқа, сол сияқты тауар тасушы адамдар мен көліктерден, соның ішінде транзиттік көліктерден бөлек, өзге өңірдің тұрғындары мен жеке көліктерге де кіруге тыйым салынады.

Ал Жетісу өңірінен басқа облыстарға белгілі себептермен барған облыс тұрғындары тұрғылықты мекендеріне 15 сәуір күнгі сағат 00.00-ге дейін кері оралуы тиіс. Сондай-ақ, карантин енгізілуіне байланысты аудан, қалаларға кіру-шығуға шектеу қойылып, елді мекендердің ішіндегі қозғалысқа да тыйым салынады.

Ережеге сәйкес, тұрғындарға медициналық ұйымдарға, жақын жердегі дүкендер мен дәріханаға күніне бір рет қана шығуға мұрсат беріледі. Ал тұрғындарға қажетті қызмет көрсететін коммуналдық мекемелер мен басқа ұйым жұмысшыларының қозғалысына жұмыс орнынан анықтама болған жағдайда ғана рұқсат етіледі.

Айтпақшы, бұған дейін облыс аумағындағы екі ауданда жекелеген нысандар оқшауланып, карантин енгізілген еді.Олардың қатарында Қарасай ауданындағы «Асыл Арман» тұрғын үй кешені мен Еңбекшіқазақ ауданындағы 4 саяжай массиві бар.

Сондай-ақ, Біріккен Араб Әмірліктерінен оралған 135 қазақстандық Талдықорған әуежайы арқылы елге кіріп, санитарлық талапқа сай оқшауланған болатын. Тиісті уақыт аралығында дәрігерлік бақылауда болып, қажетті қан сынамасын тапсырған жолаушылардан жұқпалы індет белгісі анықталған жоқ. Қазір  Талдықорған мен Текелі қаласында оқшауланған 135 отандасымыз тұрғылықты өңірлеріне жіберілді.

Қазір коронавирус инфекциясына шалдыққан науқастарды оңалтуға жұмылып жатқан дәрігерлер мен барлық санаттағы медицина қызметкерлеріне қауіптілік деңгейіне сәйкес үстемеақы белгіленді. Атап айтқанда республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттан аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарының 1448 қызметкеріне, оның ішінде 205 дәрігерге, 882 орта медициналық қызметкерлерге, 361 кіші медициналық қызметкерлерге қосымша еңбекақы төленді.

Жетісуда жұқпалы індеттің алдын алу мен күресу жұмысы күн тәртібінде тұр. Атап айтқанда,  аймақтағы медицина қызметкерлеріне үстеме ақы төлеу жүргізілуде. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 1 023 медицина қызметкерлеріне, оның ішінде 178 дәрігерге, 528 орта медициналық қызметкерлерге, 317 кіші медициналық қызметкерлерге сыйақы беру үшін қосымша қаржы бөлінді.

 

Алматы облысы