• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Отыз жылдыққа онлайн концерт

277 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Хасановтар отбасылық ансамблі құрылғанына 30 жылдығын атап өтіп, көрермендеріне онлайн концерт жолдады.

Чапаев кентінде Мақсот пен Дина Хасановтарды үлкен-кіші жақсы біледі. Мақсат аға еңбек жолын Чапаев аудандық мәдениет үйінен бастағанда, Дина апай автоклуб меңгерушісі екен. Сонау 1973 жылы отау көтерген өнерлі жастар осыдан 30 жыл бұрын отбасылық ансамбл құрып, содан бері халық алдында өнер көрсетіп келеді.

Шағын ғана отбасылық ұжымның қол жеткізген жетістіктері өте көп. 1977 жылы Қазан төңкерісінің 60 жылдығына арналған халықаралық фестивальдің лауреаты атанса, 1985 жылы Ұлы Жеңістің 40 жылдығына арналған отбасылық ансамбльдер сайысында да жүлдегер қатарынан көрінді. Болгария, Румыня елдерінде, Мәскеу, Кишинев қалаларынында өткен халықаралық фестивальда облыстық «Ақжайық» ансамблінің құрамында өнер көрсетіп, талантымен талайды тамсандырды.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме? Өнерлі отбасында туған алты баланың төртеуі бүгінде өнер саласында қызмет етіп жүр. Соның ішінде Жаңылсын Хасанованың орны бөлек. 1997 жылы облыстық «Жас қанат» байқауында «Әлия» әнін орындап, жүлделі I-ші орынды жеңіп алған Жаңылсынды ақжайықтықтар «Біздің әнші Розамыз» деп атап кетті. Одан кейін де Жаңылсын талай сахнада топ жарды. Ескендір Хасанғалиев атындағы республикалық «Атамекен» байқауының I орын иегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты атанды. 2006 жылы республикалық «Жас қанат» байқауында II-ші жүлделі орынды жеңіп алып, «Күміс қанат» белгісіне ие болды. 2006 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен марапатталып, 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болды.

Ал Жаңылсынмен тете өскен Қайрат бүгінде мәдени-демалыс орталығының бағдарламашысы, халықтық ұлт-аспаптар оркестрінде дауылпазды басқарады.

Әулеттің бесінші перзенті Асхат Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясын үздік бітірген өнер иесі. Қазір Батыс Қазақстан облыстық камерлық оркестрінде бас дирижер болып қызмет етеді.

Ал, үйдің кенжесі Медет кезінде ата-анасы еңбек еткен Жайық ауылдық клубында киномеханик, музыкант болып қызмет етеді. Әншілік өнері де ешкімнен кем емес.

Міне, өнерлі шаңырақ карантинде қамалып жатқан көрермендеріне арнап керемет концерт жолдапты. Алдымен Мақсот аға мен Дина апай сөз алып, әлемді әбігерге салған індет кезінде қауіпсіздік сақтау, үйде отыру қажет екендігін айтып, көрерменге сабыр мен сақтық тіледі. Одан кейін баян үніне қосылып жергілікті сазгер Рақым Жанайысовтың «Атамекенге сағыныш» әні әуеледі. Гитара, контрабас, скрипка, домбыра аспаптары араласқан әдемі концертке әулеттің келіндері мен немерелер де атсалысты. Осылайша, отбасылық ансамблдің отызжылдық мерейтойы онлайн концертімен есте қалды.

 

Батыс Қазақстан