• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 14 Сәуір, 2020

Карантин кем-кетікті көрсетті

268 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысындағы ауыл тұрғындарының тең жартысы ауыл шаруашылығы секторында қызмет етеді. Бірақ облыстың жалпы ішкі өнімінің ішінде ауыл шаруашылығы саласының үлесі 4%-ға да жетпейді. «Осы карантин біздің осал тұстарымызды анық көрсетті. Біз осы күндері азық-түлік тәуелсіздігімізді қамтамасыз ету үшін қай бағытта жұмыс істеу қажеттігін нақтылап, жоспар жасап жатырмыз» дейді Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев.

Өңірде ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында әр ауданның орналасуына, табиғи климаттық ерекшеліктеріне қарай жаңа инвестициялық жобалар карантиннен бұрын-ақ жүзеге асырыла бастаған еді. Яғни тұрғындарға кәсіп ашу үшін несиелер беріліп, бюджеттен демеу қаржы түрінде қолдау көрсетілуде. Мысалы, 2019 жылы Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы саласының дамуына мемлекет тарапынан 35,5 млрд. теңге демеу қаржы мен несие ресурстары берілген. Ал, ауыл шаруашылығы құрылымдары тарапынан саланың дамуына тартылған инвестиция көлемі 15,6 млрд теңгені құрап, 2018 жылғы көлемнен 2 есе артты.

- Биылғы қаңтар-ақпан айларының өзінде ғана тартылған инвестиция көлемі 1,2 млрд. теңгені құрап, 2019 жылдың сәйкесті кезеңімен салыстырғанда 8 есе артып отыр, - дейді Мұхтар Наурызбайұлы.

Әкім орынбасарының айтуынша, өңірдің агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологиялар жаппай енгізіліп жатыр. Соның нәтижесінде өңірде 2019 жылы жалпы құны 170 млрд теңгеге жуық ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Оның өсу қарқыны жөнінен Батыс Қазақстан облысы елімізде ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізіпті. 2019 жылы облыстан экспортқа 6 мың тоннадан астам ірі қара еті мен қой еті экспортталған, бұл көрсеткіш бойынша облыс Республика өңірлерінің ішінде 2-орынды межелеген.

Дегенмен, 1990 жылдары Батыс Қазақстан облысында 120 мыңнан астам жылқы, 800 мыңдай ірі қара, 2,4 млн бастан астам қой-ешкі, 1,8 млн құс болған екен. Соңғы санақ бойынша өңірде 190 мыңнан астам жылқы, 600 мыңнан аса ірі қара, 1,2 млн қой-ешкі, 1,5 млн басқа жуық құс тіркеліпті. Яғни жылқы көбейген, бірақ қалған түлік бойынша кеңестік кездегі көлемге жете алмай келеміз.

Әрине, қазір сан қуалайтын заман емес. Бүгінде сапаға, мал тұқымын асылдандыруға ерекше көңіл бөлінеді. Оның үстіне, қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малы, көшім тұқымды жылқысы, еділбай және ақжайық етті-жүнді асыл тұқымды қойларының отаны – дәл осы Ақ Жайық өңірі.

Бүгінде облыста 32 мың басқа арналған ірі қара малын бордақылау алаңдары бар, олар заманауи инфрақұрылымдармен жабдықталған. Әрқайсысы 5 мың басқа арналған Тасқала ауданындағы «Taskala-Et BKO» ЖШС мен Қазталов ауданындағы «Мясная индустрия» ЖШС былтыр ғана іске қосылды. Алдағы уақытта «Мясная индустрия» мал бордақылау алаңының қуатын 20 мың басқа дейін арттыруды көздеп отыр. 

«Бізге экспорттық әлеуетімізді толық пайдалана отырып шикізатты қайта өңдеу, дайын өнімді экспортқа шығару мәселесі аса маңызды. Ол үшін қазіргі заманғы талаптарға сай өнім өндіретін кәсіпорындар құру бойынша жобаларды жүзеге асыруды қолға аламыз» деген Мұхтар Манкеев 2020-2021 жылдары ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 30 млрд теңгені құрайтын 8 ірі инвестициялық жоба жүзеге асатынын хабарлады.

Бұлардың ішінде жылыжай кешендері, сүтті-тауарлы фермалар, мал бордақылау кешендері, тері өңдеу цехы, жеміс-көкөніс сақтау қоймасы сынды жобалар бар.

Көкөніс сақтау қоймасы демекші, бұл да өңір үшін өте қажет дүние. Өйткені, облыс аумағындағы шаруашылықтар жыл сайын 120 мың тоннадан астам картоп және көкөніс өнімдерін өсіріп шығарады. Бұл облыс тұрғындарының қажетін толық қамтамасыз етуі тиіс болатын. Бірақ күзде, картоп, көкөніс өнімдерін жинау кезінде бірқатар шаруашылықтар көкөніс қоймаларының жетіспеуінен алған өнімін басқа өңірлерге немесе экспортқа сатып жібереді. Осының кесірінен қазіргі карантин кезінде облыс тұрғындарды картоп және көкөніс өнімдерімен толық қамти алмай, оны еліміздің басқа өңірлерінен және көршілес мемлекеттерден тасымалдап отыр.

Мұхтар Манкеев өңірде көктемгі егіс науқаны басталғанын, түрлі шаруашылықтармен арада жасалған меморандумға сәйкес биыл егіс алқабы 514 мың га болатынын айтады. Соның ішінде дәнді дақылдар 240,6 мың га, майлы дақылдар 76,0 мың га, картоп және көкөніс-бақша дақылдары 9,4 мың га алқапқа егілмек. Аудан әкімдеріне өзен-көлдердің бойында орналасқан елді мекендерде ұжымдық бау-бақша егуді ұйымдастыру тапсырылған.

«Кез келген экономикалық қиындық – жаңа дамудың табалдырығы» дейді ғой мамандар. Күтпеген жерден келген кесел, есік-терезені жауып, етек-жеңді қымтаған карантин азық-түлік қауіпсіздігі мен жеңіл өнеркәсіп саласының маңыздылығын анық көрсеткен сыңайлы. Ендеше уақыт сынынан қорытынды шығару қажет.

Батыс Қазақстан