• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 15 Сәуір, 2020

Гагаринмен кездескен күн

247 рет
көрсетілді

Бұдан бірнеше жыл бұрын ұстазымыз, механика кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Төлеген Оспанұлы Қонақбаев өзінің оқушы кезінде Ю.А.Гагарин бастаған ғарышкерлермен кездескені, сол жолы оларды суретке түсіргендігі туралы айтқаны бар еді. Тарихи суреттерді тауып, әкеліп көрсетемін дегеніне де біраз болыпты.

Қазіргі орын алып отыр­ған жағдайға байланысты механика кафедрасының ұжымы да қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Үйде болғандықтан, бұрын-соңды қолымыз тимей, бірақ ойымызда жүрген шаруа­ларға қол жетіп жатқаны да жасырын емес. Содан сәті түсіп Төлеген Оспанұлы ар­­хив­терін ақтарып, осы әңгі­ме басында айтылған ұшқыш-космонавттардың су­реттерін тауып маған жібер­ген болатын.

Ғарышкерлермен болған кездесуден естелік болған бұл суреттердің тарихын Төкең былай деп баяндайды:

Мен, 1950 жылы Ново­сібір облысында, Құ­лынды (Құлын) даласында – ата-бабаларымыздың жерінде дүниеге келдім. 1964 жылы мектептің үздік оқу­шысы, пионер-комсомол же­тек­ші­сі және спортшы ре­тін­де Кав­каздың Қара теңіз жа­ғалауындағы Туапсе теңіз пор­ты жанындағы «Ор­ленок» лагеріне (Бүкіл­одақтық «Ар­тек» лагерінің аналогы) бү­кіл аймаққа берілген жалғыз жолда­ма маған бұйырды. Біз қыр­күйек-қазан айларында сол лагерьде болдық, бір тоқ­сан сонда оқыдық, демалып, шынығып қайттық.

Қыркүйек айының со­ңында Сочиде төрт ға­рыш­кер демалды: Юрий Га­гарин, Андриян Николаев (бірінші әйел-ғарышкер Ва­лентина Терешкованың күйеуі), Владимир Комаров және ғарышқа ұшқан ал­ғашқы ғалым, техника ғы­лымдарының докторы Кон­стантин Феоктистов. Біз ұш­қыштарға лагерьге ке­лу­ге шақыру жібердік. Ша­қы­руды алған соң, олар қа­йықпен бізге жетті.

Сол кезде мен өзімнің отряд командирі болғаныма қатты қуандым. Себебі ұш­қыштарды сол порттан авто­буспен қарсы алуға қо­шеметші топпен бірге бар­дым. Порттан біздің «Ор­лёнок» лагеріне дейінгі таулы жолдың ұзақтығы қырық бес шақырым. Жолшыбай автобуста келе жатып ға­рышкерлермен жақынырақ танысып, етене әңгімелесе алдық және өз басым төрт ғарышкердің қолтаңбаларын да алып үлгердім.

«Орлёнокта» қадірлі қо­нақтармен ұзақ та қызықты кездесу өтті. Кездесуге төрт жүз пионер және комсомол мүшелері қатысты. Біздің сұ­рақтарымызға көбінесе аты аңызға айналған Юрий Гагарин жауап берді. Ол өте қарапайым, сүйкімді, мейірімді және қызық адам болып шықты. Өзінің сөз саптауына қарай, олардың ішіндегі жасы үлкені, мейірімді әрі ақылдысы Владимир Комаров екенін аңғардық. Өкінішке қарай, ол Қазақстанның Жезқазған аймағына қону кезінде қайғылы қазаға ұшырады.

«Кездесу барысында мен олардың бәрін қара­пайым Smena-5 камерасы­мен суретке түсіріп алдым», деп әңгі­ме­сін аяқ­­таған Төлеген аға сол ұш­­­қыштармен бол­ған кезде­су­­дің әлі есінде екен­дігін, жә­не осы ақпаратқа қызы­ғу­шылық танытатын жан­дар­мен бөлісуге дайын екен­дігін білдірді.

Әңгімеге арқау болған су­рет­тердің тарихы міне осын­дай болды.

 

Динара ТУРАЛИНА,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық уни­­верситетінің механика-математика факультеті