Арқа жұртының карантинге еті үйреніп алғандай. Басында, бетперде тақпағанға ит көрген ешкікөзденіп қараушы едік, қазір дым болмағандай қасынан өте шығатын болдық...
Диқаншы қауым ол, тракторларын дырылдатып, көктемгі дала жұмыстарына дайындалып жатыр. Дұрыс қой енді, коронавирус кетіп, карантин біткенде аузыңа біреу әкеп нан салмайды ғой.
Бақсақ, карантиннің де езуге күлкі үйірер өз «қызықтары» болады екен. «Бұдан да жаман күнімізде тойға барғанбыз» деген қазақпыз ғой. Тек, үйде отырып күлелік...
Сұлудан сұхбат алсам ба..?
Таяуда Біріккен Араб Әмірлігінен еліміздің 135 азаматы арнайы ұшақпен Алматы облысындағы Текелі шипажайына жеткізілді. Бұл отандастарымыздың басым бөлігі «алма мойын, аршын төс» деп ауыздың суы құрып айтар арулар болып шықты.
Бұлардың мұнай мен мейманхана бизнесінен басқа айналдырар «ермегі»жоқ ертегілер елінде не істеп жүргенін бір құдайым білсін... Бастысы, шектеулер шекараларды жауып тастаған қиын-қыстау сәтте біздің ел өзінің азаматтарын далаға тастамады.
Әрине, «мұнайшы», әлде «даяшы» қыздарды жерден алып, жерге салып жатқандар да бар. Коронавирустің кесірінен ұрынарға қара таппай отырған оларға түсіністікпен қарауға болатын шығар... Кім біледі, араларында 42500 теңге әлеуметтік төлемді алып үлгермей, ашу үстінде айтып қалғандары да бар болуы мүмкін...
Әлгі арулардың ішінде қарағандылық бір қыз бар екен. Бетпердемді тағып алып, сол бикешті іздеп тауып, эксклюзивті сұхбат алсам ба деймін...
Қу келіншектерді қуып жүріп сабаса...
Ауылда үйінің бір бүйірін тесіп, шап-шағын дүкен жасап алған досым бар. Тауарды бұрын аудан орталығы болған ірі теміржол стансасынан тасиды.
Өзі қырыққа келсе де, өңін бермеген қырмасақал. Былайша айтқанда, бет терісі келіскен жігіт. Содан да болар, оны көрген бойда бойдақ келіншектердің көзі күлімдеп, көктемдей құлпырып шыға келетіні бар...
Жиі хабарласып тұрамыз. Кейінгі кезде әңгімеміз көбіне коронавирустың төңірегінде өрбитін болған.
Күні кеше менің саудагерім тауар алып жүрген кенттен «жаман тұмау» жұқтырған бір ер адам табылды. Дереу іні досқа хабарластым.
Байқаймын, дауысында абыржу жоқ, сап-сабырлы. «Мен, – дейді сол байсалды қалпы, – ешкімге сенбеймін. Пойызға мінген бетте маскамды тағам, резеңке қолғапты кием, бітті. Тауар алатын жерге келгенімде, қу келіншектер: «Не болды сонша тұмашаланып? Жаның қандай тәтті еді!», деп қағытады. Сонда мен оларға: «Карантинді түсінбейтін сендерді қуып жүріп сабаса, қой демес ем!», деймін».
Қалай десе де, досымның сөзінің жаны бар...
«Кәрі» сарбаздарды көре алмай жүрміз
Кеше Қарағанды облысының әкімі арнайы дайындыққа шақырылған еріктілермен, яғни «кәрі» сарбаздармен кездесіпті. Суретке қарап тұрсам, бір сарбаз қолын шекесіне таяп, өңір басшысына «честь» беріп, бірдеңені баяндап жатыр екен. Біздің әкім әскерде болмаған-ау деймін, сымдай тартылған сарбаз алдында әскери «сәлем» беріп тұрғанда, екі қолын төмен түсірмей, пәпкі ұстаған күйі қатқан да қалған...
Айтайын дегенім, әлгі сарбаздарымыз қолына қару алып, бізді қорғай ма десек, облыс әкімінің сөзімен айтсақ: «көрінбейтін жаудың таралуына қарсы күреседі» екен. Яғни, олар бір ай ішінде маңызды нысандарды санитарлық тазартумен және санитарлық бақылау пункттерінде кезекшілікпен айналысатын көрінеді. Ол ол ма, олар үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі екен. Барлығына еңбекақы төленеді, сонымен қатар заңмен белгіленген жеңілдіктерге және әлеуметтік кепілдіктерге де ие болатын көрінеді.
Ең бастысы, олар біз сияқты үйде қамалмай, далада, көшеде көктемнің сарайды ашқан саф ауасымен тыныстап, ақша алатын пайдалы іспен айналысады. Жолы болғыш жігіттер, әрине. Мен, тағы кейбір жігіттер бар, оларға жақсы мағынасындағы қызғанышпен қарап, көре алмай жүргеніміз рас, енді.
Әттең, жасымыз асып кетті. Әйтпегенде бар ғой...