• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 15 Сәуір, 2020

Оралдағы карантин тәртібінде өзгеріс бар

1563 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев пен Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков телеарна арқылы жедел брифинг өткізіп, Батыс Қазақстан облысында ертеңнен бастап жүзеге асатын карантин шараларына өзгеріс енгізілгенін хабарлады.

Облыстың бас мемлекеттік санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев 15 сәуір күні таңертең «16 сәуірден бастап облыста карантиндік шаралар одан әрі күшейтілетінін, Орал қаласындағы барлық қоғамдық көлік – автобустар қозғалысы тоқтап, барлық банк бөлімдері, Қазпошта бөлімшелері жұмысын уақытша тоқтататын айтқан болатын. Осы хабардан кейін азық-түлікті көтерме сататын сауда орындарында, банк бөлімшелерінде халық көп жиналып, кезек пайда болған.

Облыстық жедел штабтың отырысынан кейін карантин шараларының өзгерісі нақтыланды: екінші деңгейлі банк ұйымдары қызметін жалғастыратын болды. 17 сәуірден бастап олардың қызмет көрсету уақыты 9.00.-16.00. сағат аралығында болады.

-Халыққа төленетін барлық әлеуметтік көмек, жәрдемақылар, зейнетақылар толығымен төленеді, заңды тұлғаларға несие алу, т.б. қызмет жасала береді, тек жеке адамдарға несие беру уақытша тоқтатылады. Ал азық-түлік өнімдерін сататын базарлар 18-сәуірден бастап уақытша жабылады, - деді Мұхтар Манкеев.

16-24 сәуір аралығында тұрғындар мен жеке көліктердің қозғалысы шектеледі. Қоғамдық көлік бір аптаға тоқтайды. Күшейтілген карантин режімінде жүріп-тұруға рұқсат берілген адамдардың тізімі www.stopcovid.kz сайтына тіркеледі. Күшейтілген карантин режімінде жұмысын істей беретін кәсіпорындар мен мекемелерде қызмет ететін тұрғындардың жұмысына барып-келуін жұмыс беруші ұйымдастыратын болды.

-Қала аумағында орналасқан барлық блок-бекетте ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің, көктемгі егіспен айналысатын шаруалардың тізімі бар, олардың жүріп-тұруына кедергі болмайды. Кез келген мәселе бойынша біздің жедел штаб жауап беруге әзір, - деді Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.  

Сондай-ақ медициналық мекемелердің, дәріханалардың, коммуналдық мекемелердің, наубайханалардың, т.б. күнделікті тіршілікті қамтамасыз ететін мекеме-ұйымдардың жұмысы жалғаса береді.

 

Батыс Қазақстан