Парламент Мәжілісінің Спикері Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бизнес-ахуалды жақсарту мәселелерін қамтыған заң жобасы жан-жақты талқыланды.
Заң жобасымен министрліктер таныспаған ба?
Алқалы жиынның күн тәртібіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-климатты жақсарту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Мәжіліс депутаттарының назарына бірінші оқылымда ұсынылды.
Аталған құжаттың жай-жапсарымен таныстырған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов заң жобасы 6 кодекс пен 33 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтінін атап өтті. Заң жобасында ақпаратқа қолжетімділікті жақсарту, бірқатар көрсетілетін қызметті электронды форматқа ауыстыру, рәсімдерді қысқарту және бәсекелестік ортаны дамыту шаралары қамтылмақ.
– Заңды тұлғаларға тіркелген жылжымайтын мүлік объектілері бойынша құқық белгілейтін құжаттарының, ауыртпалықтардың және сот талап-арыздарының болуы туралы ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады. Сондай-ақ меншік иесінің дербес деректерін көрсетпей, жылжымайтын мүліктің ауыртпалық мәртебесі туралы ақпаратты ашуға рұқсат беріледі. Бұл жылжымайтын мүлік нарығында рәсімдеуді жеңілдетіп, күмәнді мәмілелердің тәуекелін төмендетеді. Жеке кредиттік бюро үшін тұтынушылардың табиғи монополиялар субъектілерінің алдындағы борыштары бойынша ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз ету ұсынылады. Мұндай ақпарат мемлекеттік кредиттік бюроға ғана бүгінде ай сайын беріліп жатыр, – деді Руслан Дәленов.
Министр бірқатар қызметті электронды форматқа ауыстыру барысына да тоқталды. Оның айтуынша, заң жобасында нотариалдық куәландыруды талап етпейтін жазбаша шарттарда мәмілелерді тіркеу кезінде белгі қоюды электрондық форматқа ауыстыру қарастырылды. Бұл – сату-сатып алу, сыйға беру, жалға беру және басқа да міндетті нотариалдық тіркеуді талап етпейтін мәмілелер.
Сондай-ақ кәсіпорынды электрондық мемлекеттік тіркеу кезінде банкте ағымдағы шотты міндетті түрде онлайн ашу ұсынылады. Бұл ретте Нұр-Сұлтанда, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда электрмен жабдықтау желілеріне қосылу рәсімін оңайлату мақсатында техникалық шарттарды беруге өтініштерді қабылдауды табиғи монополиялар субъектілерінің сайттары арқылы электрондық түрде жүзеге асыру көзделеді.
Заң жобасында бизнесті ілгерілету мақсатында ресімдерді қысқарту жағы қарастырылған. Соның бірі – техникалық жағынан күрделі емес объектілерінің құрылысы үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу және оның сараптамадан өту ресімін алып тастау ұсынысы. Бірақ бұл норманы Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бастаған депутаттар құптамады.
– Сіздердің ережелеріңіз бойынша техникалық жағынан күрделі емес нысандардың ішіне – екінші және үшінші деңгейдегі нысандардың бәрі жатады. Енді осы нысандардың тізімін қараңыздар. Олар: 5 қабатқа дейінгі тұрғын үйлер, 600 орынға дейінгі мектеп, 800 адамға дейін келетін ойын-сауда орталықтары және тағы басқа... Енді осы нысандардың бәрін жобалық-сметалық құжаттамасыз, сараптамасыз салуды ұсынып отырсыздар. Осы заң жобасын әзірлеушілер мына заң жобасын ұсына отырып, «мұндай нысандарға адам көп келмейді» деп жазады. Бұл жерде не айтуға болады? Бір ғана сұрақ туындайды: министрліктер мен ведомстволардың бірі болсын Мәжіліске жіберген заң жобасын оқыды ма өзі? – деді Мәжіліс Спикері.
Сонымен қатар депутаттар мемлекеттік монополия субъектісінің, мемлекеттік монополия субъектісі болып табылмайтын, бәсекелестік нарықта қандай да бір тауарды өндіруге, өткізуге айрықша құқық берілген заңды тұлғаның Қазақстан Республикасының мемлекеттік монополия туралы заңнамасында белгіленген шектеулерді сақтамауы туралы норманы да алып тастау қажет екенін айтты. Мәжілісмендер ұсынылған нормалар мемлекеттік органдарға бәсекелі тауар нарықтарында жеке меншік нысанындағы монополистерді жасанды түрде құруға мүмкіндік береді деп есептейді.
Нұрлан Нығматулиннің айтуынша, соңғы жылдары отандық тауар нарықтарында бәсекелестік орта айтарлықтай нашарлады. АҚ және ЖШС нысанындағы шамамен 24 ұйым тек өз қалауы бойынша баға белгілеу мәселелерін шешеді. Заң жобасын әзірлеушілер ұсынған түзету Мемлекет басшысының монополияға қарсы нақты шаралар қабылдау жөніндегі нұсқауларына қайшы келеді.
Телефон байланысына төлем қымбаттамайды
Депутат Айзада Құрманова бизнес-ахуалды жақсартуға бағытталған заң жобасында ауылды елдімекендер бойынша әмбебап қызметтерді субсидиялауды алып тастау ұсынылғанын, бұл норма ауыл тұрғындарын бірден-бір байланыс құралы – үй телефонынан ажырататынын алға тартып, аталған жағдай бойынша жиынға қатысып отырған Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтың пікірін сұрады.
Асқар Жұмағалиев бұл ескертпенің орынды екенін, 2004 жылы қолға алынған жұмыстардың арқасында елді мекендердің көбі телефон байланысымен қамтамасыз етілгенін және дәл осы субсидия жүйесімен алдағы уақытта ауылдарға интернет тарту көзделіп отырғанын жеткізді.
Осыған сәйкес Мәжіліс Төрағасы ауылдық телефон байланысына қатысты Үкімет ұсынған заң жобасындағы норманы қайта қарау керектігін айтты.
– Шынын айту керек, қазір ауылды жерлер ғана емес, қаланың өзінде интернет байланысы нашар. Оны жақында бәріміз де көрдік. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда көптеген ауылда бір ғана сапалы байланыс бар шығар. Ол – телефон байланысы. Қазіргі уақытта оған айына 670 теңге төленеді. Егер екі-үш есеге өсетін болса, халық оны қалай төлейді?! Оны неге ойламасыздар? – деді Нұрлан Нығматулин.
Мәжіліс Төрағасы заңның бұл нормасына қатысты «Қазақтелеком» компаниясынан анықтама алғандарын айтты. Мәлімет бойынша аталған норма күшіне еніп кетсе, 630 мың абоненттің телефон тарифі өседі. Бұл – ауылдағы абоненттердің 98 пайызы. Осы жағдайда коммуникацияның басқа баламасы болмағандықтан, ауыл тұрғындары жалғыз байланыс құралынан айырылады.
Алайда Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов ауылдағы телефон байланысы үшін төлем қымбаттамайтынын, себебі республикалық бюджет есебінен бұл бағытта алдағы үш жылда 8,5 млрд теңге көзделгенін, субсидиялау схемасы бұрынғыша қала беретінін жеткізді. Сондықтан Үкімет басшысының орынбасары дау тудыратын норманы заң жобасынан алып тастау қарастырылғанын айтты.
Жиын барысында заң жобасы бойынша талқыланған мәселелер ескеріліп, екінші оқылымға дейін пысықталатын болды.
Жалпы отырыста «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінген тауарларды қадағалап отыру тетігі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңының жобасы мақұлданды. Әлихан Смайылов бұл келісімге 2019 жылы 29 мамырда Нұр-Cұлтандағы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында ЕАЭО мүше мемлекеттер басшылары қол қойғанын атап өтті. Келісімнің негізгі мақсаты – тауарлар айналымын тиімді бақылау, заңсыз айналымды анықтау, салықтан жалтару жағдайларын жою, бюджетке түсетін салық пен кеден төлемдерін ұлғайту.
– Әрбір мемлекет өзінің Ұлттық қадағалау жүйесін құруы қажет. Сондай-ақ, өздерінің салық төлеушілерінің ілеспе құжаттарының осы жүйеде рәсімделуін бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Құжаттарды мұндай рәсімдеусіз ЕЭАО шеңберінде тауарлардың тасымалдануына тыйым салынады. Келісімде Кеден одағына мүше мемлекеттер арасында қадағалау жөніндегі ақпарат алмасу бойынша талаптар айқындалған. Мұндай алмасу ЕЭАО интеграцияланған ақпараттық платформасы арқылы тұрақты түрде жүзеге асырылады. Тауарлар айналымын қадағалау тетігін енгізу 2025 жылға дейін ЕЭАО цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізін қалайды. Келісімді ратификациялаудан кейін 12 ай өткен соң барлық мүше мемлекеттер қанатқақты жобаны іске қосады. Қанатқақты жобаның қорытындылары бойынша қадағалау жүйесінің тұрақты жұмыс істеуіне көшу туралы шешім қабылданады, – деді Қаржы министрі.
Отырыс соңына қарай Мәжіліс депутаттары – Нұржан Әлтаев, Аманжан Жамалов, Азат Перуашев және Айқын Қоңыров тиісті құзырлы органдардың басшылығына қазіргі пандемия жағдайына байланысты ескерілуі керек бірқатар мәселе мен ұсыныс қамтылған депуттаттық сауалдарын жолдады.