• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Саясат 16 Сәуір, 2020

Күресті күшейтуіміз керек

115 рет
көрсетілді

Адамзат атам замандардан бері қаншама сынаққа түсті, соның бәрінде төзім мен шыдам, күрес пен жеңіс биігінен түскен емес. Міне, бүгіндері де адамзатқа өлшеусіз ауыр сын төніп тұрған жағдай бар.

Әлемге таралған COVID-19 жұқпалы індетінің нәубетке шалдықтыру қаупі туындауда. Бұл бір адам басындағы қайғы емес, бар адамзатқа төнген ауру. Сондықтан пандемияға қарсы дүниежүзілік бірлескен майдан ашылды. Мемлекетаралық сақтану мен сауықтыру шараларын бірге атқа­руға ұмтылыс өріс алды. Уақытша бір­лескен мемлекетаралық медициналық-сани­тар­лық эпидемиялық ғылыми-зерттеу орта­лықтары коронавирус атты алапатқа қарсы қолданылатын немесе зиянсыз­дан­дыратын, яки толығынан емдеп шы­ғаратын жолдарды, әдіс-тәсілдерді және құралдарды табу жұмысын қауырт қолға алуда. Әлемдік денсаулық сақтау, халық денсаулығының саулығын қамтамасыз ету, коронавирусты мүмкіндігінше зарарсыздандыру шаралары аясында Қазақстан да өзінің мемлекеттік әлеуетін барынша жұмылдыруда.

«Халқымыздың денсаулығы мен амандығына төнген қауіптің салмағын дер кезінде аңғарып, алдын алу шараларын алғаш қолданған мемлекеттер қатарынан көріне алдық», деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев әділ көрсеткендей, Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев қазақ­стандықтарға арнайы үндеу тастап, тиісті тактикалық және стратегиялық, күнделікті ұйымдастыру мен әдістемелік ша­раларды белгілеп, бағыттау арқылы «бұдан он еселеп болуы ықтимал қаупін мүмкіндегінше минималдандыра алдық» (Қ.Тоқаев).

Халықтың басына төніп тұрған мына жұқпалы зұлматта ел мен мемлекет бірлігі, тұтастығы – тарихи сын. Елор­дамыз Нұр-Сұлтанда, Алматыда және басқа қалалар мен облыстарда жарияланған төтенше жағдай режімін, карантин тәртібін халқымыз ұстанып, мемлекет үшін де, өз басы үшін де бүгінгі патриотизмін көрсетуде. Халықты күнделікті ақпараттандыру, өзін өзі оқшаулап зарарсыздандыру, мемлекет талап еткен ұстанымдарды сақтау өмір салтымызға айналуда. Сондай-ақ мемлекетіміз өз міндетін жауап­кер­шілікпен атқаруда. Өндірістің, бизнес пен кәсіпкерліктің, ауыл шаруашы­лығының бейбіт күндердегі ырғағы жүйе­сінің бұзылмауына, жұмыспен қамтылуы уақытша тоқтатылған азамат­тарға, мұқтаж отбасыларына, әртүрлі ардагерлерге және вирус қатерімен тікелей алдыңғы шепте күресіп жүрген азаматтарға өсімсіз кредит­тер, мемлекеттік қолдаулар, жәрдем­ақылар, минимумдық көмек, тағы басқа қолдау мен жеңілдіктер жасалуда. Аласапыранды пайдалану ниеті­мен адастырып, берекесіздік пен үрей туғызуға, азық-түліктің, жанармай­дың, медициналық сақтық-емдік құрал­дарының бағасын негізсіз көтеруге қарсы шектер қойылуда. Мемлекеттік шаралар ұсыныс сипатында емес, заңды күште жұмыс істеуде. Сонымен бірге эпидемия­мен күресте салалық зертханалар мен ғалымдарымыздың кеселге қарсы вакциналар түрін табудағы ізденістері, коронавирустың белгілі біртектеріне нақты адамның шалдығуының бар-жоғын анықтайтын тестілер мен құ­рыл­ғылар жобаларын әзірлеуі жүзеге асуда. Республиканың медициналық кадрлары жан аямай, өздеріне төнетін қауіп-қатерге қарамастан, алдыңғы шепте апатты ажалмен бетпе-бет айқасуда, өздерінің кәсіптік антына адалдығымен бірге, азаматтық парыздарын жанкештілікпен өтеуде. Халық ризалығы оларға да, оларға материалдық өтем белгілеген билікке де шексіз. Міне, осындай мемлекет пен жалпыхалықтық бірлестік елімізде коронавирус індетін ұзатпай құрықтайтынына сенім мол.

Ал енді мемлекеттің уақытша енгі­зілген темірдей тәртібінің қуат-күші әрбір азаматтың қолдауына, жауап­кер­шілікпен қатысуына тікелей байланыс­ты. Сондықтан мемлекеттің, медицина қызметкерлерінің, қарулы күштердің, журналистердің, еріктілердің, тағы басқа қауымдардың еңбегі зая кетпес үшін, елдің аман-саулығы үшін отандас­тарымды коронавируспен бірлескен күресімізді күшейте түсуге шақырамын. «Біз біргеміз!».

 

Мақсат ҚАЛИМОЛДАЕВ,

«Ақпараттық және есептеуіш технологиялар» институтының бас директоры, ҰҒА академигі