Алматы облысында ірі кәсіпорындардың жұмысы тоқтаған жоқ. Сәйкесінше жұмысшы санын қысқарту мен ақысыз демалысқа жіберу жағдайы да тіркелмеді. Өндіріс орындарындағы еңбек реті төтенше жағдай ережесі мен карантин тәртібіне сай жүріп жатыр.
Панфилов ауданында екі ірі кәсіпорынның тыныс-тіршілігі соған дәлел. Мекеменің кіреберіс аумағынан ашылған санитарлық бекет жұмысшылардың дене қызуын тексеріп, тіркеп отырады. Ал күнсайын екі рет дезинфекцияланатын арнайы автобустар мекеме қызметкерлерін тасымалдап, үйлеріне дейін жеткізеді екен. Аталған екі кәсіпорын – Жаркент крахмал-сірне зауыты мен «Универсал» серіктестігінде 1200 жұмысшы бар. Кәсіпорын жұмысы тәулік бойы тоқтамайды.Әсіресе «Универсал» зауытында тоқылатын қапқа сұраныс бар.
- Қазіргі жағдайға байланысты біздің кәсіпорынның шетелге шығаратын экспорт өнімі 15 пайызға азайды. Есесіне ішкі нарыққа сұраныс артты. Жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін барлық шараны жасап жатырмыз. Орталық ауруханамен келісім-шартымыз бар. Сапалы тегін тамақпен, жоғары жалақы төлеп отырмыз. Көктем келді. Кәсіпорын ішіндегі бос алаңдарға көкеніс егуді қолға алдық. Агроном жұмыс істеп жатыр. Жұмысшылар оны өз қажеттеріне пайдаланады, -дейді «Универсал» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Закиржан Кузиев.
Сондай-ақ, кәсіпорын жанынан жаңа оқу бөлімі ашылыпты. Онда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, жұмыссыз азаматтарды зауытқа қажет мамандықтарға қайта даярлап, үш ай бойытегін оқытады. Айтпақшы, өткенде Жаркенттегі 1800 отбасына әлеуметтік пакет таратып, тегін азық-түлік жеткізген кәсіпкер – осы кәсіпорындардың басшысы Закиржан Кузиев болатын.
Алматы облысы