Мектеп оқушылары төтенше жағдайға байланысты қашықтан білім алуда. Орта білім беру ұйымдарындағы жаңа форматқа көшудің алғашқы аптасынан соң қоғамның да, ата-аналардың да, мұғалімдер мен оқушылардың да тосын тоқсанға төселе бастағаны байқалды. Ендігі мәселе – білімнің сапасы. Сапалы білім алу – әр баланың құқығы. Осы құқығы білім алушының әлеуметтік, денсаулық, тіпті тұрғылықты жеріне қарамастан бұзылмауы тиіс. Осы орайда «Жеке компьютері жоқ яки қолында барлық мүмкіндігі болғанымен, интернет тартылмаған елді мекендегі оқушылар немесе есту, көру қабілеті бұзылған балалар қашықтан қалай оқып жүр?» деген сауал туады. Мұндайда сапалы білім туралы сөз қозғауға бола ма? Жауап іздеп көрелік.
Техника тосқауыл ма?
Қашықтан оқыту, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқандай, осы үдеріске қатысы бар барлық адам үшін үлкен емтихан болып тұрғаны белгілі. Алайда алдында кездескен кедергі мен түрлі проблеманың өзін дамуға берілген мүмкіндік деп қабылдайтын жанға білім саласының бір белесі бой көрсетті. Мектептердегі қашықтан оқытудың екінші аптасы басталғалы осындай ойдағы мамандар мен мұғалімдердің, сондай-ақ баласының сапалы білім алуына барын салатын ата-ананың жаңа форматтағы оқудың екінші бір деңгейіне қадам басқаны көрінеді. Біртіндеп бір ізге түскен қашықтан оқытудың сапасын қалай арттыруға болатынына бас қатырып жүрген секілді.
Ержігіт Құттыбай Түркістан қаласындағы орта мектептің бірінде 5-сыныпта оқиды. Ержігіттің жеке компьютері, ноутбугі жоқ. Есесіне WhatsAрр жүктелген телефоны бар. «Алдымен «Балапандағы» сабақты көремін. Содан соң үй тапсырмаларын орындап, жұмыстарымды WhatsAрр арқылы мұғалімдеріме жіберемін. Құлатып алған телефонымның қатып қала беретіні болмаса, бәрі жақсы. Әсіресе өз кестемді өзім жасап алатыным ұнайды. Үй тапсырмасын қалаған уақытымда ойнап, жаттығу жасап, әкем мен анама көмектесіп, кішкентай қарындастарымды ойнатып жүріп орындаймын», дейді.
Ержігітте техниканың тапшылығы немесе телефондағы әлеуметтік желімен ғана мұғалімдері арасында кері байланыс орнатуы кедергі келтірмегенімен, Қызылорда қаласының 8-сынып оқушысы Дидар Нұрболұлы техниканың болуы жеткіліксіз екенін айтады. «Телеарнадағы сабақтардан жаңа тақырыпты түсінеміз. Бірақ әрі қарай алып кету қиын. Тақырыпты тереңінен түсінуге және тапсырмаларды өз бетіңше орындауға көмегі тие бермейді. Өзің ізденіп, жаңа тақырыпты қайталап оқуға тура келеді. Мектептегідей емес, бірін түсінсек, бірін түсінбейміз. Содан болар, мұғалімдерді жиі мазалаймыз. Олар видео қоңыраумен түсіндіреді», дейді Дидар.
Бірнеше баламен әңгімелескенімізде, бәріне ортақ бір ой болды. Оқушылар әдетте мектепте мұғалімнің жаңа тақырыпқа байланысты тақтада мысал келтіретінімен тез түсінетін. Ал телеарна, радио немесе оқулықта қысқаша түсіндірілген жаңа тақырыпқа түсінікті мысал келтірілмейді. Сол себепті оқушылар мұғалімдердің кері байланыс орнатуды жаңа тақырыпқа мысал жолдаудан бастағанын қалайды. Айталық бір форманың ауданын табуды, болмаса сөйлемнен реттік сан есімді белгілеп көрсетуді мысалмен түсіндіргенін қолай көреді.
Иә, сыныптағы әр оқушының жұмысын қарап, жеке-жеке жұмыс жүргізіп отырған мұғалімдердің жүктемесі қаншалықты көбейгенін көреміз. Десе де кәсіби, шебер, әр оқушысының қабілетін жіті танитын ұстаз өзіне және оқушысына жүктемені азайтудың жолын жаңа форматта да тауып алады. Бұл үшін әлбетте аздап уақыт пен бұрын оқытпаған әдістермен әрекет етуге тәжірибе керек. Қалай дегенмен де әрбір үйде тым болмағанда 1-2 смартфон табылатын қазіргі қоғамда, оған қосымша телеарна мен радиодан сабақ өткізіліп тұрғанда жеке компьютер мен ноутбуктың бар-жоғы түпкілікті тосқауыл немесе түйткілдің түйіні бола алмайды. Себебі сапалы білім оқушы мен мұғалімнің ынта-ықыласынан қалыптасады.
Интернет ұстамаса, қоңырау шалуға болады
Шынар Асылбекқызы ежелгі Сығанақ қаласының іргесіне қоныс тепкен ауылда тұрады. Ол ауылдағы жалғыз орта мектептің 3-сыныбында оқиды. Анасының айтуынша, Шынардың сабаққа деген құлшынысы, талпынысы өте жоғары. Содан да болар, таңертең ерте тұрып, оқу құралдарын әзірлеп, теледидардың алдына жайғасады екен. Мен «Балапандағы» сабақтарды қарап алған соң, берілген үй тапсырмаларын WhatsApp арқылы мұғалімге жіберемін. Сынып жетекшіміз арнайы чат ашқан, бірақ үй тапсырмасын топқа салуға болмайды, әйтпесе басқалар көшіріп алады. Ауылда кейде интернет жақсы ұстамай қалады. Сондайда мұғаліммен байланысқа шыға алмай қаламын. Мұндай кезде түсінбегенімді әкем мен анамнан сұраймын. Кейін желі ұстағанда телефоныма көп хабарламалар келеді, бәрін бірден ашуға интернеттің күші жетпейді. Біз тек WhatsApp-пен үй тапсырмасын жолдап жатырмыз. Басқа сайттарға кірмеймін, негізі білмеймін», дейді Шынар қыз. Біз ауыл оқушысынан Kundelik, BilimLand, Daryn.online, Zoom, Google classroom жүйелерінің қайсысын қолданатынын сұрағанбыз, оның жауабы жоғарыдағыдай болды. Иә, интернеті нашар ауылдық елді мекендердегі оқушыларды теле-радио сабақтар ғана құтқарып отыр. Ал үй тапсырмасын жолдайтын WhatsApp-ты ашуға интернет қуаты жетпей қалса қалай болмақ? Шынардың бұл сұраққа да жауабы дайын: «Интернет ұстағанша бір ойнап келемін. Егер қайтып айналып келгенде де WhatsApp айналып тұрып алса, мұғалімге қоңырау соғуға болады. Телефонда тақпағыңды, түсінгеніңді айтып бересің. Ал көруге тиіс жұмысыңды кейінге сақтап қой», деп кеңес береді. Ауыл оқушысы айтқандай, жұмысты сақтап қойып, интернет ұстағанда әлеуметтік желімен немесе поштамен жолдауға мүмкіндік бар.
Қашықтан оқытудағы инклюзивті білім
Құралай Еділқызы елордадағы №2 оңалту орталығының директоры болып жұмыс істейді. Ақыл-ойының дамуында ақауы, тілінің мүкістігі бар, есту, көру қабілеті бұзылған балалар тәрбиеленетін орталық та ерекше оқушыларын қашықтан оқытуды, оңалтуды жалғастырып жатыр. «Біздің орталық мектепке дейінгі, мектеп жасындағы ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен жасөспірімдерге кешенді психологиялық-медициналық-педагогикалық көмек көрсетеді. Орталық мамандары әдістемелік ұсыныс бойынша қашықтан оқыту үдерісін Zoom, WhatsApp, Classroom сияқты интернет платформалармен өткізуде. Бұл алаңдар мамандарға баланың қызығушылығын ояту мақсатында видео презентация, бейнежазба, анимациялық материалдар, әртүрлі көрнекіліктер жіберуге жәрдемдеседі. Әр ата-анамен байланыса отырып, жоғарыда айтылған платформалардың бірі таңдалып, балаға ыңғайлы уақытта түзету сабақтары кесте бойынша жүргізіледі. Сабақ маман, бала және ата-ананың қатысуымен өткізіледі, сонымен қатар әр сабақтан кейін кері байланыс жүргізіледі», дейді Қ.Еділқызы. Оның ойынша, қашықтан оқыту ата-ана мен баланың, сондай-ақ мұғалім мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға септігін тигізіп тұр. Өйткені бұрын мұғалім көбіне оқушымен отыратын, ал енді оңалту жұмыстарымен ата-аналардың өздері айналысуы үшін ұстаз алдымен балалардың әке-шешесімен жұмыс істейді. Ата-аналар өздеріне түрлі жаңалық ашып жатқан көрінеді.
Құлағы естімейтін балалар телеарна, радио, білім беру платформаларындағы видео сабақтарды қалай тыңдайды? Білім және ғылым министрлігі бұл мәселені шешуді бастапты. Қашықтан оқытудың алғашқы аптасын қорытындылаған Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова: «Қашықтан оқыту барысында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балаларға да жағдай жасалған. «Телесабақтар көрсетіліп жатқан республикалық «Еларна» және «Балапан» арнасына оқудың екінші күнінен бастап сурдоаудармашылар қосылды. Бүгінде Түзету педагогикасының Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы осы бағыттағы жұмыстармен айналысып жатыр. Қашықтан оқыту барысында білім алуда ерекше қажеттіліктері бар балалар назарымыздан тыс қалған жоқ», деген болатын.
Ал көзі көрмейтіндер қайтпек? Астанадағы №10 мектеп-гимназиясының көзі мүлде көрмейтін оқушыларына сабақ беретін тифлопедагог Сәуле Лябивқызы 3 және 4-сыныптардағы оқушыларының ерекше қажеттілігіне қарай есту қабілеттерінің жақсы дамығанын, бұрыннан жаттыққанын айтады. «Оқушыларым есту арқылы есте сақтайды, сондықтан телеарна мен радиодағы сабақтарды алдымен естіп алады. Содан соң тыңдағанын маған қайтадан айтып береді және WhatsApp-тан жолданған үй тапсырмасын орындайды. Каникул кезінде ата-аналардың көмегімен оқушыларға Zoom арқылы сынақ сабақ өткенбіз. Содан қалыптасып қалды. Әлі де осы жүйені қолданып, кері байланыс орнатып отырмыз. Мен мұғалім ретінде аса қиналып жүрген жоқпын. Себебі ата-аналармен бұрыннан тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп үйренгенбіз, қазір ауыртпалық теңдей бөлінді. Мәселен, мен ата-аналарға балалармен бірдей Брайль қарпінде оқып-жазуды үйреткенмін. Сондықтан қазір ата-аналар тапсырманы оқулықтан тауып, баласының жұмысын тексере алады», дейді тифлопедагог. Балаларының қандай жағдайда да білім алуына барлық мүмкіндікті қарастыруға дайын, өзі де қолынан келгеннің бәрін жасауға әзір ата-аналар өзі оқып, өзі көріп, өзі тыңдап, өзі орындай алатын балаларына жай сабақ оқуын ұйымдастырып беруді қиынсынатын ересектерге үлгі болуға әбден лайық-ақ. Осыған қоса, С.Лябивқызы айтқандай, электронды форматта келген хаттың мәтінін дауыстап оқып беретін мобильді қосымшаны игеріп алған зағип оқушылар да ата-аналары, мұғалімдері бүкіл материалы мен керек-жарағын қолына ұстатып, алдына тосса да сабақ оқудан қашатын жалқау балаларға жігер беруі тиіс. «Оқушыларымның білімге деген құштарлығы бар қиындықты жеңіп келеді. Олардың үйренуге деген ынтасы кез келген кедергіден, міне, бүгінгідей жаңа форматқа көшкенде туған тосқауылдардан да тосылмауға көмектесті. Аңсар есімді оқушым іРhone телефонындағы Apрstore-ден Siri қосымшасын жүктеп, онымен қалай жұмыс істеуге болатынын тіпті маған үйретті. Мен оны қазір басқа да оқушылар мен ата-аналарға ұсынып жатырмын. Өте ыңғайлы», дейді тифлопедагог. Кейін осы мобильді қосымшаны өзіміз де зерттеп көрдік, көзі нашар көретін немесе көрмейтін оқушыларға таптырмайтын дүние екен. Ең маңыздысы, мобильді қосымшаны компьютерге, яғни Windows немесе кез келген телефондағы Android жүйесіне де орнатып алуға болады.
P.S.: Шынында адам табиғаттағы өзге жаратылыстардан қалағанына қол жеткізу жолында кез келген проблеманың шешімін таба алатын қабілетімен, анығында саралай алатын санасымен ерекшеленеді. Мәселе оның қаншалықты қолданылатынында болса керек. Осыған дейін жауапты ведомство тарапынан, иә түрлі білім беру платформасының иелерінен қанша миллион оқушының қай жүйеге тіркелгені, қайсысын қолданғаны туралы есепті естідік, оқыдық. Мұғалім тапсырма берумен, ата-аналар оны орындатумен, оқушылар орындаумен ішкі есебін түгендеп отырған да шығар. Ендігі жерде сан емес, сапа сөйлесін десек, үштік одақ (мұғалім, ата-ана, оқушы) санаға сіңген бастапқы, түпкілікті (бірі үйретсем, екіншісі үйренсе, үшіншісі үйренсем деген) мақсатынан төтенше тоқсанда да айнымауы қажет.