• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Өнер 17 Сәуір, 2020

Тіршілік сырын көңіл көзімен көретіндер

484 рет
көрсетілді

Тіршілікті әнмен әлдиген алуан құстың үнін еш кедергісіз естідіңіз. Осы жолдарды да оп-оңай оқып отырсыз. Ендеше, қуаныңыз! Елімізде есту мен көру қабілетінен айырылған 18 мың адам өмір сүріп жатқанын білетін бе едіңіз? Ал әлемде ше... Дүрбелең дүниенің дүбірін естіп, мың бояуға шомылған баябан даланы көз жанарымен көре алмаса да жанымен түйсінетін жандар жетерлік. Олардың арасында дегдар өнердің бәсін бәрінен биік қоятындар аз емес.

 

Сиқырлы сазы күллі әлемді мойын­датқан Бетховенге тас кереңдігі кедергі бола алмағаны секілді, жарық әлемді көрме­генімен, кенеп бетін көңіл көзімен кестелеген украиндық суретші Дми­трий Дидоренконың өнердегі жолы талайға үлгі болғанын жақсы білеміз. Талант иесі көңілдің бір сәтінде: «өзің салған өрнектерді көзіңмен көре алмау ештеңе емес, бәрінен де санаң соқыр­ланса сол жаман» депті. Осы сөз тіршіліктен баз кешкен талай тағдырға демеу болмады деп айта алмайсыз. Он екі мүшесі орнында болса да, «тас-талауым сай емес» деп тәубесінен тайға­наған пендені де бір сәт орман ойға шомдырған болар.

Жанары жарқырап тұрмағанымен, есту мен көру қабілеті нашар тұлғаларға ерекше сезгірлік қабілет беріледі де­ген­ді талай мәрте естігенбіз. Бұл да жа­­ратылыстың шексіз әділдігін әйгі­леп тұрғандай. Мұндай тұлғаларға білім беру, оларды рухани дамыту тақы­рыбының көкжиегі кеңейе берсе дейсің.

Шабыт шаһары Алматыда мүмкіндігі шектеулі шығармашылық адамдарын қолдайтын шаралар тізбегі ара-тұра бой көрсетіп тұрады. Әсіресе қалада сурет өнеріне әуестенетін жандардың көп екенін ескерсек, оларға рухани медет беру ауадай қажет. Күні кеше осындай игі бастаманың тағы бірі қанат қақты. Қазақ бейнелеу өнеріндегі шоқтығы биік дара дарын иелерінің қолтаңбасы сақталған Ә.Қастеев атындағы өнер музейі өз көрермендерін кезекті рет қуан­тып отыр. Іргелі өнер ошағында көру мен есту қабілеті нашар азаматтар үшін субтитрі бар ым-ишара тілін­дегі бей­не-экскурсиялар жобасы іске қосылды.

Қылқаламға іңкәр жандарды танымал туындыгерлердің айшықты шы­ғар­маларымен таныстыратын жаңа жоба Н.Хлудовтың «Киіз үйде» туын­дысымен тұсауын кесті. Әлемді шарпыған қауіпті індетке байланысты қашықтан қолға алынған бастама жұрт қалыпты өмірге қадам басқан соң да өрісін кеңейте бермек. Қазірдің өзінде еліміздің мыңдаған тұрғыны ғаламтор арқылы өнер мұражайының ұжымына ризашылығын білдіріп жатыр.

– Кезекті жобамыз музей базасында қазақ және орыс тілінде жарық көретін болады. Мақсатымыз айрықша назар аударуды қажет ететін келушілерімізге қолжетімді бейне-экскурсиялар құру. Оларға да өнер қолжетімді болуы керек. Аталған санаттағы балалар мен жас­өспірімдерге музей коллекциясын таныстыру арқылы әлеуметтендіру, сол арқылы отандастарымызды әлеу­меттік-мәдени өмірге тартуды көз­дей­міз. Бастапқыда «Қастеев шығар­машы­лығы» және «1920-1950 жылдар­дағы Қазақстан бейнелеу өнері» залда­рын­дағы маңызды, бірегей туындылар негізге алынады. Бұл – музейдің тұрақты экспо­зициясындағы өте құнды дүниелер. Өйткені ол шығармалар ұлттық бейнелеу өнерінің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін бейнелейді. Болашақта ым-ишара тіліндегі бейне-экскурсиялар форматын дамытуды жоспарлап отырмыз, – дейді көрме жетекшісі Наталья Баженова.

Өмірді сүюге шабыттандыратын серпілісі бар жоба музейдің тұрақты экспозициясына негіздел­гендіктен, бола­шағынан мол үміт күтуге болады. Бұл өз кезе­гінде инклюзивті тең мүмкіндіктер қоға­мына жасалған тағы бір қадам деп айтар едік.

 

АЛМАТЫ