С.Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың сайтында Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 75 жылдығына орай майданнан келген хат-құжаттардың цифрлы нұсқалары жарияланып жүр. Қазір кітапхана ұжымы «Ерлікке тағзым» жобасын бастап, осы бағытта түрлі іс-шара ұйымдастыруда.
Облыстық кітапхананың бөлім меңгерушісі Марал Тәженованың айтуынша, кітапхана сайтындағы «Виртуалды музей» жобасы бес бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде соғыс тақырыбына арналған кітаптар. Оған Ғалымбек Жұматов, Бекболат Хазыров, Сергей Горбунов, Еркін Мұңдынов секілді жергілікті ақын-жазушылардың 40-қа жуық шығармасы сканерлі түрде көшірмесімен орналастырылған. Екінші бөлімге соғыс жылдарында өңірімізде таралған газеттердің электронды нұсқалары салынған. Үшінші бөлімде соғыс тарихы туралы шетелдік сайттар мен интернет жүйесіндегі архивтердің сілтемелері көрсетілген. Төртінші бөлімнен майданнан келген хаттарды оқуға болады. Сондай-ақ жергілікті батырлар мен соғыс ардагерлерінің марапат қағаздары, басқа да құжаттары бар. Ал соңғы бөлімде соғыс жылдарында түсірілген фотолар топтастырылған.
Былтыр Омбы облысындағы (Ресей) волонтерлерден өңіріміздегі Шақа ауылында туған жауынгер Боранбай Исабековтің «Ерлігі үшін», «Ленинградты қорғағаны үшін» медальдары Эстонияның Таллин қаласынан табылғандығы туралы хабар келген. Волонтерлер Боранбай атамыздың Таллиндегі бауырластар зиратына жерленгенін айтқан. Енді міне, ұрпақтары майдангер әкелерінің жерленген жеріне барып, тағзым ете алады.
Ресейлік «Мемориал» сайты жинақтаған дерекқорының мәліметінше, жауынгер Боранбай Исабеков 1914 жылы Шоқтал ауылында туған. Әскер қатарына Лебяжі ауданынан шақырылған. 1078-інші атқыштар полкі жауынгерлік құрамында болған.
– Мен әкем соғысқа кеткен соң, 1942 жылы дүниеге келіппін. Әкемнің соңынан 1945 жылы «Қара қағаз» келді. Атам-әжем тым болмағанда қай жерде жерленгенін білсек деп отыратын. «Бір хабар болып қала ма?» деп өмір бойы үзілмеген үмітіміз алдамады, – дейді майдангердің қызы Балшекер Боранбайқызы.
Ал Шақа ауылындағы ескерткіш тақтада Боранбай Исабековпен бірге осы өңірден 300-дей азамат майданға аттанғаны жазылған.
Енді кітапхана ұжымы облыс орталығындағы Әскери даңқ музейімен және мемлекеттік облыстық архивпен бірге жұмыс жүргізбек. Цифрлы жүйеге түспеген хаттар мен құжаттардың көпшілігі сол мекемелерде сақтаулы.
– Мақсат – интернет кеңістігін пайдаланатын тұрғындарға соғыс жылдарына қатысты өлкетану құжаттарын қолжетімді ету. Бұл жобаның жалғасуына жергілікті тұрғындар да үлестерін қоса алады. Соғысқа қатысқан, хабарсыз кеткен аталарының және басқа да туыстарының суреттері, басқа да құжаттар сақталған болса кітапханаға алып келуге болады. Дерек көздерін цифрлы форматқа айналдырып, интернет кеңістігінде сақтай алады, – дейді Марал Тәженова.
Сонымен қатар аудандық және ауылдық кітапхана қызметкерлеріне де осындай ұсыныс жолданған. Олар өз өңірлерінен соғысқа қатысты тарихи дүниелерді іздейді.
Кітапхана сайтындағы «Виртуалды музей» жобасы 9 мамыр күні арнайы түрде ашылады.
Павлодар облысы