• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Алакөл ауданының шаруалары да көктемгі егістің қамына кірісті

441 рет
көрсетілді

Төтенше жағдай кезінде алдыңғы шепте жүрген ауыл адамдарының ерлікке бергісіз еңбегін де ескеруіміз керек. Әсіресе, аймақтағы диқан мен малшының күн райына қарамай атқарып жүрген ісі қандай мақтауға болсын лайық. Өйткені, көктемгі егістің қамы мен төл алу науқаны кезек күтіп тұрмайды.

Алматы облысының аумағында осы екі бағыттағы тіршілік тоқтаусыз жалғасуда. Күн жылынып, жер қызған сәтті баққан диқан үшін қазір нағыз қарбалас. Бүгін егілген түйір дәннен бұйырған өнім алу үшін мазасыз айлар өтеді. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жылдың осы мезгілін мылтықсыз майданға теңейтіні сондықтан шығар.

Қазіргі сәтте көктемгі дала жұмысы Алакөл ауданында да қарқын алды. Биыл аумақтағы егістік көлемі 84 864 гектардың шамасында. Оның 49 000 гектары көктемгі егіске арналған. Ендігі 12 500 гектарға сүдігер жыртылса, 6 580 гектар алқап та қопсытылып, дән себуге дайын тұр. Өңірдің табиғи ерекшелігіне сәйкес егіс жұмысы енді басталмақ. Шаруаның қолын ұзартатын техника да сақадай сай. Жер жыртуға, топырақ қопсытуға, тұқым себуге арналған құрылғылар түгенделіп, 490 трактордың май, суы құйылған.

Айтпақшы, егін шаруашылығын саласын қолдаудағы мемлекеттің ықпалын да осы көктемгі егіс пен күзгі жиын-терін кезінде сезінетініміз рас. Алакөлдік диқан шаруаларға қажетті 2 151 тонна жанар-жағар май тиісті жеріне жеткізілген екен. Дизль отыны төменгі бағада берілмек. Тұқыммен қамту да осы әдіспен жүзеге асады. Жалпы, Алакөл ауданында биыл 35 804 гектарға майлы дақылдар және 33 510 гектарға дәнді дақылдар себілмекші. Оны күтіп, баптаудың да барлық негізі бар.

 

Алматы облысы