• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Сәуір, 2020

Оралда індет жұқтырған екінші адам жазылды

232 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында 17 сәуір күні таңертең коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 30-ға жетіп, екінші адам жазылып шықты.

17 сәуірдің таңында Батыс Қазақстан облысында «COVID-19» инфекциясын жаңадан жұқтырған 5 оқиға тіркелді.

- Олардың біреуі – Орал қаласының 30 жастағы тұрғыны. Ол коронавирустық инфекция жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болған. Тағы 4 азамат Ресей Федерациясында вахта әдісімен жұмыс жасап келген Батыс Қазақстан облысының тұрғындары, - деді Батыс Қазақстан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев.

Вахталық жұмысшылар Ресей Федерациясының Саратов облысымен шекарасындағы «Тасқала» автоөткелінде санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезінде ешқандай ауру белгісін сезінбеген. Бірақ эпидемиолог мамандар қашықтан термометрия жасап, сауалнама жүргізіп, зертханалық тексеру үшін карантиндік стационарға жіберді. Сол жерде диагностикалық зерттеу қорытындысы олардың бойында қауіпті инфекция бар екенін  нақтылады.

«Қазіргі таңда науқастардың жағдайлары қанағаттанарлық. Барлығы облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына орналастырылды. Науқаспен қарым-қатынаста болған адамдар анықталып, барлығы медициналық бақылауға алынуда. Ауру ошақтарында эпидзерттеу, дезинфекция жұмыстары жүргізілуде» делінген Батыс Қазақстан облысы комиссиясының шұғыл штабы таратқан мәлімдемеде.

Қазіргі сәтте Батыс Қазақстан Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында – 28 адам, провизорлық стационарда – 50, карантиндік стационарда – 158, үй оқшаулауында – 1396 адам дәрігер бақылауында.

 

Батыс Қазақстан