Жетісу даласы төрт түлік мал басына толы. Ірі қара саны 1 млн бастан асыпты. Қой мен ешкінің саны да едәуір. Ауылдағы ағайынның негізі күнкөрісі мен табысы да осы уақ жандықтың арқасында болып тұр. Қазір облыста 4 миллионнан астам қой бар екен.
Қой өсіруді жолға қойған шаруашылықтар саны Ақсу ауданында да жетерлік. Қуанарлығы, биылғы өлкеде қыс жақсы болып, көктем ерте келді. Мал өсіріп, күн кешіп отырған шаруалардың қолдағы малы қыстан қоңды шықты. Көктем шығып сәуір туысымен малды ауылдарда сақман басталды. Қазір қой қоздап болып қалды.
Айтпақшы, ауданда 130 065 бас қой бар екен. Ешкі саны да 30 мыңға жетеғабыл. Туған төлдің үлесі артып келеді, қазірге дейін 91 000 бас қозы санаққа ілінген. Ел қорасындағы ірі қара үлесі де жыл сайын көбейіп келеді, қыстан шыққан сиыр саны 162 850 бас екен. Жалпы, биылғы көктемде мал баққан жұрт уызға жарып-ақ тұр. Аудан бойынша есепке алынған бұзау саны 120 мың бастап асыпты.
Яғни, Жетісудың ойы мен қырына өріп шығатын төрт түліктің жалпы саны биыл да көбейеді. Ендігі міндет тұяқты түліктің басын көбейтіп қана қоймай, мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді жолға қою болып отыр. Аймақта оның алғышарты жасалуда.
Алматы облысы