• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экономика 18 Сәуір, 2020

Экономикамыз қандай болса, теңгеміз де сондай ...

348 рет
көрсетілді

Теңге бағамына әсер ететін факторлар сан қырлылығымен ерекшелене бастады. Мысалы, 2019 жылдары қымбат мұнай теңгеге неге әсер етпейді деген тақырып тренд болатын. Мұнай бағасынан бақ тая бастаған күннен бастап қазақ   теңгесі   мен АҚШ долларының бағасының қырық құбылып тұратыны үйреншікті құбылысқа айналды.

Осыған дейін теңге бағамы  долларға, экспорқа, рублге тәуелді дегенді Ұлттық банк айта-айта шаршады. Бұл факторлар жеке-жеке тұрып теңгеге әсер ететінін білу үшін маман болудың қажеті болмай қалды.  Мәселен, 2017 жылдың жазынан 2018 жылдың күзіне дейін мұнай бағасының бір баррель үшін 47 доллардан 82 долларға дейін өсті. Бұл теңгенің нығаюына әсер еткен жоқ. Өткен жылдың қарашасында ҚДБ басқарма төрағасы Болат Жәмішев мұнай бағалары төмендеген кезде теңгеге әсер ететінін айтқан болатын. Демек мұнай бағасы бірнеше пайызға өзгерсе, ертең теңге де дәл сол пайызбен қымбаттап шыға келеді деп армандаудың қажеті жоқ.  

Сырт  көз де  мұнай теңге бағасына тек жанама түрде ғана әсер етеді деген пікір қалыптасқан. Себебі мұнайдың дәурені жүріп тұрған кезде теңгенің маңдайы шылқып кеткен кезді көрген жоқпыз.  Қаржыгер Ерлан Ибрагим 2018-2019 жылдары, мұнай бағасы біраздан бері 50 АҚШ доллларынан төмен түспегенін еске түсірді.  Теория бойынша теңге қымбат мұнай бағасының буынан күш алу керек еді. Біздің теңгеміз  елдегі экономиканың жағдайынан хабар беріп тұр.

«Теңгеге қымбат мұнай да көмектесе алмайды екен. Теңге тұрақты болу үшін мұнай бағасы баяғыдағыдай  150-200 теңге болатын кезге қайта оралу керек. Ол мүмкін емес, мәселе тым тереңдеп кеткен. Біздегі жағдай мына формулаға бағынады: Ұлттық банк теңге бағамын біраз уақытқа дейін бірқалыпта ұстайды. Сол уақыт аралығында теңгенің қуатын сарқып бітіреді. Қоғам алаң-елең күй кеше бастағанда үкімет құрамы  өзгереді  немесе Ұлттық банк басшысы ауысады да мәселе жылы жабыла салады» дейді Ерлан Ибрагим.

Ерлан Ибрагимнің түсіндіруінше, бізге арзан мұнай емес, қымбат доллар да емес, ресей рублінің күшейгені қауіпті болып тұр. Соңғы 20 жылдағы теңге мен рубль динамикасына көз жүгіртсек, айырмашылық 1:5 болды.

«Бұл  сауда балансынан да байқалады. Біз Ресейге аз тауар сатамыз, есесіне олардан көп сатып аламыз. Ресей импортына деген тәуелділігіміз күн санап артып келеді. Біз Ресей рубліне, Ресей экономикасына тәуелділіктен құтылуымыз керек» дейді Ерлан Ибрагим.

Ал мұнайдың басынан бақ тайған кезде теңге де күзгі жапырақтай қалтырай бастағанын бәріміз көрдік.   Сарапшы Тимур Әбілқасымов мұның себебін былай деп түсіндіріп берді: «Теңгеге  мұнай бағасының ықпал ете қоймайтыны мұнай қымбат кезде жиі байқалады. Егер мұнай бағасы 10 пайызға арзандап, мұнай өндіру 10 пайызға төмендеп кетсе, теңге бұл факторға бірден назар аударады» дейді сарапшы.

Мұнай, табиғаты жағынан экспорттық тауар.  Доллар құнындағы  экспорттың жалпы көлемінің 58,1% -ын мұнай экспорты құрайды (мұнай және газ конденсаты). Егер, басқаша айтсақ, доллардың бағамына мұнайдың экспорттық бағасының 88 пайызы әсер етеді.

Тауарлар мен қызметтердің экспортының бағасы доллармен келеді.  Импорт  шетелдік тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған қаржы. Экспорт пен импорттың арасындағы айырмашылық елдің сауда операцияларынан таза түсім болып табылады. «Қарыздан басқа, Ұлттық банктің және Ұлттық қордың резервтері бар, олар АҚШ долларын айырбастау бағамын ұстап тұру үшін қолдана алады», дейді Тимур Әбілқасымов.

Экономикадағы доллар табысының тағы бір түрі – елдегі резидент еместердің салған инвестициялары. Біздің резиденттеріміздің басқа елдерге салған инвестицияларының теңге немесе доллар бағасына әсері болмайды, Егер ұлттық валютаның көлемі өсіп, бірақ шетел валютасының көлемі сақталатын болса, онда айырбас бағамы әлсірейді.

Қазақстан мысалында  2016 жылғы қаңтарда мұнай бағасы барреліне 27,9 доллар болатын. Сол кезде  доллар бағамы 383,9 теңгеге жетті. Қазір бір доллар үшін 425 теңгеден асады. Мұның не үшін болып жатқанын түсіну үшін 4 жыл ішінде (2016-2020 жж.) экономикадағы доллар мен теңгенің көлемі қалай өзгергенін есептеу керек. 2016 жылдың қаңтарынан 2020 жылдың наурызына айналымдағы қаржы 113% .немесе   2,1 трлн теңгеге өсті. Ақпан айында бұл көрсеткіш 18,6 трлн теңгені құрады. Дәл осы кезеңдегі экономикадағы доллар  көлемі $ 24,75 миллиардтан $ 14 миллиардқа төмендеді.   

«Ұлттық валюта бағамы 4 жыл ішінде әлсіреді. Бұл бағытты күшейту үшін Қазақстандағы   экспорт басым болып,  импорт азаю керек. Бізде бәрі – керісінше.  Егер біз импорттың үлесін азайтып, экспортты көбейтсек, теңге күш алады. Ал керісінше болса, теңге құнсыздана береді. Бюджеттің инвесторы әлі де – Ұлттық қор мен Қытай жобалары.  Алдағы уақытта  сырттан келетін инвестициялар көлемі азайса жағдай қиын»  дейді   Тимур Әбілқасымов.

Қазақстанда 2015 жылдың тамызынан бері инфляциялық шектеу режимі қабылданып, валюта бағамының бұған дейін Ұлттық банк белгілейтін шекті дәлізі алынып тасталды. Инфляциялық таргеттеу (шектеу) дегеніміз - ортамерзімді кезеңде  инфляцияның нысаналы көрсеткішін белгілеуге және соған қол жеткізуге бағытталған ақша-несие саясаты режимі. 2019 жылы бұл көрсеткіш 4-6% деңгейінде қалыптасты.

Сарапшылар теңге бағамына тікелей әсер ететін негізгі факторларды сыртқы және ішкі деп бөледі.  Ұлттық банк сыртқы факторлар қатарына әлемдік нарықтағы мұнай бағасын, негізгі сауда серіктестеріндегі валюта бағамының динамикасы (ең алдымен Рессей рублі),  әлемдік пайыздық мөлшерлеме және жаһандық геосаяси жағдайды жатқызады.   

Ұлттық банктің ақпараты бойынша, Brent маркалы мұнай бағасы 2018 жылдың 9 айында, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 39 пайызға қымбаттап, 1 барреліне 52 доллардан 72,3-ке көтерілген. 

Саясаттанушы Досым Сәтбаевтың айтуынша, біздің ел Өзбекстан мен Қырғызстанға қарағанда, әлемдік экономикамен ықпалдастығы тереңдеп кеткен.  Ресейдегі санкция, АҚШ пен Қытай арасындағы текетірестің әсері алдымен бізге жетеді. «Теңге бағамына әсер ететін  факторлар өте көп: бұл мұнай мен шикізат бағасы, әлемдегі экономикалық және қаржылық жағдай, соның ішінде елдің сауда әріптестеріндегі ахуал» деп түйіндейді Д.Сәтбаев.  

Қазақстанның негізгі сауда әріптестерінің үштігіне: Ресей – рублімен, Италия – еуросымен, Қытай – юанымен кіретінін айттық. Олардың әрқайсысының өз ұлттық валютасы болғанымен, Қазақстанмен сауда айналымы АҚШ доллармен жүреді.  

Теңге бағамы белгілі бір дәрежеде тек АҚШ долларына ғана емес,   серіктес елдердің валюта бағамына тәуелді.

Соңғы бес жылдағы Ресей рублі мен теңге арасындағы өзара байланысты талдасақ, рубль бағамының 2013-2019 жылдары долларға қатысты 103% -ға арзандап, ал теңге 136,3%-ға құнсызданғанын байқауға болады.

2014 жылы Ресей рублінің басындағы жағдайды алсақ болады. 2014-2019 жылдары ресейлік рубльдің құны 1АҚШ долларына  39,39-дан 66,24 рубльге дейін төмендеді.  Демек теңге бағасына әсер ететін факторлар тек мұнаймен ғана шектелмейді.  Мәселе тым тереңдеп кеткен. Ерлан Ибрагимнің сөзімен айтқанда экономикамыз қандай болса, теңгеміз де сондай.

Теңгені тығырықтан алып шығатын күш біздің экспорттық әлеуетіміз ғана.