Жазушы Джером Д.Сэлинджердің соңғы парақтарын қимай-қимай жабуға мәжбүрмін. Былай қарасаңыз әкетіп бара жатқан әйдік сюжеті де жоқ сүреңсіз суреттен қимас дос таба қоюым мүмкін де емес сияқты еді. Бірақ әлдебір аңсар күй сізді шыжымдап, өзінен алысқа жібермей ұстап жатады.
Күшейтілген карантин күпті көңілді еш сергітер емес. Ештеңе болмағандай, ештеңе болмайтындай ауыр тыныштық жағаңа жармасады. Әдетте азан-қазан, у-шу аулада бес-алты бала ғана ойнап жүр. Әрине, сақшы жігіт келіп оларды да үйді-үйіне кіргізгенше асыр салатын бес-алты бала.
Алаңсыз.
Қаперсіз.
Кішісін үлкені әткеншекке тербетеді, біреуі ақшыл сұр добын аспанға лақтырғыштайды, тағы бірі темір сырғанақтан төмен құлдилайды.
Бес-алты бала.
Аулаларыңыз не, қазір әлемнің ең атақты деген, бір ғана мезетте мыңдаған халықты жинап ән кешін тамашалататын сәнді сарайлары мен сахналарының өзі құлаққа ұрған танадай тыныш. Мыңдаған жанкүйерлерін сеңдей толқытқан әйгілі стадиондар да үнсіздік үйіндей мылқау.
Бүкіл әлем әлдеқашан үйлеріне кіріп кеткен. Адамзат әлдеқашан бір-бірімен терезе арқылы ғана тілдеседі, дәл қазір бірі әнұран шырқауға дайындық жүргізіп жатқан болар, бірі балконда кешкі ас ішуге бекінген болар, енді бірі ғаламтордағы ғапыл дүниеге тікелей толқын арқылы қосылмақ шығар.
Тіпті, бүкіл әлем бір ғана үйге сыйып кеткендей. Бүкіл адамзат бір ғана үйдің ішінен біздің ауладағы бес-алты балаға ұрлана көз салатындай. Олар өздері бұрын армансыз кешкен көтеріңкі көңіл-күй тек сол бес-алты балада екенін сезеді. Жер шарын әбігерге салған қауіпті дерттен бейхабар, бір-бірін құшақтаулары да қорқынышсыз, бір-бірін жатырқамай жарқабаққа жүгіріп бара жатқан бес-алты балаға үңіледі әлем. Оларға үрейлене үңілген миллиардтардың ішінде ақын жанары да жаутаңдайды.
Қорқынышты жаңалықтардың арасынан дауысын қорқа-қорқа шығарған ақынның қаламына жабысқан қамырықты ойлары біресе қабырғаларға соғылады, біресе едендерге құлайды, қаланған кітаптарға бастырылады, күңгірт шамдарға асылады...
***
Жалпы, оқшаулану, оңаша ой кешу шығармашылыққа оңтайлы екені де рас. «Оқу керек» деп жоспарлап жүрген көп кітаптарыңа маңдай сүйейсің, мәтіндерге сіңесің, ойларға батасың, елегізисің, тыншисың...
Бір қарасаң Нью-Йорктың шарапқа шайқалған дулы кабактарында отырасың, бірде қырға жалғыз қонған қараша үйдің табалдырығынан аттап бара жатасың, тағы бірде жетпіс түйеге жүк болатын алтын-күмісін «Жүсіпті көрдім!» деген жанға тәрк еткен зарлықтың сүйіспеншілігіне егіліп көз ілесің...
Жапон прозасының ірі өкілі Рюноскэ Акутагава айтты дейтін атақты сөзді бәріміз білеміз. «Адам өмірі Бодлердің бір тармағына тұрмайды». Тұтас ғұмырды тұқыртатындай ол қандай тармақ дейсің оянып кетіп... Тіпті, адам өмірі ғана емес, кейде тұтас әлем ақынның бір ғана тармағына зәру сияқты үнсіз тұрып алатыны болады.
Роберт Бернстің өлеңі ше:
«И какая нам забота,
Если у межи
Целовался с кем-то кто-то
Вечером во ржи!»
Міне, біздің бұл күнгі жалғыздығымыз осы бір ғана тармақтың тар қапасында булығып әлек. Біздің жалғыздық дегенде, біздікі деуге келе ме, келмей ме білмейміз, біз бәлкім барлығымыз Холден Колфилдтің («Над пропастью во ржи» романындағы басты кейіпкер) жалғыздығының ішінде шығармыз...
***
Жазушы Джером Д.Сэлинджердің соңғы парақтарын қимай-қимай жабуға мәжбүрмін. Былай қарасаңыз әкетіп бара жатқан әйдік сюжеті де жоқ сүреңсіз суреттен қимас дос таба қоюым мүмкін де емес сияқты еді. Бірақ әлдебір аңсар күй сізді шыжымдап, өзінен алысқа жібермей ұстап жатады.
«Мен кешке кішкентай балалардың жарқабақта ойнап жүргенін елестетемін. Мыңдаған балалар жарқабақта алаңсыз ойнайды, қастарында бірде-бір ересек адам жоқ. Мен жартастың шетінде, тұңғиықта тұрмын, түсінесің бе? Менің жұмысым – сол балалардың тұңғиыққа түсіп кетпеуін қадағалау. Маған өмірімде ең ұнайтын нәрсе осы ғана».
Қаншама ұрпақтың қалыпты өмір қағидаларын бұзып-жарып оқшау ойлауына тікелей әсер еткен кәдімгі америкалық бозбала Холденмен пікірлесу қиын-ақ...
Сіз онымен жақын барып танысқыңыз келсе де Холден Колфилд өзінің шын атын айта қоюы екіталай. Әдетте ол айналасындағы жүрек айнытар жалған пафостар мен құйтұрқы әрекеттерге, пасық мінездер мен аяр қылықтарға, бітпес өтіріктер мен жасанды дәстүрлерден жүрегі айнып жүретін жас Холденнің өтірікке осыншама жақтасатынын түсіне алмас едіңіз. Танысқан жанға шын есіміңізді айта салу былайша қиын емес қой.
Америкалық әйгілі жазушының атақты бұл романын оқып отырған кез келген оқырман шытырман оқиға, қызықты сюжет күтуі мүмкін. Алайда сіз дайын боласыз. Бар-жоғы үш сөйлемнің үстінде желқайықтай шыр айналатыныңызды да сезесіз: мектепті тастай қашқан он алты жасар бозбала, Нью-Йорктың шулы кабактары, фонтанның қасында қарындасын құшақтап отырған Холден.
Болды.
Алайда әлдебір бір уақыттарда сол енжар картиналарға есіней еріп отырып шығарманың шетіне келіп тоқтайсың, жарқабаққа қалай келіп қалғаның белгісіз, жалғыз өзің жан-жағыңа жалғызсырай тұңғиыққа төніп тұрасың.
Жарқабақта бір топ бала алаңсыз ойнап жүргенін сезесің...
Қоғаммен қабыспаған, ортамен үйлеспеген, тағдырымен ұйқаспаған Колфилдке не деуге болады? Алдымен сұрақты кейіпкерге емес, авторға төпелей бастайтын шығармыз? Холден Колфилдтің ішкі тоқырауына кім құлақ түруі керек еді, жалпы? Құдай ма? Қоғам ба? Жоқ, ол жаратушы күшке шәк келтірмесе керек. Ол ренжісі шіркеу қызметкерлеріне, уағыз айтарда жасанды дауыспен сөйлейтін штамптарға ренжіген болар.
Мүмкін Сэлинджердің кейіпкері жастай жаман аурудан көз жұмған бауыры Аллиді бейсана сағынады. Холденнің өлім философиясына дайын болмауы да, оның өмірлік тәжірибесінің жеткіліксіздігі де жас бозбаланы жаппай жатсынуларға жетелеп кетуі ғажап емес.
Иә, Колфилдті ешқандай этикалық көзқарастар да, дін де, догма да тітіркендірмеуі мүмкін. Мүмкін ешкімге айта алмайтын ішкі сезімдеріне қоғамның жауап бермеуі де жас азаматты тығырыққа тірейді.
Жалпы әр адамның өмірге деген қарсылығының мың сан формасы бар ғой. Терезе сындыру енді, қалыпты жағдай. Әрине, достарыңмен доп ойнап жүріп көрші үйдің терезесін сындырып алу – ол басқа ситуация. Терезеге әдейі тас лақтыруға сізді қандай күш итермелеуі мүмкін?
Кейіпкер қанша сағынса да бауырының моласына баруға қарсы болатыны ше? Ондағы сылтауы әлгіндей: біз Аллидің бейітіне барады екенбіз, жаңбыр жауып кетсе көлігімізге жүгіре-жүгіре кіріп үйге қайтуымыз керек. Алли ше? Оны неге тастай қашамыз? Тастай қашқанымыз ештеңе емес, моладан шыға бере ресторанға кіруіміз тіпті әділетсіздік. Өлген адамның мұздай суық моласына гүл апару деген енді, тіпті... Иә, бұның бәрі әлі «піспеген» бозбаланың әлсіз қарсылықтары ма? Әзірге бұл үшін Колфилдті тек Сэлинджер ғана жазалауына рұқсат.
Бізше Колфилд Дон Кихоттың дәстүрін жалғаушы, есі ауысқан әлемді өзінің қиялындағы үйге шақырушы. Бұл ретте Холденнен екі-үш жас кішілігі бар біздің Қожаның да ішкі идеалы есімізге түседі. Тек «Тимур және оның достарын» бұл санатқа жатқызғымыз келмейді. Себебі, біз Тимурдың әрекетіне оқырман ретінде о баста сенбейтін едік.
Сэлинджер кейіпкері өзінің бойының ұзындығына қарап оны алғаш көрген адам ересек жігіт деп ойлайтынын сырттай жақсы көргенімін, іштей ол балалықтың баспалдағынан жоғары көтерілгісі келмейді, балалық тазалықты, бейкүнә сезімдерді қимайды. «Бәріміздің ішімізде бір-бір сәби отыр».
Бізге соңғы сұрақ қалады.
Холден кім?
Джеромның қаһарманы өзіміз екенін мойындасақ ше? Шынымен сіздің де көңіліңіз ештеңеге толмай жүретін кездер болады ғой? Қоғамға, қоршаған ортаға, қораш ойлар мен қортық бойларға өзіңді теңеуің керек теңсіздіктерге сен де тұмсығыңмен тірелген жоқсың ба? Сен де өзінің ешкімге айта алмайтын ойларыңа өзің шырмалған күйі тұйық тұлғаңды тұңғиыққа талай батырмап па едің? Сен де мектептің, музейдің, кітапхананың дәретханаларында қара маркермен жазылған боқтық сөздерді бір кездері өшіргің келген. Музейдегі киімін ешқашан ауыстырмайтын мүсіндер мен мумиялардың қасынан сен де талай рет әр түрлі жейде киіп өткен боларсың. Сен де Ромео мен Джульеттадан гөрі Меркуциоға жаның көбірек ашыған болуы мүмкін. Сен де биге икемі жоқ қызбен билеп – Америкадағы «Еркіндік Мүсінін» бөлме ішінде сүйретіп жүргендей қара терге түскен боларсың...
Қайбір жылы жазушы, философ Дидар Амантай «Жарқабақта ойнап жүрген топ бала» деп әдебиеттің әзелгі мұраты һақында ойтолғам жариялады. Біз шынымен де бәріміз құтқарушысын күткен жарқабақтағы балалар сияқтымыз.
***
Адамзаттың алдында аждаһадай ысқырған ауыр қатер жаһанды жалмап келеді. Жер шары ғалым зертханасының есігінен үмітті көздерін еш алар емес. Бір күндері бұл індеттің де дауасы табылып, дауысы бәсеңдеп дүние доңғалағы өз ырғағына қайта түсетіні белгілі. Біз күткен вакцинаның атауы, ол вакцинаны тапқан ғалымның аты-жөні, фотосуреті ертең-ақ дүниежүзіндегі барлық газет-журналдың бірінші беттерінде жарқ ете қалатыны сөзсіз. Ол ғалым да Холден Колфилд сияқты, жарқабақтағы ұшқалақ балаларды құтқарғысы келетін болар. Бәлкім олай болмауы да мүмкін.
Ақын Ерлан Жүніс өзінің «Бетперде киген көктем» ойтолғауында «Жеті миллиард бала үйде отыр» деп жазды.
Иә, жеті миллиард бала жарқабақта жүр.
Сэлинджер бұл атақты романынан кейін ешқайда ештеңе жарияламады.
Мирас АСАН,
«Egemen Qazaqstan»