Республика көлемінде қолға алынып жатқан «Біз біргеміз» акциясына «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қоры да өз үлесін қосты. Осы қордың жетекшісі, «Ақшың» корпорациясының президенті, "Нұр Отан" партиясының №20 сайлау округінен сайланған облыстық мәслихаттың депутаты Марат Құрманбай Семей қаласынан 300 шақырым шалғайда орналасқан Абыралы өңірінің әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған тұрғындарымен кездесіп, азық-түлік пен медициналық бетперделер таратты.
Айнабұлақ, Ақбұлақ, Абыралы, Алғабас, Қайнар ауылдарындағы 50 отбасыға бір қаптан картоп, сарымсақ, ұн, қант, май, күріш, жалпы 25 мың теңгеге тамақ өнімдері тапсырылды. Жиыны 1 500 000 мың теңгеге көмек көрсетілді. «Семей қаласынан шалғайда жатқан ауылдарға әлеуметтік көмек көрсетіп жатқан «Абыралы-Дегелең» қоғамдық қорының жетекшісі, халық қалаулысы Марат Серікжанұлына ауыл тұрғындары атынан зор алғысымызды білдіреміз. Қазіргі уақытта қаламен қатынас қиындап тұрғаны рас. Осындай қысылтаяң сәтте Президенттің бастамасымен республикалық «Біз біргеміз» акциясына зор үлес қосып, алыстағы ауылдарда тұратын әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың қамын ойлап, көмекке келгенін үлкен азаматтық іс деп білемін» дейді Қайнар ауылдық қоғамдық кеңесінің мүшесі Серік Саматұлы.
Қазіргі күні карантиндік шектеулерге байланысты Семей мен Өскемен және Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларымен барыс-келіс мүлде тоқтаған деуге болады. Мұндайда тұрмысы төмен ауыл тұрғындарының азық қоры да біршама сарқыла бастайтыны белгілі. Бұл ретте Абыралы өңіріне келген көмек керуені жұртшылықтың жоғын түгендегені белгілі. Көп балалы аналар қауымы әсіресе ұн, көкөніс өнімдеріне сұраныс жоғары екендігін айтады. «Ел Президентінің бастамасымен қолға алынған «Біз біргеміз» республикалық акциясына қолдау білдіру мақсатында Абыралы өңіріне арнайы келдік. Осы өңірдегі ауылдарда болдық. Көп балалы отбасыларға, жалғыз басты аналарға, көмекке мұқтаж жандарға қажетті азық-түлік қорын әкелдік. Жалпы, 50 отбасыға көмек көрсетілді. Басты мақсатымыз - қырдағы ағайынға да назар аудару. Бірге болсақ, қиыншылықты жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Әлемді жайлаған індет ауылдағы халыққа жетпесе екен деп тілеймін. Себебі ауыл еліміздің қазынасы ғой. Бұл акцияға қатысу барлық азаматтардың парызы екендігін уақыт көрсетіп отыр. Осы игі шараны басқа да кәсіпкерлер қолдап, жалғасын табады деп сенемін» дейді Марат Серікжанұлы.
Семей қаласы,
Қайнар ауылы