Жамбыл облысында бір тәуліктің ішінде карантин режимін бұзған 64 дерек тіркеліп отыр. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оның үшеуіне ескерту берілсе, 18 адамға айыппұл салынған.
Сондай-ақ, 10 адам қамауға алынып, қалған істер соттың қарауына жіберілген. Жалпы, облыс бойынша төтенше жағдай режимі енгізілгеннен бері 372 құқықбұзушылық орын алған. Оның ішінде 370-і Қазақстан Республикасы әкімшілік-құқықбұзушылық туралы Кодексінің 476-бабы және екеуі аталған құқықбұзушылық Кодекстің 478-бабы бойынша анықталған.
Полиция департаментінің мәліметінше, құқық бұзушылардың 26-сы ескерту алса, 148-іне айыппұл салынған. Ал, 61-і қамауға алынып, қалған істер соттарға қарауға жіберілген. «Қалалық штабтың шешіміне сәйкес, 17 сәуірден бастап Тараз қаласында қалалық көлік қозғалысы толықтай тоқтатылды. Жеке автокөлікпен тек 08:00-ден 10:00-ге дейін және 17:00-ден 19:00-ге дейін ғана жүруге рұқсат етіледі. Қалған уақытта автокөліктің қозғалысына анықтама арқылы да тыйым салынады. Әкімшілік жауапкершілікке карантин режимін сақтамайтын адамдар тартылатын болады», делінген департамент хабарламасында.
Жамбыл облысы