• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Сәуір, 2020

Хоум-кеңсе үрдіске енуі мүмкін

296 рет
көрсетілді

Карантинге байланысты Қазақ­станның көптеген ірі компания­сы мен мемлекеттік корпорация­лары қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті.

Осылайша, жалдамалы кең­сені хоум-кеңсеге алмасты­ру­дың артықшылықтары мен кем­ші­ліктерін әр адамның жеке тәжірибесі арқылы сынап кө­руіне мүмкіндік туды. Каран­тинге оқшауланған бір ай маман­дық­тардың бәрі бірдей қашық­тан жұмыс істеуге икемделе бер­мейтінін, ал біразы жұмыс кең­сесін хоум-кеңсеге алмастырса да жұмыс жалғаса беретінін көр­сетті. Тез бейімделетіндер дағ­дарыста армандауға да батылың бармайтын мүмкіндіктерді кәсі­біне айналдыра бастады. Бұ­рын табалдырықта тұрған онлайн-жүйе бір айдың ішінде төрімізге озып, күнделікті қалыпты дү­ние­ге айналып келе жатыр. Бір айда бизнес пайда табудың жаңа мүм­кіндіктерін алдымызға жайып салып, жаңа экономикалық дәуір­дің пайда болғанына куә болдық.

Тұтынушыға нарықты өзгер­тетін жаңа талап қойылды. Мем­ле­кеттік саланың бір тармағы болып келген қызмет түрлері қа­жеттіліктерді қанағаттандыра алмаса, бизнестің еншісіне көшеді.

«Жеке секторда хоум-кең­се­нің тиімділігін түсінгендер енді бұрынғы өміріне оралмайды. Себебі кеңсені жалдаудың, коммуналдық төлем төлеудің қажеті жоқ. Қазір қашықтан жұ­мыс істейтін мекемелер хоум кеңседегі қызметкерлеріне интер­нет трафик үшін өтемақы төлеуді қолға ала бастады. Панде­мия әлемді бір тарының қауы­зына сыйдырып жіберді. Веби­нардың тиімділігін бизнес те, мемлекеттік қызмет те сезінді. Алғашқы аптада мемлекеттің цифрлы жүйесі сыр бергені рас. Бұған да­й­ын­дығымыздың деңгейі себеп болды. Дегенмен эко­номиканы цифрландыру кезең-кезеңімен жүріп жатыр. Алда­ғы уақытта цифрландыруға көбі­рек көңіл бөлінуі, жұмыс жедел­де­тілуі тиіс», дейді сарапшылар.

Бұрын шетелге сапар, қымбат қонақүй, фуршеттер арқылы шешіліп келген мәселелер үйде, компьютердің көмегімен шешілу­де. Цифрлы технологиялар дамы­ған елдерде бұл қалыпты жағ­дай. Айталық, Оңтүстік Корея, Жапония, ҚХР-да мемлекеттік қыз­мет­керлер шетелге іссапарға өте сирек шығады. Шыға қалса, шақыртушы елдердің қаржысымен ғана барады.

Қашықтан жұмыс істеу карантин кезіндегі уақытша құбылыс деп санайтындар көп болғанымен, үйден жұмыс істеуге сұраныс тек өседі дейді сарапшылар. Бұл қала­ларда кеңсені жалға алу бағасының төмендеуіне алып келеді.

2018 жылдың басында IWG жүргізген зерттеу білікті мамандардың 70%-ы қашықтан жұмыс істейтінін көрсетті. 2019 жылы Ресейде Head Hunter зерт­теуінде кеңсе қызмет­керлерінің 85%-ы келешекте қашық­тан жұмыс істегісі келе­тінін айтқан. Ал АҚШ-та үйден тұрақты жұ­мыс істейтін қызметкерлердің саны соңғы 10 жыл ішінде 115%-ға өскен. Бұл сол елдегі жұ­мыс істейтін адамдардың 2,8%-ы екен.

Бұрын тек кинодан немесе кітаптан танып білген құбылыстар бізге де жетті. Ойын-сауық желіден оффлайнға ауысқанын, әлемдік жұл­дыздардың концерттері интер­нет-алаңдарда өтетінін көріп жүр­міз. Instaqram желісі арқылы кімнің қалай өмір сүретінін біліп алдық. Интернет-арналар танымал бола бастады.

Сарапшылар сатушысы жоқ, авто­маттан­ды­рыл­ған дүкендер, қойма­дан тауар мен өнім жеткізетін робот­­тар, хирургтың «үйден» бас­қара­­тын құрылғымен операция жасау, мұхиттың арғы бетіндегі инвес­торлардың еліміздің батыс өңір­леріндегі мұнай бұрғылау барысын үйіндегі жұмыс кабинетінде кофесін ішіп отырып басқаруы Голливуд фильмдеріндегі қиял емес, ертеңгі шындық екенін айтып келген болатын. Бірақ соның бәрі күні кешеге дейін бізге қатысы жоқтай көрінгені рас.

Хоум-кеңсе тәжірибесі бізде бұрын да бол­ғанымен, ресми статис­тикада оның нақты саны туралы деректер мәліметтер базасына ен­беген. Сол себепті оның тиімді тұстары мен кем­шіліктері кең ауқымда сараланбай, тек өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деген тір­кес­пен шектелген. Ұлттық экономика ми­нистр­лігінің «Қазақстан Республикасындағы лайықты ең­бекті өлшеудің статистикалық көр­сеткіштері» бюллетенінің мә­лі­меттеріне сүйенсек, 2019 жы­лы республикада жұмыспен қам­­тылған адамдардың саны 8,7 млн адам болды. Оның ішінде 2,1 млн (24%-ы) өзін өзі жұ­мыс­пен қам­тығандар екен. Өзін өзі жұ­мыс­пен қамты­ғандардың санатына фри­лансерлердің енге­ніне 2-3 жыл болды. Қазір кеңседегі уақыт­тың тығыздығы мен жалақының аз­ды­ғына көн­бей, борт­­тан шығып, ер­кін жүзуге көшкен­дер мен жұмыс кеңсесін хоум-кеңсеге ауыс­тыр­ған­дар­дың ара-жігі бірігіп кетті.

HeadHunter Kazakhstan ком­пания­сының жұмыс іздеу және рекрутинг қызметі маркетинг және PR бөлімі өткен аптада ұйым­дас­тырған веби­нарда былтыр жұмыс орындары­ның тек 1,1%-ы қашықтан жұмыс істеу­ге мүмкіндік бергенін айт­ты. Ал 2020 жыл­дың алғашқы үш айында бұл көр­сеткіштер сәй­кесінше 3,2%-ға өскен.

Қазақстандағы ең ірі электронды еңбек бир­жалары дайындаған мәліметтерде үйден жұмыс істеуге мүмкіндік беретін мамандықтар біз­дің елде де аз емес екені айтылады. Мысалы, интер­неттегі сату менеджерлері, SMM мамандар, мар­ке­то­логтар, копирайтерлер, дизайнерлер, бағ­дар­ламашылар, аудармашылар, интернет-мұға­лімдердің басым көпшілігі үйде отырып жұмыс істеуге басымдық береді. Тәжірибелі, ақпараттық технологияны меңгерген білікті мамандардың басым көпшілігі онлайн жұмыс істегенді жөн көреді. Компаниядар да қашықтан жұмыс істейтін есеп-қисап мамандарына, аудиторлар мен бағдар­ламашыларға басымдық бере бастаған. «Бұл тиімді тәсіл. Себебі айлық жалақы төлеудің керегі жоқ. Тек істеген жұмы­сына ғана ақы төленеді», дейді HeadHunter Kazakhstan компаниясының өкілдері.

«Dasco Consulting Group» компаниясы стра­те­гиялық депар­таменті­нің директоры Тахир Асля­лиевтің па­йымынша, карантинде және әлеу­меттік оқшаулану жағдайын­да шал­ғайдағы қызмет­керлердің үлесі өс­кені­мен, шектеулі шар­алар алынып тасталғаннан кейін олардың қатары азаймасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал оптимистік болжамдарға сенсек, оқшау­лану жағдайында қашықтан жұмыс істеу тәжі­ри­бесі жұмыспен қамтудың икемді формасы деген атпен тәжірибеге енеді, олардың үлесі 8-9%-ға жетеді.

HeadHunter Kazakhstan сарапшылары каран­тиннен кейінгі кезеңде ресми жұмыс орын­дарының еңбек шарттарында түбегейлі өзге­рістер енеді деп үміттенетінін айтып отыр. Өзгеріске бейімделе алатын, жаңа технологияларды білетін мамандарға деген сұраныс артуы әбден мүмкін. Қазіргі жағдай көптеген мүмкіндікті әртараптандырды. Тек жеке сектор емес, мемлекеттік қызметшілердің 70%-ы қа­шық­тан жұмыс істеуге көшті.

Халық та, мекемелер де карантинде өткен бір айда қашықтан жұмыс істеуге ауысудың артық­шылықтарын сезінді. Бұл жүйе жұмыс берушіге де, жұмыскерге де тиімді. Екі тарап уақыт пен қаржы үнемдейді.

«Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Еңбекті жоспарлау департаментінің директоры Дмитрий Шумеков Қазақстанда қашықтан жұ­мысқа ауысатын қызметкерлер бұрын да бол­ғанын айтты. Адамдар­дың әлеуметтік жағ­дайы дұрысталса, цифр­­лы техникалардың мүм­кіндіктері барлық сегментте қолданылса, бұл өте тиімді болар еді. «Бірақ Қазақстанда оның әзірге мүмкін емес екенін көріп отырмыз. Ауыл­да қарапайым ноутбугы жоқ отбасылар көп. Мұғалімімен онлайн сабақты талқылау үшін балалар ұялы телефондарын ұстап үйдің шатырына шығып кететінін көріп жүрміз. Біздегі білім жүйесі қашықтан жұмыс істеу жүйесіне көшуге дайын емес екені көрінді», дейді Д.Шумеков.

Алайда спикердің айтуынша, бұрын жиналыстарсыз, іссапарсыз көз алдыңа елестете алмайтын мемлекеттік қызмет қашықтан жұмыс істеуге бейімделіп жатыр. «Карантин цифрландыруды тездетуі мүмкін. Карантин мерзімі ұзарса, мемлекеттік қызметтердің барлығы онлайн жүйеге көшсе, бізге ХҚКО мекемесінің қажеті болмай қалады. Карантин қалалық, облыстық, аудандық деңгейдегі әкімдіктердің штаты шектен тыс «үрленіп» кеткенін, олардың күні бойы кеңседе істейтін жұмыстарын қашықтан істеуге болатынын көрсетті», дейді ол.

Қазақстан халық санына шақ­қанда мемле­кет­­тік қызмет­керлер көп елдердің бірі санала­ды. КСРО құрамында болған елдерде бұл көр­­сет­кіш Еуроодақ елдерімен салыс­тырғанда 9 есе көп екен. Д.Шу­мековтің пайымдауынша, цифр­лы технологиялардың мүмкіндіктері басы ар­тық қызмет түрлерін де шектейтіні ақи­қат. «Жа­қын арада министрлік­тер ғана емес, ква­зисек­тордағы қызмет түрінің 50%-ы электронды форматта көрсетіле бастайды. Кеңседе отыратын мемлекеттік қызметкерлер санын көбейте беруге қажеттілік болмайды», дейді ол.

 

АЛМАТЫ