Осыдан дәл 47 жыл бұрын, яғни 1973 жылдың маусым айында Ресейдің Красноярск қаласында еркін күрестен КСРО чемпионаты өтті. Бұрынғы «бауырлас» 15 республиканың барлық ығай мен сығайлары осы жерде жиналды. Айтулы жарыстың қорытындысы бойынша Қазақстанның бес балуаны жеңіс тұғырына көтерілді. Атап айтсақ, Сайлау Мұқашев пен Петр Суриков қола медальды иеленсе, Александр Иванов пен Александр Мыцик күміске қол созды. Ал жалғыз алтын Аманжол Бұғыбаевқа бұйырды. Осылайша, КСРО чемпионы деген мәртебелі атақты иеленген қазақтың еркін күрес шеберлерінің саны үшке жетті. Бұғыбаевқа дейін бұл белесті Аманкелді Ғабсаттаров пен Әбілсейіт Айханов бағындырған еді.
Алтын асықтай Аманжол ағамыз 1944 жылы Алматы облысы Сарқан ауданының Алмалы аулында дүниеге келді. Балалық шағы Басқан өзенінің жағалауында өтті. Қазақтың тағы бір даңқты түйе балуаны Әбілсейіт Айханов та дәл сол Алмалының тумасы. Екеуінің арасы алты жас. Ауылдас ағасына еліктеген Аманжол балуандық өнердің қыр-сырына қанығу үшін орта мектепті аяқтаған бетте әсем қала – Алматыға аттануға бел буды. Алайда ұлының бұл шешімін шешесі құптамады. Әрине ол кісіні де түсінуге болады. Олай деуге негіз, атақты балуанның анасы Жәкен15 құрсақ көтергенімен, көбі шетінеп кетті. Арасында үшеуі ғана аман қалды. Аманжол жарық дүниеге келгенде анасы оның шекесіне қара күйе жағып, бүкіл ауылды аралайтын. Сәби сүйіп отырған әйелдердің үйіне кіріп, соларға өз баласын алма-кезек емізген екен. Қазақтың ырымы ғой. Бәлкім, Аманжолдың арада жылдар өте күллі Қазақстанның беткеұстар балуанына айналуына сол аяулы аналардың ақ сүті де әсер еткен болар.
Анасы сан мәрте ұлын райынан қайтаруға тырысқанымен, Аманжол айтқанынан қайтпады. Спорттың соқпағына түсіп, әйгілі балуан атануды армандаған бозбала ақыры үй-ішін көндірді. Киім-кешегін жиып, Алматыға аттануға ыңғайланып жатқанда әкесі Күнболат: «Балам, ауылдан үн-түнсіз кеткенің болмайды. Тағы бір-екі күн кідіре тұр. Қой сойып, дастарқан жайғанымыз жөн. Үлкендердің батасын алсаң, жолың ашылады!», деді. Келесі күні мал сойылып, көрші-қолаң жиналды. Сөйтіп, ауыл ақсақалдарының ақ батасын алған Аманжол Алматыға тартты.
– Алматыға сәл кешуілдеп жетіппін. Келсем, жоғары оқу орындарындағы емтихандар аяқталып кетіпті. Амалдың жоқтығынан Ұзынағаштағы ауыл-шаруашылығы техникумына түстім. Сабақтан қолым босаған күні Әбілсейіт ағаны іздеп, қалаға келдім. Аман-саулықты сұрасқаннан кейін ол кісі «Ал бауырым, кіммен күрескің келеді? Таңдау өзіңде!» деп маған сынай қарады. Ауылдан кеше ғана келген сарыауыз бала кімнің кім екенін қайдан білсін, әйтеуір сол топтың ішінен абайсызда Аманкелдіні таңдаппын. Атағы алысқа тараған Ғабсаттаров мені әрі де, бері де лақтырып, әбден сілікпемді шығарды. Соған намыстанған мен ауыл шаруашылығы техникумынан құжаттарымды кері алып, арнайы күрес үйірмесі бар оқу орнын іздедім. Содан Алматыдағы электриктерді даярлайтын кәсіби техникалық училищеге түстім. Ол жерде алғашында Кеңес одағының батыры Сергей Шахворостовтың қол астында классикалық күреспен шұғылдандым. Содан кейін еркін күреске ауыстым. Бірақ мықтылар жаттығатын залға мені көпке дейін кіргізбеді. Өйткені ол жерде республикамыздың бас балуандары ғана даярланатын. Кешкісін мен стадионға арнайы келіп, біраз уақыт күрес залының терезесінен сығалаймын. Әдіс-тәсілді жетік меңгерген, күрестің қыр-сырына әбден қанық жігіттерге қызыға қарайтынмын, – деп Аманжол үлкен спортқа алғаш қадам жасаған кездерін еске алды.
Көп ұзамай Алматыда республикалық «Қайрат» спорт қоғамының біріншілігі өтті. Сол жарыста буыны қатпаған Бұғыбаев та бақ сынауға бел буды. Санаулы ғана әдісті меңгерген жас балуан бастапқы бәсекелерінің бірінде қандай әдіс қолдану керектігін білмей, қарсыласымды көтеріп алып, Қазақстан құрамасының аға бапкері Қабден Байдосовқа қарай жүгірді. Ол кісі: «Ойбай, оны шетке әкеле жатқаның не? Төрешілер саған ұпай бермейді. Бар да кілемнің ортасына апарып, жерге қос жауырынымен таста», – деп айқай салды. Бүкіл зал күлкіге қарық болды. Әйтеуір не керек, сол жарыста өз салмақ дәрежесіндегі тоғыз адамның ішінде Аманжол төртінші орынға табан тіреді. Сол кезде еліміздің танымал балуандарының бірі жас жігіттің қасына келіп «Екі-үш ай ғана даярланып, республикалық жарыста төртінші орынды еншіледің. Бұл – жақсы нәтиже. Аяқ алысың жаман емес. Ал егер бір жыл бойы дұрыстап жаттықсаң, бізді де шыдатпайтын түрің бар ғой», деп арқасынан қаққан екен.
Айтқандай-ақ, арада бір жыл өткеннен соң Аманжол Бұғыбаев майталман мамандардың назарына ілікті. «Еңбек резерві» қоғамының республикалық біріншілігінің финалдық сайысында ол танымал балуан Сейітжан Әбдікәрімовті сан соқтырып, бас жүлдені олжалады. Осы жеңістен кейін Сарқанның сырмінез сайыпқыранына сақа спортшылардың өздері қауіптене қарайтын болды.
Уақыт оза Бұғыбаев еліміздің беткеұстар балуанына айналды. Республика көлемінде өткен жарыстарда қарсылас шақ келтірмеген ол бірте-бірте бүкілодақтық додаларда даралана бастады. 1966 жылы Алматыда жалауы желбіреген КСРО чемпионатында қандасымыз қола медальды мойнына ілді. Оның алдын тек келешекте Олимпия ойындарының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін жеңімпазы атанған Загалав Абдулбеков пен Одақтық жарыстарда сан мәрте жүлде алған Шәміл Туғанов қана орады.
1970 жылы Аманжол КСРО кубогын олжалады. 1972 жылы Одақ чемпионатында екінші орынды иеленді. Минскіде өткен сол жарыста қазақ балуаны керемет өнер көрсетті. Олимпиада және әлемнің екі дүркін чемпионы Загалав Абдулбеков, КСРО чемпиондары Батал Гаджиев пен Шота Папашвили және тағы басқаларынан басым түскен ол финалда Виктор Маркеловпен жолықты. Әлем кубогы мен Еуропа чемпионатының жүлдегерін алғашында Бұғыбаев 8:0 есебімен ұтып жатты. Алайда үзілістен соң жағдай күрт өзгерді. Бұғыбаевтың босаңсыған сәтін қалт жібермеген қарсыласы бірден 11 ұпайды өз еншісіне жазды. Тек содан кейін ғана ес жиған Аманжол соңғы минутта барын салды. Бір мезетте Маркеловті жамбасқа салып, жерге алып тұрды. Бірақ әдіс кілемнің шетінде жасалды деген желеумен төреші ұпай бермеді. Сөйтіп, Беларусь елі сапарынан Бұғыбаев күміс медальмен оралды.
1973 жылы Красноярскіде өткен жарыста Аманжолдың асығы алшысынан түсті. Қарсы келгендердің барлығын қапы қалдырған қандасымыз алтын тұғырға жақындай түсті. Бас жүлде үшін тартыс Батал Гаджиев, Александр Мицык және Аманжол Бұғыбаевтың арасында өтті. Бұл тартыста қазақ жігітінің мерейі үстем болды. Сөйтіп, Бұғыбаев жеңіл салмақта КСРО чемпионы атанды.
Түрлі байрақты бәсекелерде Аманжол ағамыз өзінің мықтылығын сан мәрте дәлелдесе де, КСРО бапкерлері тарапынан көп қиянат көрді. Олар қазақтың ұлын үнемі шеттетіп келді. Бір қынжылатынымыз, жеті жыл бойы Одақ құрамасының мүшесі бола тұра Бұғыбаев не Олимпия ойындары, не әлем немесе құрлық чемпионаттарына бармады. Ол аз десеңіз, шет мемлекеттерде үздіксіз өтіп тұратын сансыз турнирлердің біреуіне де қандасымыз қатысқан жоқ.
Жалпы, КСРО бапкерлерінен теперіш көрген жалғыз Аманжол Бұғыбаев емес. Еркін күресті серік етіп, талай қандасымыз әділетсіздіктің азабын молынан тартты. Қабден Байдосов, Ахметжан Қазымбетов, Әбілсейіт Айханов, Аманкелді Ғабсаттаров, Сейітжан Әбдікәрімов, Рамазан Нұрманов, Сайлау Мұқашев, Мәлік Нәдірбеков, Асқарбек Иманқұлов... Осылай ұзақ тізбектей беруге болады. Олардың барлығы да шын мәнінде мықты балуандар еді. Барлығы да алымды, арынды, қарымды еді. Бірақ іштарлық танытқан мәскеулік мамандар осы жігіттердің жолын бөгеді.
– Жолым тым ауыр болды. Шетелде өтетін байрақты бәсекелерде бірде бір рет бақ сынау бақыты маған бұйырмады. Арада талай жылдар өтсе де, іштегі шер әлі де тарқаған жоқ. Бірде мен сол кездері Қазақстан құрама командасының тізгінін ұстаған Петр Матущакқа өз ренішімді білдірдім. «Сол кездері мені неге қолдамадыңыз? Өзгелерден қай жерім кем еді?», деп батырып тұрып айттым. Қария қатты ыңғайсызданып қалды. Ол кісі «Аман, ол кезде саясат солай еді ғой. Біздің де қолымыз қысқа. Көп мәселені шеше алмадық. Оны мойындаймын. Бірақ өткенді қозғап қайтесің. Бәрібір ол кездер қайтып оралмайды ғой», деп құтылды. Бәлкім, қызбалыққа салынған менікі де дұрыс емес шығар. Бірақ «Олимпиаданы ұтсам, әлем чемпионы атансам» деген арманым іште өлді. Боз кілемдегі несібемді толықтай ала алмай кетттім. Соған күйінемін», деп кейіпкеріміз терең күрсінді.
1996 және 2004 жылдар аралығында Аманжол аға ұлттық құраманың бас бапкері болды. Атланта Олимпиадасында өзі жаттықтырған Мәулен Мамыров қола медальды мойнына ілді. Сиднейде Ислам Байрамуков және Афиныда Геннадий Лалиев күміс медальды иеленді. Одан бөлек, жерлестеріміздің әлем және құрлық чемпионаттары, Азия ойындарында және тағы басқа аса ірі халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтерілді. Балуан ретінде Аманжол Бұғыбаев бірде-бір рет шетелге шықпағанымен, есесіне шәкіттері төрткүл дүниенің әр қиырында өткен дүбірлі додаларда Қазақ елінің көк байрағын биікте желбіретті. Бұл да бір бақыт!