• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Сәуір, 2020

Оралдық алаяқ 1 млн 440 мың теңгені алдап алды

237 рет
көрсетілді

Орал қаласында өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырған алаяқ 62 жастағы зейнеткер әйелді алдап соғып, 1 млн 440 мың теңгеге отырғызып кеткен.

Оқиға былай болған: зейнеткер әйелге белгісіз ер адам хабарласып, өзін Каспий банкінің қауіпсіздік қызметінен екендігін, әлдебіреулер мұның атынан несие толтырғалы жатқанын айтып, сақтандырған. Әрі-бері әңгімеден кейін оның сеніміне кіріп, өзі несие алып бере алатынын айтады. Осылайша әйел әуелі өзіне, кейін қызына да несие толтырады.

Мұнымен қоймай «қауіпсіздік қызметкері» әлгі әйелдің депозиті бар-жоғын сұрап, ондағы бар ақшаны сенімді шотқа аударуға кеңес береді. Әйел барлық айтқанын мүлтіксіз орындайды.

Ақыр соңында әйел алаяққа жалпы сомасы 1 млн 440 мың теңге көлемінде ақша аударып жіберген.

«Орал қалалық Полиция басқармасы осы оқиға бойынша қылмысты ашу үшін Қылмыстық Кодекстің 190-бабы 2-бөліміне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады» деп хабарлайды полицияның баспасөз қызметі.

Осыған ұқсас оқиға биылғы наурыз айының 30-ы күні болған екен. Ол кезде Орал қаласының 31 жастағы тұрғыны онлайн несие алып беремін деген алаяққа сеніп, «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы 56 700 теңге ақшасын аударып жіберген.

Карантин кезінде көп іс-әрекет онлайн арқылы жүріп жатыр. Осы кезде алаяқтардың арбауына түсіп қалмау үшін полиция банк картасындағы жеке деректерді, парольдар мен SMS-кодтарды бөгде адамға көрсетуге болмайтынын ескертеді.

 

Батыс Қазақстан